Қой еті мен орамжапырақ қосылған сірне: ең оңай рецепт
Жарияланған күні:

Қазақ асханасы негізінен етті тағамдарымен танымал. Солардың бірі шырынды әрі хош иісті – сірне тағамы. Бұл ұлттық тағамды дайындау үшін төмендегі рецептіні пайдаланыңыз.
Ерте заманнан бері, сірне қазақ асханасында ерекше орынға ие. Бұрынғы кезде шабандар қой қарнына ет пен іш май салып дайындаған. Қарынды толтырып, жерге қазып, үстінен от жағып, түні бойы пісірген. Ал қазір бұл ұлттық тағамның ерекшелігі, қой етінің өз шырынында бірнеше сағат пісіріліп, дәмі тіл үйіретіндей дәмді етіп дайындалуында. Дәстүр бойынша сірнені қазанда, үлкен көлемде пісіреді.
Сипаттамасы
Асхана: Қазақ
Санаты: Басты тағам
Дайындау уақыты: 5 минут
Дайындалу уақыты: 1 сағат
Бір порцияға калориясы: 300 ккал
Құрамы
Сарымсақ – 2 дана
Тәтті бұрыш – 400 гр
Cәбіз – 850 гр
Пияз – 1100 гр
Картоп – 2 кг
Орамжапырақ – 1 дана
Ақжелкен – дәміне қарай
Тұз – 150 гр
Қой еті – 3500 гр
Құйрық май – 250 гр
Лавр жапырағы – 5 дана
Бұрыш – 15 гр
Дайындалуы
1. Ақжелкен мен пиязды турау
Пиязды тазалап алыңыз. Ақжелкен немесе кинза шөбін жуып, кептіріп алыңыз. Пиязды жарты дөңгелек етіп турап, ұсақталған ақжелкенмен араластырыңыз.

2. Көкөністерді дайындау
Көкөністерді әуелі жуып алыңыз. Қырық қабаттың жапырақтарын бөлек-бөлек дайындаңыз. Картоп пен сәбізді тазалаңыз. Сәбізді орташа дөңгелек етіп тураймыз. Тәтті бұрыштың ортасын тазалап, ірі етіп тураңыз. Екі дана сарымсақты тазалап, тісшелерін бөлек дайындаймыз.

3. Қой етін дайындау
Қой етін жуып, үлкен бөліктерге бөлеміз. Етке 3,5 ас қасық тұз қосып, жақсылап араластырыңыз. Оған іш майын немесе құйрық майын қосып жіберіңіз.

4. Қазанға етті салу
Қазан түбіне әуелі құйрық май немесе іш майын салыңыз. Үстінен тұздалған етті саламыз. Оған қара бұрыш пен лавр жапырағын қосамыз.

5. Көкөністерді салу
Еттің үстіне туралған пиязбен ақжелкенді саламыз. 0,5 ас қасық тұз салуға ұмытпаңыз. Кейін кезегімен картоп,сәбіз, тәтті бұрыш және сарымсақты саламыз. Үстінен тағы 1.5 ас қасық тұз қосыңыз. Көкөністердің бетін орамжапырақтың жапырақтарымен толығымен жабу керек. Қолыңызбен барлығын басып, қазанның қақпағын жауып қоямыз.
6. Сірнені дайындау
Қазанды отқа қойып, жақсылап қыздырып алыңыз. Еті қуырыла бастаған уақытта отты баяулатып, әлсіз отта 3-4 сағат бұқтырып пісіру керек. Егер етіңіз жас малдыкі болса 3 сағат, ал егер кәрі мал болса 4 сағат пісіру керек.

7. Сірнені безендіру
Қой еті піскен кезде, бірден дастарханға ұсыныңыз. Табаққа ең алдымен қырық қабат жапырақтарын, шетіне көкөністерді, ал ортасына етті салып беріңіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/food/recipes/2038546-qoi-eti-men-oramzapyraq-qosylgan-sirne-en-onai-recept/