Жаздың дәмі: Гүлжанат Нұрышевадан шие қосылған бәліштің рецебі
Жарияланған күні:

Жаз мезгілі көптеген жеміс-жидектің балбырап пісіп, адам ағзасының дәрумен жинайтын кезеңі. Осыған орай, назарларыңызға шие қосылған бәліштің рецебін ұсынамыз.
Шие қосылған бәліш - жақындарыңызға жаздың дәмін сездіріп қана қоймай, олардың ең сүйікті десертіне айналуы мүмкін. Тәтті бәліштің рецебімен белгілі фудблогер Гүлжанат Нұрышева таныстырады.
Сипаттама
Асхана: Еуропа
Санаты: десерт
Дайындалу уақыты: 10 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Жұмыртқа - 1 дана
30% қаймақ - 2 ас қасық
Қант - 100 г
Ұн - 320 г
Шие - 400 г
Жүгері крахмалы - 1.5 ас қасық
Қопсытқыш - 1 шай қасық
82,5% сары май
Дайындалуы
1. Бәліштің қамырын дайындаймыз

Сары майды бірнеше бөлікке бөліп, миксерге саламыз. Оған бір жұмыртқа, майлы қаймақ пен 2 ас қасық қант қосамыз. Миксерді қосып, барлығын жақсылап араластырамыз.
2. Сұйық массаға ұн мен қопсытқышты қосамыз

Алдымен ұн мен қопсытқышты араластырып аламыз. Сосын оны сұйық массаға електен өткізіп, қосамыз. Миксерді қосып, барлық құрамды жақсылап араластырамыз. Осылайша бәліштің қамыры дайын болып шығады. Қамырды пленкамен орап, тоңазытқышқа қоямыз.
3. Бәліштің салмасын дайындаймыз

Шиені суда жақсылап жуып, сүйектерінен тазартамыз. Жидектерді ыдысқа салып, үстінен қант қосамыз. Үстінен жүгері крахмалын қосып, сосын барлығын жақсылап араластырамыз. Негізінен шиенің орнына кез келген жидекті қосуға болады. Мысалы, қарақат, таңқурай, құлпынай және т.б. Шиені орташа отқа қойып, араластырамыз. Жидектердің шырыны шығып, салма сұйық күйге айналуы тиіс. Дайын болған салманы бөлме температурасына дейін суытамыз.
4. Қамырды пішінге салып, салмасын құямыз

Суыған қамырды тоңазытқыштан алып, орташа қалыңдықта жаямыз. Сосын оны бәліш пісіретін пішінге жайып шығамыз. Дайын болған қамырға салмасын құямыз.
5. Бәліштің бетін әсемдейміз

Бәлішке арналған қамырдың қалған бөлігін аздап илеп, орташа қалыңдықта жаямыз. Сосын оны ұзынша етіп тіліп, бәліштің бетіне жабыстырамыз. Егер мұндай әдіс көп уақытта алады десеңіз, қамырды тоңазытқышқа қойып, сәл суытып, үккіштен өткізсеңіз де болады.
6. Бәлішті пісіреміз

Пешті алдын ала 180 градусқа қыздырып аламыз. Қызып тұрған пешке бәлішті қойып, 35-40 минут пісіреміз. Осылайша, жаздың дәмі сезілетін шие бәліші дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/food/recipes/2133756-zhazdyng-dami-gulzhanat-nuryshevadan-shie-qosylgan-balishting-retsebi/