Оңай әрі тез: құйрық майды қалай жасайды
Опубликовано:
Қазақ халқы ежелден қойдың құйрық майын жөтел, тұмау, баланы сылау сияқты емдік мақсатта пайдаланған. Үй жағдайында қойдың құйрық майын қалай дайындауға болады? Бүгінгі мақаладан білетін боласыздар.
- Мақалада құйрық майды дайындау әдісі туралы айтылады.
- Қазақ халқының дәстүрлі тағамы болып табылатын құйрық майдың пайдасы мен қолданылуы сипатталады.
- Құйрық майды дайындау процесі, оны сақтау мен пайдалану жолдары түсіндіріледі.
Құйрық майдың пайдасы
Қойдың құйрық майы қазақ халқымен қатар, көптеген түркі тілдес елдер мен Азия елдерінде кеңінен танымал. Еті бар тағамдарға басымдық берілген бұл халықтарда қойдың құйрық майын тамақпен қатар, емдік мақсатта да пайдаланған. Қойдың құйрық майының қандай пайдасы бар? Сарапшылардың зерттеулерін зерттеп көрдік.
Құйрық май туралы құнды деректерді жазушы, тарих зерттеушісі Жәди Шәкенұлы жиі жазады. Автор балалық шағының басым бөлігі Алтай өңірінде өткенін, онда құйрық майдан дәрі дайындап бергенін былай деп еске алады:
"Балалық және жігіттік шағым Қытайға қарасты Алтай тауының теріскей бетінде өтті. Қой баққан малшыларды, түйенің бұйдасын жетелеген көшті көрдім. Далада киіз үй тігіп, көктеу, күзеу, жайлаудың не екенін біліп өстік. Соның арқасында құйрық майдың қалай пайдаланылатынын білемін. Мысалы, 1983 жылы мен 16 жаста болдым. Осы уақытта әкем мен шешем қазақ емшілеріне баратын. Сонда оларға құйрық май қосып дәрі жасап беретін", - дейді зерттеуші.
Тарихшы тіпті, аталған дәрінің қалай жасалатынын да әңгімелеп берген.
"Дәрінің жасалу жолы мынадый: сынаптың жарты бидайға тең келетін тамшысын екі үлкен қасық құйрық майға араластырып, әбден ерітеді. Мұны қазақтар "өлтіру" дейді. Мұны теміреткі, ешкіқотыр, күйдіргі, күбірткі және тағы басқа тері ауруларын емдеуге қолданған", - деп еске алды зерттеуші.
Құйрық май суық тию, тұмау, жөтел ауруларына да пайдалы. Оның пайдасы жайлы көптеген ғалымдар мен зерттеушілер де бірқатар еңбектер жазған.
Бұл туралы зерттеуші Жәди Шәкенұлы былай дейді:
"Құйрық маймен жұқпалы туберкулез ауруын да емдеуге болады. Ашытылған қымыздың ішіне құйрық май мен сәл ғана күшәла салып, араластырады. Май қымызға сіңеді де, сап-сары, қою болады. Оны туберкулез, тыныс жолы ауруларын емдеу үшін ішеді. Қазақ емшілігі дәстүрінде осындай тәжірибе бар", - дейді зерттеуші.
Құйрық майдың құрамында қандай пайдалы заттар бар
Құйрық майды халқымыз әдетте бала денсаулығына пайдалы ем ретінде пайдаланып жатады. Мәселен, дүниеге келген сәбиді буыны қатайып, бойына қан жүгірсін деген мақсатпен маймен сылап жатады. Қой майының сәби денсаулығына қандай пайдасы болуы мүмкін?
Тәжірибелі педиатр маман Майра Айтуарқызы Sputnik Қазақстан басылымына берген сұхбатында баланы құйрық маймен тек бір жастан асқаннан кейін сылауға кеңес береді.
"Бір жастан асқан балаларға дене қызуы жоқ кезде сыласа болады. Қыс мезгілінде бет пен қол жарылмас үшін қолдануға жақсы болар . Ем ретінде пайдалануға болады екен деп кез келген уақытта, баланың ерекшелігін ескермей іске кіріспеген жөн. Өйткені оның иісіне кей балада лоқсу болуы мүмкін. Кейбірінде аллергия пайда болады", – дейді маман.
Сол сияқты нутрициолог Лаура Сейітбек құйрық майдың қазіргі таңда қан құрамындағы холестеринді жоғарылатыны жиі айтылып, оның пайдасына қатысты мәліметтер жоққа шығарылып жатқанын айтады.
"Ал шындығында, құйрық майдың пайдасы көп. Оның құрамында ағзаға пайдалы май қышқылдары (лавр, стеарин, олеин, палмит және т.б) бар", - дейді маман.
Нутрициолог бұл қышқылдар денсаулыққа төмендегідей пайдасы бар екенін жеткізеді.
- Олеин қышқылы - жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алады. Ол жоғары температураға төзімді әрі адам денсаулығына зиянды май қышқылдарына ыдырамайды.
- Стеарин қышқылы - ерлердің жыныстық белсенділігін арттырып, қауіпті ісіктің алдын алады. Әрі бұл қышқыл адам ағзасына улы емес.
Сонымен бірге, құйрық майының құрамында мырыш, магний, селен, фосфор, натрий сияқты бала ағзасына ауадай қажет минералдарға бай.
Құйрық майды үй жағдайында қалай жасайды
Құйрық майдың жасалу жолы әр түрлі. Мысалы, белгілі блогер Нұрзина Серікбаева құйрық майды тамаққа қосып жеу үшін пайдаланылатын, қақталған түрін ұсынады. Ол үшін алдымен құйрық майды қалауыңызша екіге бөліп, екі түрлі ыдысқа саласыз. Ыдыстардың біріне түйіршік қара бұрыш, лавр жапырағынан салсақ, екіншісіне пияздың қабығын қосамыз. Су құйып, ішіне майды салып, 25-30 минут бойы қайнатып, пісіріп аламыз.
Сосын суынан сарғытып, майға қажет маринадты дайындаймыз. Ол үшін тұз, қара бұрыш, қалауыңызша кориандр және сарымсақты қосып, майды осы қоспаға аунатып, ыдыстарға салып, тоңазытқышқа 4-5 сағатқа қоямыз. Сонда майға тұз сіңіп, таңғы асқа нанмен қосып жеуге пайдалансаңыз болады.
Сол сияқты тұмауратқанда, суық тигенде пайдалануға болатын шыжғырылған құйрық майды да даярлауға болады. Ол үшін, құйрық майды ұсақтап турап, шыжғыруға дайындап аламыз.
Сосын баяу оттағы қазанға салып, ақырындап, майды шыжғырып бастаймыз. Май күйіп кетпеуі үшін, оны жиі араластырып тұруға кеңес беріледі. Май біртіндеп шыжғырылып, кішірейген кезде, оны сүзгімен сүзіп аламыз. Майдың шыжығын нанға ыстық күйінде жағып, дәмін татса, өте дәмді болып шығады.
Шыжғырылған майды суытып, қатқан соң, жеке ыдыстарға салып, тоңазытқышта сақтаймыз. Шыжғырылған майды бірнеше жыл бойы сақтап, қажет кезде ерітіп ішіп, немесе суық тигенде өкпе, тамаққа жақса болады.
Көргеніміздей, қойдың құйрық майын үй жағдайында оңай әрі тез дайындауға болады. Ол үшін, жоғарыдағы кеңестерге құрақ түруді ұмытпаңыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/food/recipes/2182335-ongai-ari-tez-quiryq-maidy-qalai/