"Ұлымның қазіргі күйі жаныма батады": атыраулық дәрігер үш жасар ұлын құтқару үшін халықтан көмек сұрады
Жарияланған күні:
Атыраулық дәрігерлердің отбасында дүниеге келген Әлинұр Жұмажан қатерлі дертке шалдықты. Дамуында еш мін жоқ балақай алдымен аяғын дұрыс баса алмай, ақсаңдап қалған. Ата-анасы дереу тексерістен өткізген соң Әлинұрдың ақ қан ауруына ұшырағаны белгілі болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Үш жастан енді асқан балақай бүгінде анасымен бірге Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында ем алып жатыр. Кореялық дәрігерлер Әлинұрға "В" жасушалы өткір лимфообласты лейкоз" диагнозын қойған. Әзірге бүлдіршін ауыр дертке тойтарыс беріп келеді.
"Шапқылап жүрген ұлымыз аяқ астынан еңбектеп қалады деп ойлаған жоқпыз. Әлинұр алдымен аяғын ақсаңдап, дұрыс баса алмай қалды. Алғашында атыраулық дәрігерлерге көрсеттік. Олар қатерлі дерт барын айтып, Астанаға жолдады. Ол жақта да ұлымның диагнозы расталып, жақындарымызбен ақылдаса келе, Кореяға апарамыз деп шештік.
Өйткені аталған мемлекет осындай өте ауыр дерттерді жақсы емдейді. Бірақ Сеулдегі ем біз үшін қиынға соғып тұр. Кореялық профессорлар ұлымызды емдеуге 3 жыл 6 ай кететінін айтып отыр. Әзірге 150-170 мың доллар көлемінде қаражат керек. Біз алғашқы анализге қажетті ақшаны жинап, Кореяға жол тарттық", - дейді Әлинұрдың әкесі Сабыр Демегенов.
Қазір Әлинұр анасымен бірге ауруханада жатыр. Қасында бір жарым ай болған әкесі елге оралып, ұлының еміне ақша жинау үшін жұмысын жалғастыруда.
"Анализ нәтижелері қайта-қайта түсіп кетеді. Ұлымның беті ісіп, тәбеті жоғалып, адам танымастай өзгеріп кетті. Аяғын баса алмай, өздігінен тұрып, отыра алмайды. Жүре де алмай қалды. Қазір тек еңбектейді. Мұның бәрін көру біз үшін өте ауыр. Бірақ ұлымызды құтқару үшін мойымай, аурумен күресіп жатырмыз. Осы орайда, барша мейірімді жандардан көмек сұраймын. Басымызға түскен ауыр сынақ кезінде қол ұшын берсеңіздер екен", - дейді бүлдіршіннің әкесі.
Үш жасар Әлинұр Жұмажанға көмектесем деушілер үшін реквизиттер:
Kaspi Bank картасының нөмірі: 44 00 43 02 21 89 16 48
Kaspi Gold тіркелген нөмір: +7 702 839 39 60, Інжібаева Нұрсұлу Оңдасынқызы.
Halyk Bank картасының нөмірі: 44 05 63 98 09 33 62 15
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2002763-ulymnyn-qazirgi-kuii-zanyma-batady-atyraulyq-dariger-us-zasar-ulyn-qutqaru-usin-xalyqtan-komek-surady/