"Еш ойланбастан келістім": қазақ жігіті ауыр дертке шалдыққан жан досының қызына өз бауырын бөліп берді
Жарияланған күні:

Астаналық Бекарыстан Нұрланұлы көп адамның жүрегі дауаламайтын ерлік жасады. Ол бауыр циррозына ұшыраған досының төрт айлық қызына өз бауырын бөліп берген, деп хабарлайды "Сұрауы бар..." жобасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Осыдан бірнеше ай бұрын Бекарыстанның жан досы Уәлиханның отбасында қиын жағдай орын алды. Уәлиханның төрт айлық қызы Әсияға дәрігерлер бауыр циррозы диагнозын қойып, оған шұғыл бауыр ауыстыру қажет болады. Сол кезде Бекарыстанның қан талдауы сәйкес келіп, ол ойланбастан келіседі.
"Мен мұны заңдылық деп ойлаймын. Сондай бір нәрсе жасадым демеймін. Егер басқа жолдас балаларымыздың бауыры сәйкес келсе, олар да осындай қадамға барар еді. Қандай адам болсаң да, көмек беру керек. Өзім істеймін дедім, істедім. Адам бауырының 25 пайызы қайтадан өседі. Адамда тек бауыр ғана қайта өсе алады. Оның да бір ньюанстары бар. Денсаулықты күту керек дегендей. Менен көп бауыр алған жоқ, бала небары төрт айлық қой. 25 пайыз ғана алды. Бұл үш айдың ішінде қалыпқа келетін нәрсе. Бір жылға дейін көп нәрсеге шектеу қойды. Енді ағзаға ота жасалған соң, күтіну керек. Мен оған мүлде өкінбеймін. Бастысы - балаға сәйкес келді. Бауырдың арасында қан жүрді. Әрі қарай бәрі де бір Алланың қолында", - дейді Бекарыстан.
Анасының айтуынша, ол ұлына қарсылық көрсетпеген. Келіншегі де қолдау білдірген.
"Балама жауап бере алмадым. Бір айтқаным: "Шешінген судан тайынбас". Ар жағын өзің шеш", - дедім. Алладан сұрап алған бір түйір қызым мен бір ұлым бар. Солардың қуанышын көргім келеді. Негізі, атасының баласы. Менің балам деп айтқаным ұяттау боп тұр. Уәлиханмен дебатта жүріп танысты. Дебатқа баратын кезде, атасының батасын алады. Содан кейін бірінші орын алады. Қазір баламның бауырын берген соң, Уәлиханның қызы Әсия да менің немерем", - дейді Бекарыстанның анасы Райхан.
Бекарыстанның әкесі Нұрланның айтуынша, олар бала күнінен қайырымдылыққа жақын болып өскен.
"Әулетімізбен бірге алғаннан гөрі, бергенді жақсы көріп тұрамыз. Сегіз бала болып өстік үйде. Біреудің үйінен алып кел десе, аяқ баспайтынбыз. Ал біреуге апарып бер десе, бәріміз таласатынбыз", - дейді ол.
Бекарыстан жансақтау бөліміне кіргенге дейін қорқыныш болғанын жасырған жоқ.
"Этикалық кеңесте жеті кісі әртүрлі сұрақтар қойып, менің қаржылық дербестігімді, шоттарымды, бәрін тексерді. Арандататын сұрақтар қойды. Уәлихан екеуміздің қаншалықты жақсы таныс екенімізге қатты мән берді. Екеуміз 2009 жылдан бері таныспыз, содан бергі ара-қатынасымызды зерттеді. Сәбидің анасының қан тобы сәйкес келмеді, ал әкесінің денсаулығы жарамады. Ал мен барлық тұрғыдан сай келдім.
Шынымды айтайын, жансақтау бөліміне кіргенге дейін қорықтым. Бірақ бір адамның өмірі маған байлаулы болып тұрды ғой. Сол қорқынышпен кіріп, қорқынышпен оянсам, бәрі өтіп кеткен екен. Одан кейінгі қорқыныш - балаға сай келе ме деген ой еді. Сай келді, шүкір. Енді әрі қарай балапан аяққа тұрып кетсе деген тілек бар. Оның амандығын тілейсің. Мен үшін бұл жолдың басы, ал барлық сынақ ата-анасы үшін енді басталды. Өйткені жат ағзадан келген орган болғандықтан, бала өмір бойы күтімде, дәрігер қарауында болады. Бірақ соның өзі, баланың аман қалатыны бізге үлкен өмір сыйлап отыр", - дейді Бекарыстан Нұрланұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2018176-es-oilanbastan-kelistim-qazaq-zigiti-auyr-dertke-saldyqqan-zan-dosynyn-qyzyna-oz-bauyryn-bolip-berdi/