Кентауда астан уланғандар саны 100-ге жетті: дәмхана қызметкерлерінен стафилококк анықталды
Жарияланған күні:
Кентауда тұтынушылары астан уланған дәмхананың қызметкерлерінен сальмонеллез бен стафилококк қоздырғышы анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, фаст-фуд дәмханасындағы екі қызметкерден – сальмонеллез, алты қызметкерден стафилококк ауруының қоздырғыштары анықталған. Сонымен қатар үй ошағынан алынған 3 чикен өнімінен сальмонеллез табылған.
СЭБ департаменттің хабарлауынша, бүгінгі таңда астан уланған науқас саны 100 адамға жетті.
Облыстық денсаулық сақтау департаменті ауруханаға түскен науқастардың барлығы жазылып, үйлеріне жіберілгенін жеткізді.
Еске салсақ, өткен аптада Кентау қаласында фаст-фуд орталығында тамақтанған ондаған адам уланып қалған еді. Олардың арасында 14 жасқа толмаған 40 жасөспірім, 3 жүкті әйел бар. Аталған жағдай бойынша Кентау қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұл Кентаудағы тамақтан жаппай уланудың бірінші жағдайы емес – былтыр күзде жергілікті дәмханадан тамаққа тапсырыс берген 168 адам қалалық ауруханаларға жатқызылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2027490-kentauda-astan-ulangandar-sany-100-ge-zetti-damxana-qyzmetkerlerinen-stafilokokk-anyqtaldy/