Министрлік Қарағандыдағы арнаулы орталықта уланған балаларға қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қарағанды облысында белгісіз заттан уланған балалардың жағдайы жақсарып келеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қарағандыға жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен балаларға арнайы барған.
"Ажар Ғиният облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығына барып, зардап шеккен балаларға - арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне медициналық көмек көрсету барысымен танысты.
Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан түскен 14 баланың 5-і бүгінде ем алуда. Балаларда оң динамика бар, естері анық, ерте оңалту жүргізілуде.
Министр бөлімшелерге барған кезде жас пациенттердің денсаулық жағдайының оң динамикасын атап өтті. Балаларды емдеу тәсілі республикалық мамандармен үнемі бақыланады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың жағдайына және оларға медициналық көмек көрсетуге тұрақты мониторинг жүргізеді", - делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, ауруханаға жатқызылған. Жаппай улану салдарынан бір баланың көз жұмғаны белгілі болғаны туралы жазған едік.
Кейін Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова министрлер кабинетінің кулуарында Қарағандыда балалардың жаппай улануын тексеру барысында олардың тамақтан уланбағаны белгілі болғанын айтты.
Сонымен қатар улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жағдайды Бас прокуратура бақылауға алды.
Одан соң Қарағандыда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануынан кейін мекеме басшысының міндетін атқарушы мен 12 медицина қызметкері жұмыстан шығарылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2034743-ministrlik-qaragandydagy-arnauly-ortalyqta-ulangan-balalarga-qatysty-malimdeme-zasady/