Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыда балалардың жаппай улануынан кейін орталықтың 12 қызметкері жұмыстан қуылды

Опубликовано:

Қағаз толтырып жатқан дәрігер
Медицина қызметкері. Көрнекі фото: pexels.com

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануынан кейін мекеме басшысының міндетін атқарушы мен 12 медицина қызметкері жұмыстан шығарылғанын айтты. Бұл туралы Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Қарағанды қаласында қайғылы жағдай орын алды. Соның салдарынан бір бала қайтыс болды. Осы баланың ата-анасына шын жүрегімнен қайғырып, көңіл айтамын.

Бірнеше бала ауруханада жатыр. Дәрігерлердің тарапынан оларға барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы жағдайдың себептері тексерілуде. Ол туралы кейінірек толық ақпарат береміз. Бұған жол берген адамдардың барлығы қатаң түрде жазаланатын болады.", - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыс әкімінің сөзінше, қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен еліміздің жетекші клиникаларынан жіберілген мамандар Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жетті.

"Біз үшін қазір басты мақсат - балалардың өмірін сақтап қалу. Әлеуметтік желіде біз ақпаратты кеш бердік деген ақпарат тарап жатыр. Айтпағым, 30 шілдеде 2 бала, 31 шілдеде тағы 10 бала келіп түскен болатын. Мен бірден қылмыстық іс қозғалу үшін полицияға барлық ақпаратты жіберген едім. Кінәлі және жауапты тұлғалардың барлығы заң алдында тиісті жазасын алады", - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ ол қайтыс болған баланың толық отбасынан шыққанын айтты. Әкімнің сөзінше, баланың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетіледі. Бала 13 жаста еді. Өлімнің себебі - жедел жүрек және тыныс алу жетіспеушілігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, ауруханаға жатқызылған. Жаппай улану салдарынан бір баланың көз жұмғаны белгілі болғаны туралы жазған едік.

Кейін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова министрлер кабинетінің кулуарында Қарағандыда балалардың жаппай улануын тексеру барысында олардың тамақтан уланбағаны белгілі болғанын айтты.

Сонымен қатар улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жағдайды Бас прокуратура бақылауға алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030874-qaragandyda-balalardyn-zappai-ulanuynan-keiin-ortalyqtyn-12-qyzmetkeri-zumystan-quyldy/

pixel