Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

8 мыңға жуық адамға қызмет көрсетілді: "Саламатты Қазақстан" пойызының БҚО-ға сапары аяқталды

Опубликовано:

Дәрігер қабылдауындағы науқас
Фото: БҚО әкімдігі

"Саламатты Қазақстан" пойызы Жайық өңірінде 22 қыркүйектен бастап тұрғындарға медициналық, медиациялық және құқықтық көмек берді. Алдымен Тасқала ауданында болып, аудан орталығы мен Достық ауылының тұрғындарын қабылдады. Төрт күн ішінде 2 мыңға жуық адам мамандардың кеңесіне жүгінген.

Ал одан соң денсаулық пойызы Бәйтерек ауданына аялдап, Переметное, Деркөл, Белес ауылдарынан келген жұртшылыққа қызмет көрсетті. Мұнда ағылған ауылдастар қатары Тасқаладағыдан екі есе көп болды. Өйткені білікті мамандардың шеберлігі аз күн ішінде ел аузында тез тарап үлгерген.

"Бұл халық үшін үлкен мүмкіндік. Шалғай ауылдардан келген халқымызға өте тиімді. Осыны пайдаланып, өз денсаулықтарын түзеп, үлкен жастан кіші балаларымызға дейін барлығына қаралып қалуға мүмкіндік туды. Денсаулық пойызын ұйымдастырған мамандарға алғыс білдіреміз", - дейді Переметное ауылының тұрғыны Аягүл Козинова.

Дәрігер қабылдауындағы науқас
Фото: БҚО әкімдігі

Кейін "Саламатты Қазақстан" пойызы Теректі ауданындағы Жайық, Алғабас станциялары мен Шыңғырлау ауданының Амангелді станциясында болып, жұмысын жалғастырды. Мамандар қатарында жалпы тәжірибелік дәрігер, тіс дәрігері, офтальмолог, хирург, отоларинголог, уролог, гинеколог, УДЗ дәрігері, зертханашы, эхокардиолог, флюорография маманы мен невропатолог, сондай-ақ заңгер мен кәсіби медиатор бар. Әлеуметтік-медициналық жобаға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болып отыр.

«Саламатты Қазақстан» пойызы
Фото: БҚО әкімдігі

"Кейбір науқастар медициналық сақтандыруы жоқ екенін айтып жатыр. Біз ондайға қарамаймыз. Сақтандырылмаған болса да, МӘМС төлемеген адамдар болса да, халық бізге келсе, біз ол адамдарды қабылдаймыз. Ешкімге "жоқ" деп, кері қайтармаймыз. Мен 2019 жылдан бері осы денсаулық пойызы жобасында қызмет атқарып келемін. Тәжірибеме сүйенсем, тұрғындар кардиолог және эхокардиография мамандарын сұрап жатады. Сондықтан ол мамандарды да қатарымызға қостық", - дейді "Саламатты Қазақстан" пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

БҚО бойынша 2 апта ішінде 8 мыңға жуық адамға қызмет көрсетілді. Денсаулық пойызы сәуір айынан бері әр облысты аралап, 100-ге жуық бекетке аялдаған.

«Саламатты Қазақстан» пойызы
Фото: БҚО әкімдігі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2040163-8-mynga-zuyq-adamga-qyzmet-korsetildi-salamatty-qazaqstan-poiyzynyn-bqo-ga-sapary-ayaqtaldy/

pixel