Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Айжан Есмағамбетова: А гепатиті мен қызылша ауруының көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр

Опубликовано:

бетперде тағайын деп жатқан қыз
Бетперде тағайын деп жатқан қыз. Көрнекі фото: pexels.com

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды, деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.

Қазіргі елдегі жағдайды Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова баяндады.

Оның мәлімдеуінше, бүгінде А гепатиті мен қызылша ауруының көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр. Тиісті вакцина салдырмай ауру жұқтырғандар қатары көп. Мәселен, қызылша елдің барлық аймағында тіркелген. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда анықталған.

"Осы ретте жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызылшаға қарсы қосымша жаппай екпе салу науқанына дайындық шараларын қолға алған жөн", - деді Айжан Есмағамбетова.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұған дерттің қауіптілігі туралы халықтың ақпараттандырылмауы себеп болуы мүмкін екенін айтты.

"Азаматтардың екпеден бас тартуы, жүргізілген насихат жұмыстарының нашар екенін аңғартады. Адам өзіне өзі жау емес. Қауіптің барын білсе, өзін қорғау шараларын қолданады. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек", - деп тапсырды Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ жиында елдегі денсаулық сақтау мекемелерінде болған тексеру жұмыстарының нәтижелері туралы да айтылды. Бірқатар нысанда ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға қатысты жекелеген талаптардың сақталмағаны анықталған. Кейбірінде зарарсыздандыру режимі сақталмаған, кейбірінде қарапайым жеке қорғаныш заттарының жетіспеушілігі анықталған.

"Денсаулық сақтау мекемелері уақтылы қаржыландырылып келеді. Олай болса, мысалы жеке қорғаныш құралдары жетіспеушілігі неден туындады? Біздің мақсат жазалау емес, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Дегенмен шара қолдануға өздеріңіз итермелейсіздер", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсаулық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру мәселесін қарастыру керек екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2044115-aizan-esmagambetova-a-gepatiti-men-qyzylsa-auruynyn-kobeyui-alandausylyq-tugyzyp-otyr/

pixel