Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз

Опубликовано:

Вакцинация
Фото: unsplash.com

Орал қаласында 6-10 ай аралығындағы балаларға қызылша, қызамық, мысқыл ауруларына қарсы вакцина салынып жатыр. Өйткені эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Биыл 136 адам қызылшаға шалдыққан. Оның көбі – балалар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жыл басталғалы облыс орталығында қызылша жұқтырды деген болжаммен 239 адам сынама тапсырған. Зертханалық талдау нәтижесінде 136 адамнан ауру расталды. Науқастардың 69,1 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 43 бала қызылшаға қарсы екпе алмаған болса, оның 21-іне ата-аналар қасақана салдыртпаған. Ал 15 бала медициналық анықтамасына сәйкес вакциналанбаған екен. Бүгінгі таңда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарды анықтап, оларға 21 күндік медициналық бақылау жүргізді. Қазір мұндай 36 адам екпе алды.

Қазақстанның мемлекеттік бас санитария дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы "Қызылшаның алдын алу туралы" Қаулысына сәйкес, қосымша жаппай иммундау маусымы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 6 қарашадан бастап 6 айдан 10 айға дейінгі 1670 сәбиге екпе салу жоспарланған. Дәл қазір 700-ге жуық бала қамтылып отыр.

"Қалалық құзырлы басқарма мамандары тұрғындарға, медициналық қызметкерлерге түсінік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оларға жан-жақты кеңес беріліп, үнпарақтар таратылуда. Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуал жөнінде БАҚ беттерінде жарияланып келеді. Бұған қоса балабақша, мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындарындағы медициналық қызметкерлерге семинарлар өткізіліп, мамандар тәжірибелерімен бөлісті", - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Дүйсеғалиева.

Аурушаңдық деңгейі көпшілік топтасқан орындарда тез ұлғаяды. Мәселен, мектепте 10, мектепке дейінгі ұйымдарда 15 қызылша дерегі тіркелген.

"Желтоқсан айында 2-4 жас аралығындағы балаларға қосымша екпе салу науқаны жүргізіледі. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Енді дәрі-дәрмек сатып алынады. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты осындай қосымша процедуралар жүргізуге тура келеді" , - дейді БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Қызылша қоздырғышы ауа-тамшы жолдары арқылы жұғады. Ауру ошақтарында инфекцияның одан әрі таралуына жол бермес үшін вакциналау жұмысы 72 сағат ішінде жүргізілуі қажет. Дәрігерлер қызылшадан сақтанудың тиімді жолы екпе алу екенін айтады. Сондықтан ата-аналарды өз балаларына уақытында екпе салдыруға шақырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2047491-oralda-qyzylsa-boiynsa-epidemiologiyalyq-axual-turaqsyz/

pixel