Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа министр ақтүтек боранда науқасқа тізеден қар кешіп жеткен ақтөбелік фельдшерлерге алғыс білдірді

Опубликовано:

Хромтау ауданының фельдшерлері
Хромтау ауданының фельдшерлері. Фото: facebook.com/Акмарал Альназарова

Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшысы Ақмарал Әлназарова ақтүтек боранда науқасқа жанкештілікпен жеткен Ақтөбе облысы Хромтау ауданының жедел жәрдем қызметкерлеріне алғысын білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Министрдің фельдшерлер Бауыржан Құдияров, Қайрат Тілеу пен Сая Рысбайға жолдаған алғысы Facebook-тегі жеке парақшасында жарияланды.

"Кез келген ауа райында, аяз бен боранда, жол жоқ жерде жедел жәрдем бригадалары төтенше жағдайларға қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу қажет миллиондаған шақыртуға қызмет көрсетеді.

Осындай батырлардың қатарында – Хромтау ауданының жедел жәрдем фельдшерлері Құдияров Бауыржан Сұлтанханұлы, Тілеу Қайрат Берікұлы, Рысбай Сая Ыбырайқызы бар. Олар қар құрсауына қарамастан жүрек ұстамасымен ауыратын науқасқа жетіп, өздерінің асыл кәсібіне адалдықтары мен күш-жігерлерін танытты.

Дәрігерлердің айтуынша, сол жерде кардиограмма жасалып, ұсынымдар берілді, сәтін салғанда пациент емдеуге жатқызуды қажет етпеді.

Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап өтеді.

Әртүрлі қиындықтарды жеңе отырып, науқастардың өмірін сақтап қалатын барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз", - делінген жазбада.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері Сая Рысбай тілшімізге ақтүтек боранда медициналық көмекке мұқтаж жанның шақыртуына қалай жеткенін айтып берген еді.

Оқиға 8 ақпан күні Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болған. Сая Рысбек әріптестерімен бірге белден келетін қар мен ақ боранда шақыртуға бара жатқан сәтін видеоға түсіріп алған. Әріптес фельдшерлер жарты жолда көлігін тастап, белуардан келетін қар кешіп, діттеген жерге бір сағатта әрең барған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2060081-zana-ministr-aqtutek-boranda-nauqasqa-tizeden-qar-kesip-zetken-aqtobelik-feldserlerge-algys-aitty/

pixel