Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жауап керек": 50 мыңнан астам тұрғыны бар Алатау қаласындағы жалғыз емхана қашан жаңарады

Жарияланған күні:

Аурухана
Көрнекі фото: pixabay.com

"Жауап керек" жобасы аясында Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласының (бұрынғы Жетіген ауылы – ред.ескертпесі) тұрғыны елді мекендегі емхананың ескі екенін айтып, редакцияға хабарласты. KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасынан бұл жағдайдың анық-қанығын білді.

KAZ.NUR.KZ редакциясының "Жауап керек" жобасы аясында Алматы облысы Алатау қаласы Жетіген ауылының тұрғынынан сұрақ келді. Оның сөзінше, 52 мыңнан астам тұрғыны ауылдағы жалғыз емхана ескі әрі тар.

"Бізге дұрыстау емхана керек. Қазіргінің ішіне кірсеңіз, екі адам қатар жүре алмайды. Өте тар, бір бөлмеде үш-төрт дәрігер отырады. Кезекке тұру қиын. Осы мәселелер қашан шешіледі?" - дейді оқырман.

KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасынан анық-қанығын сұрап білді.

"Алматы облысы Іле ауданы Алатау қаласында (Жетіген ауылы) 52 762 халық тұрады. Алатау қаласы үшін медициналық көмекті алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы көрсетеді. 2025 жылы 250 келушіге арналған емхана құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Осы құжат бекітілгеннен кейін емхананың құрылысына бюджеттен ақша бөлуге өтінім берілетін болады", - деп жауап берді басқарма өкілдері.

Айта кетейік, KAZ.NUR.KZ редакциясы "Жауап керек" жобасын бастады. Жоба бойынша редакция тілшілері халықтың түйткілін билікке жеткізуді мақсат етеді. Нақты мәселелер бойынша ел көкейіндегі мәселелердің жауабын шенеуніктерден алып, жариялау – негізгі мақсат.

Бұған дейін жоба аясында оқырмандарды толғандырған білім, денсаулық салаларындағы сұрақтарға құзырлы органдардан жауап алынды.

Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында мұғалімдерден ақша жинап, мектепті жөндетіп жатқанына қатысты басқармадан істің анық-қанығын сұрап білді.

Сондай-ақ Алматы облысы Алатау қаласы Қоянқұс ауылындағы №47 мектепте баласы оқитын ата-ана "Жауап керек" жобасы аясында газға қосылмағанын, токпен жылытатынын, балалар қыс бойы тоңып шығатынын айтып, сауал жолдап, жауап алынды.

Қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын әрбір отандасымызды жобаға қатысып, ел мәселесін шешуге атсалысуға шақырамыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2167956-zhauap-kerek-50-myngnan-astam-turgyny-bar-alatau-qalasyndagy-zhalgyz-emhana-qashan-zhangarady/