Зектілері

Шымкентте семіздікке шалдыққан адамдарға тың әдіспен ота жасалды (видео)

Жарияланған күні:

Дәрігерлер
Дәрігерлерлердің ота жасау сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Түркістан облысының клиникалық ауруханасында дәрігерлер лапараскопия әдісімен 5 адамның асқазанына ота жасаған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Асқазанына ота жасатқандардың бірі – салмағы 150 килограмм болатын 34 жастағы әйел. Оған дәрігерлер лапараскопия әдісімен операция жасады. Хирургтар науқастың асқазанын кішірейтіп, ішекке жалғап берді.

"Біздің халқымыз Түркия және басқа да мемлекеттерге барып, осы отаны жасап келіп жүр. Ол жақта бір күн жасап, үш күннен кейін шығарады. Кейін бізге келіп реабилитациядан өтеді. Кейбірі асқынумен келіп жатыр. Асқынудан кейін 20-30 күн ауруханада жатады. Тағы да операциялар жасалады. Сол себепті облыстық клиникалық ауруханада әкімдіктің қолдауымен осы оталарды жүргізуді бастадық", - деді аурухана бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Мәуленов.

Облыстық клиникалық аурухана дәрігерлері 5 отаның бәрі сәтті өткенін айтты. Күрделі операция Литва мемлекеті мен Астанада келген медицина профессорларының жетекшілігімен жасалды.

"Біз марафон аясында Қазақстанды аралап Алматы және Астана қалаларында осындай күрделі оталарды жасадық. Осы арқылы бүкіл әлемдегі артық салмақ мәселесімен күрескіміз келеді. Бүгінгі шеберлік сыныбы арқылы біз Түркістан облысының клиникалық ауруханасымен іскерлік байланысты нығайтамыз деп ойлаймыз. Операцияға жергілікті дәрігерлер қатысып, біліктілігін арттырды. Соның арқасында енді мұндағы әріптестеріміз өз бетімен операция жасауға дайындалады деп ойлаймын", - деді литвалық профессор Алмантас Малецкас.

Айта кетейік, мұндай ота қант диабетіне шалдыққан науқастарға дәрілік емдеу көмектеспеген жағдайда жасалады. Себебі бұл дертке шалдыққандардың басым бөлігі артық салмақтан зардап шегіп, қосалқы аурулары асқынып жатады дейді мамандар. Ал өзге елден келген дәрігерлер лапараскопиялық операцияларды алдағы уақытта Ташкентке барып жасап, тәжірибе алмаспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2172580-shymkentte-semizdikke-shaldyqqan-adamdarga-tyng-adispen-ota-zhasaldy-video/