Дәрігерлерге 8 млн теңгеге дейін беріледі: БҚО-да медицина саласына тағы 100-ден астам маман тартылды
Жарияланған күні:

Биыл БҚО-дағы медициналық мекемелерге 131 маман келді. Оның тең жартысы ауылдық жерлерге жолданған. Дәрігерлер үшін мемлекеттік қолдау шаралары арта түсті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жыл басында облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, аймаққа келген ақ халаттыларға арнайы бірреттік төлемдер бекітілді. Қаладағы денсаулық сақтау ұйымына келген мамандарға 1,5 млн теңге беріледі. Ал аудандарға жолданған дәрігерлер 2,5-8 млн теңге аралығында ала алады. Төлемнің нақты мөлшері ауылдың облыс орталығынан қашықтығына байланысты. Яғни, ең көп төлем шекара іргесінде жатқан Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына тиесілі. Мұндай шаралар арқылы өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен жою көзделіп отыр.
"Биыл 60 маман бірреттік төлеммен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 37-сі ауылдық жерлерде қызмет етіп жатқан дәрігерлер. Тағы 22 маманға қызметтік тұрғын үй берілді. Кадрларды даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен білім гранттары да қарастырылған. Биыл "Жалпы медицина" мамандығы бойынша 45 грант бөлінді", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алынған "Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасы аймақта белсенді жүзеге асырылып отыр. Атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша Жайық өңірі көшбасшылар қатарында. Жылдың басында 38 ғимараттың құрылысы басталған. Ал Қазталов пен Бөрлі аудандарында аурухана салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
"Сонымен қатар биыл 13 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар Жаңақала, Бөкей Ордасы аудандары мен Орал қаласында орналасқан. Қазір тиісті жұмыстар аяқтала келді. Медицниналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытқа 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалып отыр. Соның аясында 221 жабдық пен 23 автокөлік сатып алынды. Жыл соңына дейін олардың қатары тағы артады", - делінген хабарламада.
Облыста денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 96,5 млрд теңге бағытталған. Бұл былтырғымен салыстырғанда көбейгені байқалады. Сондай-ақ, ҚПО б.в. компаниясы есебінен қосымша қаражат бөлінді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2177787-darigerlerge-8-mln-tenggege-deiin-beriledi-bqo-da-meditsina-salasyna-tagy-100-den-astam-maman-tartyldy/