Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Егіздің сыңарын аман алып қалып, атын қойған: пациентіне өз қанын құйған созақтық хирург туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Бүркіт Арынбеков
Бүркіт Арынбеков. Видеодан кадр: youtube.com/@turkistantvlive

Медицина саласына 58 жыл ғұмырын арнап, Созақ ауданының әйгілі хирургы атанған Бүркіт Арынбеков бақытын мамандығымнан тапқанын айтады. Талай адамның өмірін аман алып қалуға себепші болған білікті хирург дәрігерлік тәжірбиесінде кездескен оқиғаларды "Түркістан" басылымын берген сұқбатында әңгімелеп берді.

Бүркіт Арынбеков – Түркістан облысы Созақ ауданы Құмкент ауылының тумасы. 1947 жылдың көктемінде, ата-анасы колхоздың сиырын бағып отырған жырада, киіз үйде жарық дүние есігін ашқан. Сегіз перзенттің кенжесі.

1967 жылы колледжді тәмамдап, еліне келіп, еңбекке араласады. Дәрігерлік даңғыл жолы Құмкент ауылдық ауруханасында фельдшерліктен басталған. 20 жасында басталған үздіксіз еңбек жолы 58 жылға созылған. Сол кездегі ауыл-аудандардағы кадр тапшылығынан фельдшерліктен бөлек, медицинаның бірнеше саласын меңгеруге тура келіпті. Алматы мемлекеттік медицина институтының Емдеу факультетіне түсіп, хирургия саласы бойынша интернатура оқиды. Реаниматолог-анестезиолог мамандығын алады.

Мектепте де, институтта да жақсы оқыған, орта көрген Бүркіт Арынбеков қаладан қанша ұсыныс түссе де, ауылын тастап кете алмаған. Сыртқа шықса ауылына деген сағыныш жеңе берген. "Ауылдағы адамдарды да біреу емдеуі керек қой" дейді өзі. Содан бері ауыр операцияларда күн-түн демей, әріптестері мен жастарға көмек беріп келеді. Іш құрылысы, акушер-гинекологиялық, педиатриялық, травматологиялық күрделі операциялардың түр-түрін жасаған.

"1992-жылдың сәуірі болуы керек, аудан орталығынан 130 шақырым жердегі Қаратау ауылының бір азаматы аңға бара жатып, абайсызда мылтығы атылып, оғы кеудесіне тиіп, өкпенің жартысын жыртып, талқандап, сол жақ жауырынын қопарып, киім-кешегінің быт-шытын шығарып, тесіп өткен. Қоңырау түскен соң, наркоз беретін аппарат, оттегі балоны сияқты керек-жарағымды салып, жәрдемшілерімді алып, заулап, жетіп бардық. Барсақ есі кіресілі-шығасылы, жағдайы ауыр.

Айдаладағы ауылдық бөлімшелік ауруханада операция жасайтын үстел қайдан болсын, әйелдер босанатын кереуетке жатқызып, наркоз беріп, тынысын қолдан дем алдыру қондырғысына қосып, ота жасауға кірістік. Өкпесін аштық. Өкпенің жартысын оқ жұлып әкеткен, қан ұйып қалған. Өкпесін жамадық. Күрделі отаны аяқтаған соң, қасына бір дәрігерді қалдырып, ауданға қайттық. Екі-үш күннен кейін арнайы көлікпен аудандық ауруханаға алдырттық. Сол азамат бір ай жатып, емделген соң, аяққа тұрып, отбасына оралды. Бүгіндері шапқылап жүр", -  дейді ол.

Дәрігер сұқбатта Жартытөбе ауылынан келіп босанған келіншектен тоқтамай қан кеткенде, өз қанын құйып аман алып қалғанын да әңгімелеп берді. Пациенттің өмірі үшін жан алысып, жан берісіп жатқанда, аман алып қалған сәбилердің есімін өзі қойған кездері де болыпты.

"Біраз жыл бұрын мектепте бірге оқыған досымның әйелі құрсақ көтеріп, толғақ үстінде қан кетіп, есінен танып қалады. Әйелдер дәрігерінің айтуынша, қан кетіп, есінен танғанда іштегі нәресте жарық дүние есігін ашар жерде кептеліп қалып, шетінеп кеткен. Анасын аман алып қалу үшін шұғыл операция жасау керек болды. Наркоз қондырғысына қосып, кептеліп қалған шарананың жансыз денесін алып, қасымдағы балалар дәрігеріне ұстаттым. Әрі қарай құрсақ ішін тазалайын деп қол салсам, тағы бір нәрестенің аяғы қолыма ілінбесі бар ма?! Сөйтсем, досымның әйелінің көтергені егіз екен. Дереу оны да аяғынан алып, сыртқа шығарып, кіндігін кесіп, қасымда тұрған балалар дәрігеріне  ұстаттым. Оны да шетінеп кеткенге санап, әрі қарай отамды жасай бердім. Кенет қасымда тұрған анестезиолог-реаниматолог дәрігер Талғат нәрестенің кірпігі дірілдейтінін айтты", - деді ол сұқбатта.

Екеуі сәбиді аман алып қалады. Бұл нәресте досының баласы болғандықтан, осыншама қиындықпен өмірге келген екен, ендігі өмірі ұзақ болсын деп, тура сол операция жасайтын бөлмеде атын Өмірзақ қояды.

"Сол Өмірзақ аман-есен өсіп, мектепті жақсы оқып бітіріп, көкелерімдей дәрігер боламын деп, бүгіндері медициналық институтта оқып жүр", - дейді өзі.

Дәрігер қазір де тың. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Зейнетке шықса да, жоғары санатты дәрігер ретінде тәжірибесі керек болғандықтан әлі де жұмыс істеп, білмегенін үйретіп, жастардың тәлімгері болып жүр. Әлі күнге дейін ота жасайды. Күрделі операцияларда жастарға көмектесіп, жауапкершілік алады.

Өмірлік серігі Гүлбахира апамызбен де Алматыда бірге оқып жүріп, табысыпты. Жұптары жазылмай, өмір бойы бір ауруханада еңбек еткен. Екі ұл, жеті немере, бір шөбере сүйген қариялар. Бір немересі ата жолын қуып, күні бүгін медицина мамандығында білім алып жатыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2191961-egizding-syngaryn-aman-alyp-qalyp-atyn-qoigan-patsientine-oz-qanyn-quigan-sozaqtyq-hirurg-turaly-ne-bilemiz/