Top.Mail.Ru

Зектілері

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы арзандауы мүмкін: үстеме баға мөлшерлемесі өзгереді

Жарияланған күні:

Ақша және дәрі-дәрмектер
Фото: NUR.KZ / Куренбаева Рашида

Денсаулық сақтау министрлігі таяу уақытта халықаралық тәжірибені және көрші елдер тәжірибесін ескере отырып, бағалар мен үстеме бағаларды реттеудің жаңа қағидаларын бекітеді. Үстеме бағалар өзгеруі мүмкін, бұл соңғы тұтынушы үшін бағаның арзандауына ықпал етуге тиіс. NUR.KZ тілшісі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығынан (ДЗСҰО) толық мәліметтерді анықтады.

Бұл қазір қалай жұмыс істейді?

Қазақстандағы бағаларды реттеу 2014 жылдан бастап енгізілді. 2020 жылы қазіргі қолданыстағы ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде дәрілік заттарға, сондай-ақ медициналық бұйымдарға шекті бағалар мен үстеме бағаларды реттеу, қалыптастыру қағидалары бекітілді (ҚР ДСМ 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-247/2020 бұйрығы). Олар жыл сайын өзектендіріледі.

Қазақстандағы нарыққа дәрі-дәрмектерді әкелу кезінде фармацевтикалық компания ДЗСҰО-да оның бағасын тіркеуге ұсынады және өндіруші зауыт бағасын, өз шығындарын көрсетеді. Бұл деректерге үстеме бағаның белгілі бір пайызы қосылады.

Үстеме баға үш түрде болады: көтерме (дистрибьюторлар үшін) – 21% дейін, бөлшек (дәріханалар үшін) – 55% дейін, сонымен қатар, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде мемлекет сатып алатын препараттар үшін – 20%-ға дейін. Бұл – ең жоғары рұқсатты үстеме баға, оның мөлшері препарат құнына байланысты: оның бағасы қанша төмен болса, үстеме бағаның сонша пайызы рұқсат етіледі. Мұндай тәсілдің мақсаты – қарапайым арзан дәрі-дәрмектерді нарықта сақтап тұру.

Баға қалай қалыптасады?

Қолданыстағы нормалар бойынша:

Өтінім беруші ДЗСҰО-на бағаны тіркеу өтінішін тапсырады. Бұл Ұлттық орталықтың IT-мамандары әзірлеген "Референтті баға белгілеу" порталы арқылы жасалады. Осылайша, өтінімдерді қарастыру кезінде адам факторының ықпалы жоққа шығарылады және үдерістердің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Сонымен, өтінім беруші осы орайда өндірушінің бағасын (Қазақстан үшін зауыт бағасы) келісім-шартпен, инвойс бағасымен және жүкке арналған кедендік декларациямен растау құжатын ұсынады. Ол бұл бағаның, референтті елдерге қарағанда, төмен екенін дәлелдеуге тиіс. Ағымдағы бұйрықта макроэкономикалық тұрғыда Қазақстанға ұқсас осындай 16 ел аталады.

Одан әрі қарай өндіруші бағасына шығындар қосылады. Шетелдік өндірушілер үшін – бұл кедендік, көліктік, сапаны бағалау шығындары және маркетингтік шығыстар (көтерме-бөлшек саудада өткізуге арналған өндіруші бағасының 30%-ы). Тіркелген баға осылай қалыптасады.

Осыған регрессиялық шкала бойынша көтерме үстеме баға қосылады (құнына қарай). Нәтижесінде көтерме саудада өткізуге арналған шекті бағаның жобасы қалыптасады (жоба, өйткені шекті бағаны бекіту Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында).

Ал бұл бағаға бөлшек үстеме баға қосылғанда (регрессиялық шкала бойынша) көтерме саудада өткізуге арналған шекті бағаның жобасы қалыптасады.

ТМККК шеңберіндегі және МӘМС жүйесіндегі препараттар үшін маркетинг шығындары алып тасталады. Зауыт құнына шығыстар қосылады (маркетингтік шығындардан басқа), әрі тіркелген баға алынады. Ал артынан регрессиялық шкала бойынша 20%-дан аспайтын үстеме баға қосылады.

Ақша және дәрі-дәрмектер
Фото: NUR.KZ / Куренбаева Рашида

Жаңа үлгі бойынша:

Өтінім беруші зауыт бағасын ұсынады, ал оларға бірден тиісті үстеме баға қосылады. Шығыстар өз алдына бөлек қосылмайды, өйткені олар үстеме баға мөлшеріне қосылған.

Мұндай шешімге қалай келді?

Биыл Жоғары аудиторлық палата және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік өткен екі жыл ішіндегі Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметінің тиімділігіне аудит өткізді. Ұсынымдар қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаларды қалыптастырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге кірісті. Олар, басқаларының арасында, дәрі-дәрмек бағасын негізсіз асыра белгілеу деректерін анықтауға мүмкіндік бере алады.

Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын жасақтап, оның құрамына мемлекеттік органдар, фармацевтикалық қауымдастықтар, бизнес өкілдері кірді. Әрі осы мамандар командасы бірнеше ай ішінде дәрілік заттар бағасын белгілеу тетіктерін мейлінше жетілдіру және бұйрық жобасын жасау жұмысын жүргізді.

Жұмыс негізі халықаралық тәжірибені зерттеу болды. Осы орайда, референтті елдер есепке алынады – бұл макроэкономикалық жағдайын Қазақстанмен салыстыруға болатын Еуропа және Орталық Азия елдері. Тізбеге Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия, Өзбекстан енген.

Сонымен Түркияда маркетинг шығыстарына тыйым салынады, үстеме бағалардың бірыңғай регрессиялық шкаласы белгіленеді. Бөлшек үстеме бағалар ол елде – 28%, Францияда – 10% дейін, Өзбекстанда – 20%-ға дейін, Польша және Швецияда – 41%-ға дейінгі деңгейде рұқсат етілген. Қорытындысында талдау барлық шығыстардың қазірден бастап үстеме бағаға қосылуы тиіс екенін, ал қосымша қосылмайтынын көрсетті.

Қандай өзгерістер енгізу жоспарланады?

Заманауи жағдайлар мен пікірлерді есепке ала отырып, баға белгілеу әдістемесінің жыл сайын қайта қаралатынын атап өту керек. Бірақ, қазір бағаны есептеудің ағымдағы әдіснамасын жетілдіру ұсынымдарын назарға ала отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті – фармацевтикалық саланы дамытуға жағдайлар жасау, әрі осы орайда тұтынушылар мүдделерін шектемеу. Ал, осы өзгерістердің негізгі мақсаты – ТМККК және МӘМС бойынша дәрі-дәрмектерді сатып алу қаражатын үнемдеу, сондай-ақ азаматтар үшін препараттар қолжетімділігін арттыру.

Сонымен жаңа қағидалар бойынша, 25% дейінгі көтерме үстеме баға көзделген және дистрибьютордың бүкіл шығындары қамтылған, оларды ол өндіруші зауыттың бағасына қоса алмайды. Бөлшек үстеме баға 30%-ға дейін болады. ТМККК және МӘМС бойынша ол бұрынғы деңгейінде – 20%-ға дейін қалады. Алайда, жалпы алғанда, қазір бағаға шығыстар сомасы қосылмайтындықтан, мөлшерлемесінің артуына немесе бұрынғы деңгейде белгіленуіне қарамастан, соңғы бағаның төмендегенін түсіну маңызды.

Бұдан бөлек, генериктер (түпнұсқалық дәрі сияқты, дәл сондай әсер етуші затқа негізделген, бірақ саудалық атауы басқа препарат) бағасын түпнұсқалық препарат бағасынан 30% төмендету күтіледі. Ал, шетелдік өндірушілерден препараттарды әкелу кезінде Мемлекеттік кірістер комитетінің порталдарымен ықпалдастыру арқасында әкелу бағасын растау мүмкіндігі болады.

Бизнес реакциясы

Бағаға өз шығындарын қосу мүмкіндігінің алып тасталғанын ескерсек, осындай өзгерістердің бизнес қоғамдастығына ұнамау мүмкіндігі туралы қауіптің болуы толықтай орынды. Алайда, қандай да бір нормативтік құқықтық актіге өзгеріс енгізбес бұрын олар "Атамекен" ҰКП, бейіндік қауымдастықтармен талқыланады және келісіледі. Бұйрық жобасын "Ашық НҚА" порталында орналастырудан кейін Денсаулық сақтау министрлігі мүдделес тараптардан ескертулер мен ұсыныстар қабылдайды. Яғни, Әділет министрлігіне жіберілуге дейін құжат бірнеше қарау және келісу сатысынан өтеді. Осы рәсімдердің бәрі қадағаланған.

Ол өз алдына, жұмыс тобының құрамына, жоғарыда атап көрсетілгендей, фармөндірушілердің ірі қауымдастықтарының өкілдері кірді. Ал бұйрық жобасын әзірлеу фармацевтикалық компаниялардың нақты шығындарымен олар ұсынған есептер негізінде жүргізілді. Ал егер бастапқыда үстеме бағалардың төменірек мөлшерлемелері көзделсе, талқылаудан кейін олардың жоғарылауы болды. Осылайша, барлық шығынды ескере отырып, дистрибьюторлар мен дәріханалар дәрі-дәрмектерді өткізу кезінде пайда алу мүмкіндігіне ие болады. Олардың мүдделеріне шектеу қойылмайды.

ДЗСҰО-да атап көрсетілгендей, бүкіл осы жүргізілетін жұмыстың басты міндеті – дәрі-дәрмектерге баға белгілеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру, бұл бағалардың негізсіз асыра белгіленуін ұстап тұру мүмкіндігін береді. Бұйрық жобасының жыл соңына дейін бекітілуі күтіледі. Ал, жаңа қағидалар соңғы тұтынушы үшін бағаның төмендеуіне алып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2201793-qazaqstanda-dari-darmek-bagasy-arzandauy-mumkin-usteme-baga-molsherlemesi-ozgeredi/