Ақтөбеде кепілде болған әйелдің жағдайы туралы тың дерек шықты
Жарияланған күні:

Ақтөбеде түнде кепілде болып, босатылған 40 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр. Дәрігерлер пышақ жарақаты болмағанын айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.
Агенттіктің хабарлауынша, кепілде болған үш адамның екеуі түнде ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі 1950 жылғы ер адам. Ол ес-түссіз күйінде әкелінген. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін 40 минут бойы реанимация жасаған. Алайда адамды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ал 40 жастағы әйелдің жағдайы қазір орташа ауыр.
"Кеше ауруханаға екі науқасты алып келді. Бірі ес-түссіз жеткізілді. 1984 жылғы әйел адамның басынан, денесінен жарақат алған. Таңға дейін ем алды. Қазір жағдайы орташа тұрақты. Қан қысымы тұрақты. Бүгін палатаға аударамыз", - деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.
Естеріңізге сала кетсек, 13 қаңтарда түнде әлеуметтік желіде Ақтөбедегі үйлердің біріне белгісіз біреу кіріп, бойжеткенді кепілге алғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін полиция өкілдері бұл ақпаратты растап, 13 қаңтарда кешкі сағат 20:00 шамасында жедел басқару орталығына адамдарды кепілге алу фактісі бойынша хабарлама түскенін мәлімдеді. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылған.
Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталған. Кейін кепілде болған адамдардың бірі ауруханаға тасымалдау кезінде, екінші адам операция үстелінде қайтыс болғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2211351-aqtobede-kepilde-bolgan-aielding-zhagdaiy-turaly-tyng-derek-shyqty/