"Жастар үшін қауіпті": Министрлік "омикрон" штамы туралы тың дерек ұсынды
Опубликовано:

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов үкімет отырысында коронавирустың жаңа "омикрон" штамы кімдер үшін қауіпті екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шорановтың сөзінше, адамзат екі жылға жуық уақыт коронавирус пандемиясы жағдайында өмір сүріп келе жатыр.
"Бұл вирус әлемнің бір нүктесінен екіншісіне 24 сағат ішінде таралуы мүмкін. Сондықтан шараларды тез арада қабылдау маңызды. Әрине, біз "омикронның" Қазақстанда пайда болуына 100 пайыз тосқауыл қоя алмаймыз, бірақ біз осы вирустың бір мезетте көптеп таралуын барынша азайту үшін барлық шараларды қабылдауға тиіспіз", - дейді ол.
Сонымен қатар, Шоранов аталған штамм кімдерге қауіп төндіретінін және салдары қандай болатыны жайлы мәлімет бар екенін атап өтті.
"Бүгінгі таңда ол жастарға көбірек қауіп төндіріп тұрғаны туралы ақпарат бар. Әлемдегі барлық ғалым осы мәселемен айналысып жатыр деп ойлаймын. ДДСҰ барлық ресурсы мен мемлекеттерді жұмылдырды. Жақын арада, яғни бір ай ішінде бізде бұл штамның сипатына қатысты барлық ақпарат болады", - дейді вице-министр.
Марат Шорановтың айтуынша, коронавирус инфекциясын емдеу хаттамасы бір және ол штамдарға бөлінбейді.
"Енді осы штамның түрлері, асқынулары және клиникалық белгілері туралы толығырақ ақпарат алу қажет. Хаттамаға тиісті түзетулер енгіземіз. Менің ойымша, бұл жұмыспен біздің ғалымдар да айналысады. Сіздерді хабардар етіп отырамыз", - дейді ол.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/coronavirus/1944665-zastar-usin-qauipti-ministrlik-omikron-stamy-turaly-tyn-derek-usyndy/