Денсаулық

Зектілері

Баланы неше жаста сүндеттеген дұрыс: отандық дәрігер сүндетке қатысты басты сұрақтарға жауап берді

Жарияланған күні:

Баланы сүндетке отырғызу сәті
Баланы сүндетке отырғызу сәті. Фото: Oktarina/Barcroft Media via Getty Images

Ер баланы сүндетке отырғызу – әрбір ата-ана үшін сүннет. Асыл дінімізден бөлек, медицина да сүндеттеуді құп көреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы, баланы неше жаста сүндеттеген дұрыс? Сүндеттеуге баланы арнайы дайындау қажет пе? Процедурадан кейінгі күтім қандай? Осы және өзге де сұрақтарға 35 жылға жуық тәжірибесі бар білікті дәрігер, хирург, балалар травмотологы, ортопед Талғат Иманшартов жауап берді.

- Талғат Асқарұлы, баланы неше жаста сүндеттеген дұрыс? Қазақ халқында тек тақ жаста сүндеттету керек деп ырымдап жатады. Осыған не дейсіз?

- Сүндет жасаудың уақытын тура айта алмаймын. Құранда баланың жасына қатысты не айтылғанын нақты білмеймін. Қазақ халқы 3-5-7 жаста, яғни тақ жаста сүндеттету керек деп жатады. Ал хирург ретінде айтсам, баланың жасы неғұрлым кішірек болса, соғұрлым тезірек жазылады. Психологиялық тұрғыдан алсақ, онда төрт-бес жастан асқан баланың есінде қалады деп сеніммен айта аламын. Олай болса, екі жастан асқан соң үш жасқа дейінгі кезең ең ыңғайлы әрі тиімді деген ойдамын.

- Кейде медициналық көрсетілімдерге сәйкес, ертерек, яғни бала дүниеге келген соң сүндеттеткен де дұрыс деп жатады...

- Медицинада фимоз деген диагноз бар, яғни тері тәнінің басына жабысып қалатын жағдай. Бір жасқа дейін теріні айналдырып аша алмаса, онда медициналық көрсетілім бойынша бір жастан асқан соң жасаған дұрыс. Себебі ол жерде ішіне су кіріп, дұрыс жуылмайтындықтан, инфекция жиналып тұрады.

Кеш сүндет жасауға келсек, жас ұлғайған сайын жазылуы ұзақтау бола береді. Психологиялық "травма" алуы мүмкін. Ал, енді фимозы бар болса, инфекция жоғары кетіп қалады: уретрит, цистит, пиелонефрит, жыныс ауырулары сияқты ауруларға себеп болады.

- Сүндеттеуге ата-ана баланы арнайы дайындап әкелу керек пе?

- Ересектеу бала болса, әрине, психологиялық тұрғыда дайын келгені дұрыс.

Сонымен қоса ескеретін жайт, ата-ана бір жасқа дейін баланың терісін айналдырып дайындап қою керек. Бұл сүндеттеу процедурасын неғұрлым жеңілдетеді. Оны өздері жасай алмаса, ертерек хирург мамандармен кеңесіп, айтқанын бұлжытпай орындағандары жөн. Тағы қайталап айтамын, баланы аяп жасын тым ұлғайтпаған абзал. Одан бала зардап шегеді. "Балаңды аясаң, аяма" дегендей, ертерек істеген дұрыс.

- Осы орайда баланы психологиялық тұрғыда дайындаудың маңызына тоқталсаңыз...

- Әркім өз баласына өзі жауапты. Алайда психологиялық "травма" алмауына мән беру маңызды. Себебі бала кекештеніп қалуы немесе кіші дәретін ұстай алмау қалуы, қатты қорқып қалуы мүмкін.

- Сүндеттеудің неше түрі бар?

- Қазіргі таңда түрлері өте көп. Лазермен, пышақпен, яғни скальпельмен, қайшымен жасап жатады. Наркозбен немесе жергілікті жансыздандыру арқылы сүндеттейді.

- Наркоздың балаға зияны жоқ па?

- Наркоздың соншалықты кері әсері жоқ. Әрі қазір көп жағдайда жергілікті жансыздандыру уколын салып жасаймыз. Ал кейде ингаляциялық наркозды қолдануға тура келеді. Яғни ингаляциялық наркозды балаға иіскеткен кезде ұйқтайды. Сүндеттеу аяқталған соң оттегі қосқанда бала бірден есін жияды. Мұндай тәсілдерге бала психологиялық тұрғыда дайын болмаған кезде жүгінеді.

- "Сүндет маусымы" қай кез деп айта аласыз?

- Негізінен көктем шыққаннан бастап келе бастайды. Күзге дейін жалғасады.

- Сүндеттің құны қанша тұрады?

- Әр дәрігердің алатын бағасы әр түрлі. Мысалы, үлкен қалаларда 20 мың теңгеден басталады.

- Дәрігерлік тәжірибеңізде неше баланы сүндеттедіңіз?

- Оны санамаппын. Өте көп. 30 жылдан астам уақыттан бері балаларды сүндетке отырғызып келемін.

- Сүндеттеуге өзіңмен бірге қандай заттар алып келу керек?

- Бастысы, баланың киімі денесіне жабысып қалмайтындай, ыңғайлы болса болғаны. Жансыздандыру үшін салатын дәрінің күші кеткен соң Ибуфен немесе Ибупрофен дәрісін алып келуге болады.

- Арнайы киім алу керек пе?

- Арнайы ішкиім алудың қажеті жоқ. Тек кең киім киіп, жараның орнын ашып қоюға кеңес беремін.

- Одан кейін жасалатын күтім қандай?

- Сүндеттен соң 5-6 күндей марганец (калий перманганаты) және антисептикалық құрал – фурацилин (нитрофурал) ерітіндісімен кезектестіріп жуып тұру қажет. Жараға күніне екі рет левамеколь жақпамайын жағады. Жатып қалмай, баланы тұрғызып жүргізе берген дұрыс.

Бәрі әр баланың жеке денсаулық жағдайына байланысты. Жара мүшенің басы ашық немесе жабық болуына қарай жазылады. Ал енді сүндет жасаған соң, хирург айтқан кеңестерді мұқият орындау керек. Күтім жақсы болса, тезірек жазылады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2234882-balany-neshe-zhasta-sundettegen-durys-otandyq-dariger-sundetke-qatysty-basty-suraqtarga-zhauap-berdi/