jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "7 адамды үйден алып шықтық": Жетісуда бір отбасын өрттен құтқарған медицина қызметкерлері марапатталды (фото)

    Марлен Көлбаев пен фельдшер Ғабит Ерғажға
    Марлен Көлбаев пен фельдшер Ғабит Ерғажға . Фото: Жетісу облысының әкімдігі

    Жетісу облысында бір отбасын өрттен құтқарған жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды облысы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ведомствоның мәліметінше, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Ескелді ауданындағы өрт шыққан үйден жеті адамды құтқарған медицина мамандарын қабылдап, облыс әкімінің атынан марапаттаған.

    Арнайы қабылдауға жеті адамды құтқарып қалған Ескелді ауданының №6/6 жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері Ғабит Ерғаж, Дамира Рахимова және жүргізуші Мұрат Сатеков келген.

    "Жеті адамды өрт шыққан үйден алып шыққан батылдықтарыңыз қандай құрметке де лайық. Сіздер жедел әрекет ету арқылы үлкен апатты жағдайдың алдын алып, тұтас бір отбасының өмірін сақтап қалдыңыздар. Бұл ерлікке тең іс деп білеміз. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев сіздерге өзінің алғысын жеткізіп, марапаттауды маған тапсырған еді. Бүгін сол аманатты өздеріңізге жеткізіп отырмын. Сіздерді мақтан тұтамыз", - деді Марлен Көлбаев.

    Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне облыс әкімінің атынан Алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыстап, Жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы тарапынан сыйақы беру мәселесі шешілгенін де жеткізген.  

    Марлен Көлбаев пен фельдшер Дамира Рахимова
    Марлен Көлбаев пен фельдшер Дамира Рахимова. Фото: Жетісу облысының әкімдігі

    Фельдшер Ғабит Ерғаж оқиғаның қалай болғанын қысқаша баяндап, бұл істі ерлік емес, адамгершілік міндет деп қабылдағандарын айтты.

    "Шақыртумен Жетісу ауылына барып, енді жұмысқа қайту үшін Қарабұлаққа қарай бұрылмақшы едік, жолдың Текеліге баратын оң жақ бағытында түтін шығып жатқандай болды. Оны алдымен жүргізуші байқады. Сосын бұрылып, көрейік дедік.

    Сол жерде оқшау бір үй бар екенін бұрыннан білетінбіз, себебі сол үйдегі қарт кісінің созылмалы ауруы бар еді, шақыртумен жиі баратынбыз. Расында сол үйден өрт шығып жатыр екен. Ұйықтап жатқан үй иелерін оятып, құжаттарын жылдам жинастырып, 7 адамды түгендеп үйден алып шықтық", - дейді фельдшер. 

    Марлен Көлбаев пен көлік жүргізушісі Мұрат Сатеков
    Марлен Көлбаев пен көлік жүргізушісі Мұрат Сатеков. Фото: Жетісу облысының әкімдігі

    Ғабит Ерғаждың жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 8 жыл болған. Ал Дамира Рахимованың Талдықорған медициналық колледжін бітіріп, "Жастар практикасы" бағдарламасымен Жедел жәрдем станциясында тәжірибеден өтіп жүргеніне небары үш күн болған.

    "Жанымда осындай тәжірибелі, өз ісінің шебері, батыл азаматтардың болғанына қуандым. Олардан үйренерім көп. Бұл оқиға маған үлкен өмірлік тәжірибе болды", - дейді Дамира Рахимова.

    Мұрат Сатековтың жедел жәрдем көлігін жүргізудегі жұмыс өтілі – 16 жыл.

    Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары жедел жәрдем бригадасына тағы бір мәрте алғыс айтып, алдағы еңбектеріне табыс тілеген.

    Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жетісуда фельдшерлер шырт ұйқыда жатқан бір отбасын өрттен құтқарып қалғанын жазған едік.

    "7 адамды үйден алып шықтық": Жетісуда бір отбасын өрттен құтқарған медицина қызметкерлері марапатталды (фото)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.