Алматыда безгек жұқтырған бір адам анықталды: бұл ауруды болдырмаудың жолы қандай
Жарияланған күні:
Алматыда безгек ауруын жұқтырудың бір жағдайы тіркелді. Эпидемиологтардың сөзінше, науқас наурыздың басында шет мемлекеттен ұшып келген. Мамандар инфекцияны жұқтыру жағдайы сирек тіркелетінін айтты. Өйткені соңғы 5 жылда еліміз бойынша 13 жағдай ғана анықталған. Жалпы "безгек" қандай ауру? Одан қалай сақтану қажет? Осы және өзге сұрақтарға "Алматы" телеарнасының студия қонағы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің бас маманы Бибігүл Нұрғалиева жауап берді.
Безгек ауруының қауіптілігі неде? Ол қалай жұғады?
"Безгек – плазмодиум қарапайымдылары тудыратын траспесивтік өте ауыр ауру. Бұл ауру негізінде тропикалық және субтропикалық елдерде кеңінен таралған. Ауру адамдарға анофилис тұқымдасына жататын масалардың шағуы арқылы беріледі. Бұл аурудың қауіптілігі – егер де ауырған адамдар дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, асқынып кетеді. Атап айтқанда, инфекциялық-токсикалық шок, бауырдың зақымдануы, бүйрек жектіліксіздігі және ауыр анемия туындауы мүмкін", - дейді маман.
Бұған дейін Алматыда осы ауруды жұқтырағандар болды ма? Жақында ғана бір жағдай анықталыпты. Оны науқас қай елде жұқтырған?
"Алматы қаласында сырттан келетін бірлі-жарым безгек ауруы тіркеледі. Былтыр Африка елінен келген азамат ауырған. Сол жақтан жұқтырып келді. 2022-2024 жылдары безгек ауруы тіркелген жоқ. Биыл тіркелген 1 жағдай Африка елінен келген. Сол жақтан безгек ауруын жұқтырып келді", - дейді Нұрғалиева.
Аурудың симптомдары қанша уақытта біліне бастайды? Вакцина арқылы сақтануға бола ма?
"Бұл аурудың инкубациялық кезеңі жеті күннен бірнеше күнге дейін. Кей кезде 2-3 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл безгек ауруының түріне байланысты болады. Оның негізгі белгілері, клиникалық көріністері – адам қалтырайды, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Басы қатты ауырып, тер басады. Бұл ұстамалар өзі циклмен жүріп отырады", - дейді маман.
Сақтық шаралары қандай?
"Ең бірінші ауруды ерте анықтау, оны диагностикалау және уақытында ем қабылдау қажет. Егер де шетелден келген азаматтар дене қызулары жоғары болса, дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, безгек плазмодиаларына тексерілуі керек. Сонымен қатар шетелге баратын адамдар безгекке қарсы препараттарды қабылдауы керек. Бұл преапараттарды елде, сонымен қатар эндемиялық аймақта жүргенде және сол жақтан келгенде 1 ай бойы қабылдайды. Дәрігердің кеңесінен кейін оның дозасы мен қандай препарат ішу керек екені анықталады.
Сонымен қатар эндемиялық аймаққа барған адамдар масадан қорғану шараларын естен шығармағаны жөн. Ең бірінші адамдар ұйықтаған кезде есік-терезелерді жауып, москитті торлар құруы керек. Серуенге шыққан кезде неғұрлым аяқ-қолы жабық киім киюі керек. Сонымен бірге масаларды үркітетін репилинттерді қолдану қажет.
Егер де безгек ауруының көріністері пайда болса, дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, ем алатын болса, аталған сақтық шаралары сақталса, безгек ауруының алдын алуға әбден болады", - дейді Нұрғалиева.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2356041-almatyda-bezgek-zhuqtyrgan-bir-adam-anyqtaldy-bul-aurudy-boldyrmaudyng-zholy-qandai/