Қазақстанда жаңа награда енгізілді: төсбелгі 481 адамға берілмек
Жарияланған күні:
Қазақстан үкіметінің қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде "Құрметті донор" марапаты енгізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Құрмет белгісі алғаш рет бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донорға беріледі.
Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес ведомстволық төсбелгі Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз негізде донорлық жасағаны үшін беріледі. Атап айтқанда, қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет болуға тиіс.
Төсбелгілерді Қазақстан теңге сарайы дайындайды.
"Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен", - дейді ведомство өкілдері.
Бекітілген дизайнға сәйкес төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.
Ведомство мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасалады. Соның нәтижесінде жылда 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік беріледі.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болуға ниетті қызметкер орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2398844-qazaqstanda-zhanga-nagrada-engizildi-tosbelgi-481-adamga-berilmek/