Денсаулық

Зектілері

"Денесіне метастаза берген": Қатерлі ісікке шалдыққан екі баланың әкесіне шұғыл көмек қажет

Жарияланған күні:

Бауыржан Байболатов
Бауыржан Байболатов отбасымен. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

Алматы облысында тұратын Бауыржан Байболатов былтыр маусым айында ойда жоқта ауыр дертке шалдыққан. Екі баланың әкесі әскери қызметкер болған. Қазір дәрігерлер оған қатерлі ісіктің 4-сатысы деген диагноз қойып отыр. 33 жастағы отбасының асыраушысы емделу үшін шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінуге ниетті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында тұратын жас отбасы елдің көмегіне зәру.

Келіншегі Аянаның сөзінше, Бауыржан қазір денсаулығына байланысты демалыста. Ерлі-зайыпты жұптың екі қызы бар, үлкені – төрт жаста болса, кішісі бір жарым жаста.

Бауыржанның ауыратынын жақындары көп уақытқа дейін білмеген. Сондықтан жағдайы ушығып, обырдың төртінші сатысына өтіп кеткен.

Бастапқыда Бауыржанның көру қабілеті нашарлаған. Алайда дәрігерлер көзінен еш кінәрат таппаған көрінеді. Аянаның айтуынша, сол кездері Бауыржанда құрғақ жөтел де болған.

"Басы да жиі ауыратын. Бір айдай пневмониямен ауырып, он күн стационарда емделді. Ауруханада оны рентгенге түсіргенде, дәрігерлер кеудесінен дақ байқады. Дәрігерлер оған онкологияға тексерілуді сұрады. Талдау нәтижесі бойынша оған өкпенің оң жақ бөлігі, ми мен бауыр, мойын жақ сүйектерінің қатерлі ісігі диагнозы қойылып отыр. Денесіне метастаза берген", - дейді Аяна.

науқастың мед картасынан көшірме
Науқастың медициналық картасынан көшірме. Фото: Отбасының жеке мұрағатынан

Бауыржан осыған дейін екі рет химия терапиядан өткен. Бірақ, жақындарының айтуынша, оның әсері уақытша.

"Біріншісін өткен жылы желтоқсан айының басында алды. Содан кейін кішкене тәуір болғандай болды. Көру қабілеті қалпына келді. Одан соң қаңтардың 10 күні екінші химия терапия алды. Бірақ химия Бауыржанды емдемейді, тек өмірін уақытша ұзартып қана тұр", - , дейді келіншек.

Аянаның сөзінше, Қазақстанда бұл аурудан емделуге мүмкіндік аз. Сондықтан олар Түркия ауруханаларына баруды жоспарлауда.

"Түркия дәрігерлері обырды жеңіп шығуға болатынын айтты. Бірақ оған қомақты қаржы керек. Нақты мынанша теңге деп айта алмаймын. Бірінші толық талдаудан өту керек. Оның өзі 2 млн теңге шамасында. Дәрігер қабылдауына бөлек тағы төлейміз. Оған қоса, жолымыз бар, жүріп-тұруымыз да ақша", - дейді екі қыздың анасы. 

Емдеу шараларының қандай болатыны дәрігер қабылдауынан кейін ғана белгілі болмақ. Қазіргі сәтте жас отбасына уақыт жоғалтпай, тезірек мамандардың кеңесін алып, емді бастауы керек.

Байболатовтар отбасы қайырымды жандардан көмек сұрайды.

Байболатов Бауыржанға қаржылай көмек беру үшін:

Kaspi Gold

KZ36722C000035202652 8701 656 0901 Бауржан Б.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2006058-denesine-metastaza-bergen-qaterli-isikke-saldyqqan-eki-balanyn-akesine-sugyl-komek-qazet/