Аязда үсіп қалғаныңды қалай білуге болады және бұл жағдайда не істеу керек
Жарияланған күні:

Суықта ұзақ уақыт жүргеннен кейін терінің қызаруы, ісініп шаншуы мүмкін. Бұл аяздан кейінгі үсу белгілері болып саналады. Оның қалай анықталатынын және емделу жолын NUR.KZ остеопат маман Кевин Хаффманнан және арнайы басылымдардан білді.
- Аязда үсіп қалған кезде терінің қызаруы, ісінуі және шаншуы мүмкін, бұл аяздан кейінгі үсу белгілері болып саналады.
- Остеопат маман Кевин Хаффманның айтуынша, үсіген дене бөлігі бозарып, қышиды немесе ұйып қалуы мүмкін, ал ауыр жағдайларда көпіршіктер пайда болып, тері балауыз секілді жылтырайды.
- Аяздан үсу қаупін азайту үшін суық күндері сыртта аз уақыт өткізу, бірнеше қабат киім кию керек, ал үсіген жағдайда зақымданған дене бөлігін тез арада жылыту маңызды.
Суықтың теріге әсері
Суықтың әсерінен тін зақымданып, тері аяздан үсіп қалады. Бұл – дене бөлігінің суықтың әсерінен зақымдануы, ол зақымданған және кейде оған жақын орналасқан тіндердің бұзылуына әкеледі.
Бұл ағзаның суыққа табиғи реакция беруімен байланысты. Перифериялық қан тамырларының рефлекторлық құрысуының нәтижесінде қан ағымы азаяды, бұл зақымданған бөліктегі температураның төмендеуіне және жергілікті зат алмасудың бұзылуына алып келеді. Аяздан үсіген тіндерді жылыту тромбтардың түзілуіне және зақымданған жерде қан ағымының ары қарай төмендеуіне себеп болады.
Аяздан көбіне қол мен аяқтың саусақтары, мұрын, құлақ, бет, иек үседі. WebMD медициналық басылымының мәліметі бойынша дененің бұл бөліктерінде қан айналымы нашар болғандықтан, мұз кристалдары олардың тіндерінде және қан тамырларында жылдам түзіледі.
Өздігінен кетуі мүмкін
Аяздан үсу белгілерін қалай анықтауға болады? Ambari Nutrition компаниясының бас директоры әрі остеопатия маманы Кевин Хаффман алдымен үсіген дене бөлігі бозарып, қышиды немесе ұйып қалуы мүмкін, - дейді NUR.KZ оқырмандарына:
Әдетте алғашқы белгі ретінде қышу немесе күйдіру сезімін байқауға болады, кейіннен дене ұйып, сезімталдық азаяды. Алғашында тері ақ немесе бозғылт түсті болуы мүмкін, ал жылыту кезінде қызарады немесе дақтар пайда болады. Ауыр жағдайларда көпіршіктер пайда болып, қатайған тері балауыз секілді жылтырайды.

Егер зақымдану деңгейі аз болса, уақытында көмек көрсетілген жағдайда аяздан үсіген тіндер өздігінен қалпына келуі мүмкін. Бірақ кей жағдайларда ағзаға тиген зиянның зардабы болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда медикаментоздық емдеу, тіпті хирургиялық әдіске жүгіну қажет болады.
Аяздан үсу бірнеше кезеңнен тұрады
Зақымданған тері алдымен қызарып, кейін бозарады, содан соң сезімталдықты жоғалтады. Одан кейін жылытқан кезде тері қабыршақтанып, ісініп, күлдіреуі мүмкін. Healthline медициналық басылымы аяздан үсу кезеңдерінің белгілерін былай сипаттайды:
- Алғашқыда тері қызарады, кейін біртіндеп бозарып, сезімталдықты жоғалтып, шанши бастайды. Денені жылыту кезінде ісіне бастайды, ал бір аптадан кейін тері қабыршақтанып, түсі өзгереді.
- Тері беткейлерінде қан айналымының айқын, бірақ кері қайтатын бұзылысы пайда болады. Жылыту кезінде тері бозғылттан қанық қызыл түске өзгеріп, суланып, күлдірейді.
- Тері ғана емес, тереңірек тіндер, тіпті сүйектер де зақымдануы мүмкін. Денені жылытқан кезде тері көкшіл-қызыл немесе қара түске айналып, сезімталдық толығымен жоғалады, содан соң ауырсыну сезімі басады.
Аяздан үсу дәрежесі тек температураға ғана емес, сонымен бірге суықтың денеге әсер ету уақытына да байланысты. Мысалы, −26 °С температурада аяздан үсу 30 минуттан кейін немесе одан да ерте басталуы мүмкін.
Зардабы болуы мүмкін
Адам кейде аяздан үсігенін байқамай қалуы мүмкін, себебі суық жүйке ұштарын зақымдап, сезімталдықты жоғалтуға әкеледі. Бірақ Мейо клиникасы мамандарының ескертуінше, емделмеген жағдайда аяздан үсу мынадай асқынуларға алып келуі мүмкін:
- Перифериялық жүйке жүйесінің зақымдануы (нейропатия);
- Суыққа жоғары сезімталдық және болашақта аяздан үсу қаупінің артуы;
- Жиі терлеу (гипергидроз);
- Балалардың сүйек эпифизарлы пластинасының өсу проблемалары;
- Тырнақтың түрі мен түсінің өзгеруі немесе толық түсіп қалуы;
- Гангрена мен ампутация қажет болатын жағдайлар.
Аяздан үсіген адамдар бактериалдық инфекцияларға, мысалы, сіреспемен ауыруға бейім. Егер инфекция қанға тараса, сепсис (ағзаға жұқпалы аурудың тұтас жайылып кетуі) дамуы мүмкін. Ең бастысы аяздан үсіген жағдайда дененің қайтадан үсу қаупі болса, ол жерлерді жылытуға болмайды. Себебі зақымдалған тіндер суыққа өте әлсіз, сол себепті үсіген дене бөліктерін қармен сүртуге де болмайды.
Хирургиялық көмек керек болуы мүмкін
Аяздан үсіп қалған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету өте маңызды. Егер зақымдалған дене бөлігін жылдам жылытуға және қан айналымын қалпына келтіруге көмектессе, жағдайды жақсартуға болады. Аяздан үсіген адамды емдеген кезде нақты қадамдар жасалады. Алғашқы белгілер пайда болғанда зақымданған дене бөлігін жылыту керек. Ол үшін киім мен әшекейлерді алып тастау қажет.
Cleveland Clinic ұсынысы бойынша зақымданған дене бөлігін жылы суға салу немесе 30 минут бойы жылы, ылғалды компресс қолдану керек. Егер теріде көпіршіктер пайда болса, оларды ашып, антисептикпен өңдеп, стерильді құрғақ таңғыш қойыңыз. Қол мен аяқ аяздан үсіген жағдайда жүруге болмайды, саусақтардың арасын ажыратып ұстау керек, себебі бұл үйкеліс пен жарақаттарды болдырмауға көмектеседі. Егер жағдай өте ауыр болса және тіндер қалпына келмесе, хирургиялық көмек қажет болуы мүмкін.

II және III дәрежедегі аяздан үсу жағдайында медициналық көмек қажет. Дәрігер зақымданудың ауырлығын бағалап, әрі қарай емдеу әдісін тағайындайды. Дәрігер сіреспеге қарсы екпелер, антибиотиктер қабылдау, күре тамырға дәрі жіберу, өлген тіндерді кесу немесе зақымдалған дене бөлігін ампутациялау емшараларын жасауы мүмкін. Бұл әдістер аяздан үсудің салдарын азайтуға және адам өмірін сақтауға көмектеседі.
Кейбір факторлар тоңуға бейімділікті арттырады
Кейбір адамдар басқаларға қарағанда әлдеқайда жиі тоңады. Medical News Today медициналық басылымының мәліметінше, оларға балалар, қарттар және темекі шегушілер жатады. Сондай-ақ қан айналымы жүйесінде мәселелері бар адамдарға суық тез әсер етеді, бұл тамыр тарылтатын дәрілерді қабылдау немесе қант диабеті сияқты аурулармен байланысты болуы мүмкін.
Дәрігер Кевин Хаффман түсініктемесінде былай дейді:
Аяздан үсу бірнеше себепке байланысты болуы мүмкін. Бұл себептердің бастысы — төмен температура, бірақ суық жел де қауіп тудыруы мүмкін. Ылғал киімдер денеден көбірек жылуды сіңіріп алады, сондықтан киімнің құрғақ болуы өте маңызды. Сонымен қатар әлсіреу, ашығу және дәрі-дәрмектерді қолдану адамдарды аяздан үсуге әлдеқайда бейім етеді.
Аяздан үсу қаупін азайту үшін мүмкіндігінше температура минус болған жағдайда сыртта өткізетін уақытты шектеу керек. Көшеге шыққанда ауа райына сәйкес арасында ауа қабаты болатындай бірнеше қабат киім кию керек.

Суық ағза тіндеріне үсу әсерін тигізеді, бұл кейбір жағдайларда сепсис және гангренаға алып келуі мүмкін. Жүрек-қантамыр жүйесінде ақауы бар адамдар мұндай зақымдарға көбірек бейім келеді. Аяздан үсіген кезде зақымданған дене бөлігін тез арада жылыту маңызды, ал егер тері күлгін немесе қара түске өзгерсе, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Назар аударыңыз! Бұл материал тек ақпараттық мақсатта жазылған. Мұнда сипатталған емдеу әдістеріне дәрігермен алдын ала кеңесіп алмай жүгінуге болмайды.
Дереккөз:
- Adam Felman. What to know about frostbite // Medical News Today — 2019. — January 21. — Кіру үшін: https://www.medicalnewstoday.com/articles/166187
- Frostbite // Mayo Clinic. — 2024. — August 22. — Режим доступа: https://www.healthline.com/health/frostbite-stages
- Jill Seladi-Schulman. Stages of Frostbite // Healthline. — 2018. — June 23. — Кіру үшін: https://www.healthline.com/health/frostbite-stages
- Lori M. King. Frostbite // WebMD. — 2024. — January 03. — Кіру үшін: https://www.webmd.com/skin-problems-and-treatments/frostbite-how-spot-treat-prevent
Рецензент — жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.
Аязды күні екі-үш стақан алкогольді ішімдік ішіп, жылынуға болады деген кең тараған миф бар. Бірақ бұл әдіс адамның денсаулығына зиянды салдарларға әкелуі мүмкін, - деп ескертеді Алматы қаласындағы №36 қалалық емханасының терапевт-дәрігері Наргиз Әбдіхалық.
Аяздан үсу белгілерінің бірі - қол-аяқтың ұйып қалуы, - деп мәлімдеді Алматы қаласындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-дәрігері Осман Қадыров.
Алматы қаласындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-дәрігері Осман Қадыров NUR.KZ оқырмандарына қатты аязда тоңудан және үсуден қалай сақтануға болатынын түсіндірді.
Аязда үсу — бұл төмен температуралардың әсерінен тіндердің зақымдануы мүмкін қауіпті жағдай. Мұндай жағдайда уақытты өткізіп алмау, мәселені уақытында анықтап, дұрыс көмек көрсету өте маңызды. Үсу белгілері мен осындай жағдайда не істеу керегі туралы дәрігерлер Кэрол ДерСаркисян мен Брунильда Назарио айтып берді.
https://www.nur.kz/health/medical-conditions/1829667-obmorozenie-priznaki-pervaa-pomos/
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2197542-aiazda-usip-qalganyngdy-qalai-biluge-bolady-zhane-bul-zhagdaida-ne-isteu-kerek/