Жатыр мойнының обыры: әр әйел білуі тиіс маңызды ақпарат
Жарияланған күні:

Жатыр мойнының обыры – әйел адамдар арасында ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Негізінен бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер. Жатыр мойны обырының белгілері және алдын алу шаралары туралы Ұлттық ғылыми онкология ортылығының гинеколог дәрігері Гүлмира Игембаева толық мағлұмат берді.
- Гүлмира Исмайлқызы, жатыр мойны обырының негізгі себебі не?
- Жатыр мойны қатерлі ісігінің негізгі себебі – адам папилломасы вирусы (АПВ). Бұл вирустың 200-ден астам түрі бар, оның ішінде 16 және 18 типтері ең қауіпті, өйткені олар онкогендік қасиетке ие. АПВ жыныстық қатынас арқылы, теріден теріге жанасу немесе гигиеналық талаптарды сақтамау нәтижесінде жұғады.
Әйел ағзасында аталмыш вирус ұзақ уақыт бойы белсенді болмай, "ұйқыда" жатуы мүмкін. Алайда иммунитеттің төмендеуі жағдайында, жыныстық қарым-қатынасқа түсу барысында вирус жасушалардың қатерлі өзгеруін тудырады.
Дегенмен бұл вирус барлық әйелдерде обыр тудырмайды. Аурудың пайда болу ықтималдығы адамның иммунитетіне, өмір салтына және денсаулыққа деген қатынасына байланысты.
АПВ-инфекция шамамен әлемдегі барлық онкологиялық аурулардың 5 пайызын тудырады, оның ішінде қынап, жыныс мүшелері, анус және ауыз қуысы қатерлі ісіктеріне себеп болуы мүмкін. Деректерге сәйкес, жыл сайын адам папилломасы вирусымен байланысты қатерлі ісік 625 мыңнан астам әйелде және шамамен 77 мың ер адамда анықталады.
- Қазақстанда бұл дерттің таралуы туралы қандай статистикалық мәліметтер бар? Жатыр мойны қатерлі ісігі елімізде қаншалықты жиі кездеседі?
- Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып табылады. Статистикаға сәйкес, қазіргі уақытта қатерлі ісіктердің ішінде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 2 мың жаңа жағдайы тіркеледі.
- Аурудың бастапқы кезеңдерінде қандай белгілер байқалады?
- Өкініштісі, аурудың ерте кезеңдерінде ешқандай симптомдар байқалмайды. Сондықтан жатыр мойны обырына байланысты жағдайды жақсарту және алдын алу мақсатында Қазақстанда скринингтік бағдарламалар енгізілген. Бұл бағдарламалар әйелдерге тегін тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Мысалы, 30-70 жас аралығындағы әйелдер әр 4 жыл сайын ПАП-тест тапсырып, жатыр мойны жасушаларындағы патологиялық өзгерістерді ерте кезеңде анықтай алады.
Сонымен қатар жыныстық қатынаспен өмір сүретін әйелдерге гинекологқа жылына кемінде бір рет қаралу ұсынылады.
Ерте анықталған жағдайда жатыр мойны обырының емделу мүмкіндігі өте жоғары. Соңғы жылдары осы скринингтік бағдарламаның арқасында аурудың асқынған жағдайларының саны біршама азайды.
- Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация қаншалықты тиімді және елімізде жасөспірім қыздарды вакциналау не үшін қажет?
- Жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – вакцинация. Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастан асқан қыз балаларға вакцинация жүргізілді.
АПВ вакцинасы жасөспірім жаста жасалған жағдайда ең тиімді болады, себебі бұл уақытта балалардың иммундық жүйесі белсенді жұмыс істейді және вакцинаға жақсы жауап береді. Жыныстық қатынас басталмағанға дейін вакцина салдыру инфекция жұқтыру қаупін толықтай жоя алады.
Сонымен қатар бұл вакцина ересек әйелдер үшін де қолжетімді. Егер әйел өз еркімен вакцина алуды қаласа, оны ешкім шектей алмайды. Бұл процедура ақылы негізде кез келген емханада жүргізіледі.
- Жатыр мойны обырын емдеудің әдістері қандай?
- Жалпы, жатыр мойны обырын емдеу үш негізгі бағытта жүргізіледі: дәрілік ем, сәулелік ем және хирургиялық ем. Емдеу тәсілін таңдау қатерлі ісіктің даму сатысына, көлеміне және науқастың жалпы жағдайына байланысты жүзеге асырылады.
Біз Қазақстанда да басқа дамыған елдер қолданатын емдеу протоколдарын ұстанамыз. Бұл әлемдік деңгейде тиімділігі дәлелденген, заманауи тәсілдерге негізделген. Мысалы, сәулелік ем қатерлі ісіктің нақты аймағына әсер ете отырып, ісікті азайтуға көмектеседі. Ал дәрілік ем, оның ішінде химиялық және иммунотерапия обыр жасушаларының таралуын тежейді.
Хирургиялық емде біз ота жасау барысында заманауи әдістерді, соның ішінде лапароскопияны қолданамыз. Лапароскопия – бұл минималды инвазивті әдіс, яғни денеге аз мөлшерде жарақат салады. Бұл әдіс пациенттің тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді және ауырсынуды азайтады. Сонымен қатар кейбір жағдайларда органды сақтап қалуға мүмкіндік беретін емдеу тәсілдерін қолдануға тырысамыз.
Ең бастысы, обырды ерте кезеңде анықтау – емдеудің тиімділігін арттырудың негізгі шарты. Сондықтан профилактика, оның ішінде вакцинация және скринингтік тексерулер өте маңызды.
- Жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозы қойылған келіншектердің болашақта бала көтеру мүмкіндігі бар ма?
- Жалпы, бұл аурумен ауырған жас әйелдердің болашақта бала көтеру мүмкіндігі ісіктің даму сатысына, таңдалған емдеу әдісіне және науқастың жалпы денсаулық жағдайына байланысты.
Егер қатерлі ісік ерте кезеңде анықталып, емдеу уақытылы басталса, репродуктивті функцияны сақтап қалу мүмкіндігі жоғары. Мысалы, бастапқы кезеңдегі ісікке хирургиялық ем жүргізу кезінде органды сақтау әдістері қолданылады. Бұл әдістерге жатыр мойнының конус тәрізді резекциясы (конизация) немесе трахелэктомия (жатыр мойнын ішінара алып тастау) жатады. Мұндай оталардан кейін жатыр қалады, сондықтан әйелдің бала көтеру мүмкіндігі сақталады.
Алайда егер ісік кеш анықталып, оның көлемі үлкен болса немесе қатерлі ісік алыс ағзаларға тараса, онда емдеу агрессивті болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сәулелік терапия немесе жатырды толық алып тастау (гистерэктомия) қажет болуы ықтимал. Өкінішке қарай, мұндай емдерден кейін әйелдің табиғи жолмен бала көтеру мүмкіндігі жойылады.
Сондықтан жатыр мойны қатерлі ісігі анықталған жағдайда, жас әйелдерге жеке жоспар құрып, емдеудің ең тиімді әрі репродуктивті функцияны сақтайтын әдістерін таңдауға тырысамыз.
- Елімізде скрининг енгізілгелі жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу көрсеткіштері жақсарды ма? Әйелдер скринингке қаншалықты жиі келе бастады?
- Иә, елімізде жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау және алдын алу мақсатында скринингтік бағдарламалар енгізілгеннен кейін көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Скринингтің басты мақсаты — обырдың бастапқы кезеңін немесе ісікалды жағдайларды ерте анықтап, уақытылы емдеу. Ерте кезеңде анықталған қатерлі ісік емдеуге жақсы нәтиже береді, ал ісікалды жағдайларды емдеу обырдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары скринингке келуші әйелдердің саны артты. Скрининг бағдарламаларының арқасында жатыр мойны қатерлі ісігінің кеш анықталатын жағдайлары азайды. Дегенмен, әйелдердің скринингке тұрақты түрде келуі үшін ақпараттық жұмысты күшейту және халықтың медициналық сауаттылығын арттыру маңызды. Скринингке жыл сайын немесе дәрігердің ұсынымдарына сәйкес келіп тұру әйелдердің денсаулығын сақтауда үлкен рөл атқарады.
- Әйелдерге жатыр мойны обырының алдын алу үшін күнделікті өмірде қандай ұсыныстар беріледі?
- Жатыр мойны обырының алдын алу үшін әйелдерге бірнеше маңызды ұсыныстар беріледі.
Біріншіден, пап-тест және адам папилломасы вирусына тестілеу. Жатыр мойны обырының алдын алудың негізгі әдістерінің бірі – жүйелі түрде пап-тест (цитологиялық зерттеу) және АПВ тестін өткізу. Әрбір әйелге 21 жасынан бастап осы тексерулерді өту ұсынылады.
Екіншіден, АПВ вакцинасын қабылдау. Қыздар мен әйелдерге вакцина алу өте маңызды. Себебі вакцинация адам папилломасы инфекциясынан қорғап, жатыр мойны обырының қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Жалпы денсаулықты күту маңызды. Дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік, стрессті басқару және дұрыс ұйқы жаттығуларын ұстану денсаулықты нығайтады және иммундық жүйені күшейтеді, бұл инфекциялардан қорғануға көмектеседі. Әйелдер денсаулығына мұқият болып, кез келген өзгерістерге назар аударуы керек.
Жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді жолы – жүйелі түрде скринингтік тексерулер мен вакцинациядан өту, дұрыс өмір салтын ұстану және денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2212313-zhatyr-moinynyng-obyry-ar-aiel-bilui-tiis-mangyzdy-aqparat/