Вирус жұқтырғандардың дені — балалар: Ақтөбеде тұмау өршіп, науқастар ауруханаға сыймай жатыр
Жарияланған күні:
Ақтөбеде тұмау өршіп тұр. Мамандар вирус жұқтырған адам саны күн санап артып барады деп дабыл қағып отыр. Қазірдің өзінде жұқпалы аурулар ауруханасына науқас сыймай жатыр. Жартысынан көбі — балалар, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Санаулы күннің ішінде Ақтөбедегі инфекциялық аурухана науқасқа толған. Жедел жәрдем қызметіне де дамыл жоқ. Ауруханаға күніне 20 науқасты әкеліп жатыр. 135 адамға шақталған емдеу мекемесінде орын қалмаған. Вирус жұқтырғандардың дені — балалар.
Дәрігерлер эпидемиология күрделі екенін жасырмайды. Ал жансақтау бөлімінде менингит диагнозы қойылғандар мен өкпесі қабынғандар жатыр.
"Тұмаудың А типі, Н-3 N-2 типті тұмау жүріп жатыр, эпиджағдай тұмау маусымына байланысты болып отыр, көбінде созылмалы ауруы бар. Оның ішінде егде жастағы қала тұрғындары мен жүкті әйелдер жұқтырып жатыр. Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік басады, маңдай тұсы ауырып, көзі, қабағы ауырады", - дейді Ақтөбе облысы инфекциялық ауруханасының дәрігері Әйгерім Ысқақова.
Мамандар бұл маусым індеті деп отыр. Әйтсе де биылғы вирустың таралуы тез. Ел арасында айтылып жүрген "Гонконг" тұмауы Ақтөбеде жоқ деп отыр. Дәрігерлер тұмаудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ, баланы сабаққа жібермей, дереу тексеруден өткізуді ескертеді. Өйткені ауруы асқынып түсіп жатқан науқастар бар.
"Баланың дене қызуы көтерілсе, өзін әлсіз сезінсе, мектеп медбикесіне жібереміз. Одан әрі қарай дене қызуы көттерілгенде, үйіне жіберіп, ата-анасының бақылауында, дәрігердің бақылауында ұстайтындай етеміз. Қазір 32 оқушы ауырып жатыр", - дейді №51 гимназия директорының орынбасары Венера Қалдина.
Елімізде бір аптада 150 мыңнан астам адам тұмаумен ауырған. Бұл вирустың үш түрі әлі де өршиді дейді мамандар. Қар жауып, қыс түскенше індеттің беті қайтпайтын түрі бар.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2307741-virus-zhuqtyrgandardyng-deni-balalar-aqtobede-tumau-orship-nauqastar-auruhanaga-syimai-zhatyr/