jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Ота жасалғандар арасында бір бала бар: Астанада мәйіттік донор бірден бес адамға өмір сыйлады

    Ота жасап жатқан хирургтар
    Ота жасап жатқан хирургтар. Иллюстрациялық фото: pexels.com

    Елордада мәйіттік донордың бірнеше ағзасы бір мезетте 5 адамға трансплантацияланды. Марқұмнан жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек сынды өмір үшін маңызды органдар алынды, деп хабарлайды 24.kz.

    Ота жасалғандардың ішінде бір бала бар. Ағза алмастыруға мұқтаж жандар ұзақ жыл кезек күтіп, есепте тұрды. Өлімнен кейін ағзасын донорлыққа берген адамның туыстары бұндай күрделі шешімге қалай барғандарын баяндап берді.

    45 жастағы Әлия есімді әйел кенеттен көз жұмды. 6 сәуір күні ол жұмыстан келе жатып ес-түссіз құлаған. Бірден ауыр халге түсіп, дәрігерлер өмірі үшін күні-түні күресті. Алайда үміт үзіліп, дәм-тұзы таусылды.

    Жағдайдан кейін дәрігерлер туыстарына мәйіт донорлығы мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жақындарына шешім қабылдау оңай болған жоқ. Алайда келісім беруге марқұмның көзі тірі кезінде айтқан сөздері әсер еткен.

    "Білмеймін, бәлкім, бір нәрсені сезген шығар. Ол маған үнемі: Анашым, егер бір жағдай болса, ағзаларымды басқа адамдарға беріңіздер. Мен солай басқаларға өмір сыйлау арқылы тірі қаламын дейтін. Бұл науқастар өмір сүрсін, бақытты болсын. Мен де қызым тірі сияқты сезінемін. Өзімді осылай жұбатамын деп шешім қабылдадым", - дейді мәйіттік донордың анасы Қазима Ғайсарова.

    Мәйіттік донордың 5 ағзасы алынды. Сараптама трансплантацияға қажет барлық органы жарамды екенін көрсетті. Жүрек, бауыр, өкпе мен екі бүйрек кезектегі 5 адамға берілді. Дәрігерлер бұл оталарды сәтті орындады. Бүгінде жаңа ағзаға ие болған науқастардың жағдайы жақсы.

    "Көпшілікте мәйіт донорлығына келісім беру жайында қате түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Ағзалар тек ми өлімі расталғаннан кейін ғана алынады. Ми өлімін бірнеше маман тыңғылықты клиникалық тексерулер арқылы растайды. Ми өлімі 24 сағат ішінде нақтыланады. Ол расталмайынша, пациент ықтимал донор ретінде қарастырылмайды", - дейді ДСМ Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының үйлестірушісі Сәуле Абраева.

    Бүгінде 16 мыңнан астам қазақстандық eGov платформасы арқылы мәйіт донорлығына келісім берген. Ал 100 мыңнан астам адам одан бас тартқан. Ағза трансплантациясын күткендер тізімінде 4600 адам бар. Жыл сайын олардың саны артып келеді.

    Ота жасалғандар арасында бір бала бар: Астанада мәйіттік донор бірден бес адамға өмір сыйлады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.