Ақмола облысында кене шаққан 17 жастағы бозбала жансақтау бөлімінде жатыр
Жарияланған күні:
Ақмола облысында 17 жастағы бозбала кене шаққаннан кейін жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оған "кене энцефалиті" диагнозын қойған, деп хабарлайды "Жетінші арнаға" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мамандардың телеарнаға хабарлауынша, 17 жастағы жеткіншекті 16 мамыр күні орманда кене шаққан, алайда ол дер кезінде дәрігерге жүгінбеген. Соның салдарынан оның жағдайы нашарлап кеткен. Қазір дәрігерлер инфекцияның асқынуын тоқтатуға тырысып жатыр.
Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ербол Жұмағалиевтің айтуынша, кене шаққаннан кейін 7-14 күн ішінде бірінші белгілері пайда болады. Олар – температураның көтерілуі, бастың қатты ауырсынуы, тырысудың пайда болуы, иіс сезу қабілетінің жоғалуы.
Ал кене энцефалитінің вирусы жүйке-жүйенің зақымдануына – мидың, жұлынның өзгеруіне алып келуі мүмкін.
"Ол асқынған кезде науқастың жағдайын толықтай қалпына келтіруге мүмкіндік болмайды", - дейді ол.
Жалпы биыл өңірде кене шаққан 500-ге жуық адам дәрігерге жүгінген. Үш адамнан кене энцефалиті анықталған. Олар – Бурабай және Сандықтау аудандарының тұрғындары. Қазір барлығы емделіп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2381982-aqmola-oblysynda-kene-shaqqan-17-zhastagy-bozbala-zhansaqtau-boliminde-zhatyr/