Шымкенттен Астанаға жолға шыққан жүкті әйел пойызда босанды
Жарияланған күні:

Жүктілігінің соңғы айында Шымкенттен Астанаға күйеуімен бірге жолға шыққан әйел пойызда босанып, қыз баланы дүниеге әкелді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚТЖ-ның Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 "Шымкент-Астана" пойызында әйелдің толғағы басталған. Сағат 23:30-да күйеуі пойыз қызметкерлерінен шұғыл көмек сұраған.
Пойыз бастығы Қаракулова Гүлшат пен жолсерік Адамбаева Анара жедел түрде барлық қажетті шараларды қабылдап, жолаушының аман-есен босануына көмектесті. Нәтижесінде, 21 қазанда сағат 23:55-те қыз бала дүниеге келді.
Сары-Шаған станциясына жеткенде жедел жәрдем шақырылып, жас ана мен жаңа туған нәресте дәрігерлердің қарауына тапсырылды.
Айта кетейік, кейінгі 3 жыл ішінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 14 сәби дүниеге келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2177150-shymkentten-astanaga-zholga-shyqqan-zhukti-aiel-poiyzda-bosandy/