Резус-фактор дегеніміз не және жүктілік кезінде оны білу неге маңызды
Жарияланған күні:

Жүкті әйелдерге өзінің және баланың әкесінің резус-факторын білу маңызды. Потенциалдық резус-қақтығыс ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұл туралы акушер-гинеколог Қарлығаш Бахтибаева тарқатып айтып берді.
- Резус-фактор - қан жасушаларының бетінде орналасқан ақуыз, ол генетикалық жолмен беріліп, қан құю мен жүктілік кезінде маңызды рөл атқарады.
- Жүктілік кезінде резус-қақтығыс болуы мүмкін, егер ананың резус-факторы теріс, ал балада оң болса, бұл нәрестеде гемолитикалық ауру пайда болуы мүмкін.
- Резус-қақтығыстың алдын алу үшін резус-факторы теріс әйелдерге жүктілік кезінде және босанғаннан кейін антирезус иммуноглобулині беріледі, сонымен қатар акушер-гинекологтың бақылауында болу маңызды.
Резус-фактор — қан жасушаларының, яғни эритроциттердің бетінде орналасқан ақуыз. Оны антиген Rh(D) деп атайды. Егер бұл ақуыз бар болса, резус-фактор оң, ал жоқ болса, теріс болып саналады. Резус-фактордың болуы немесе болмауы мәселе емес, оны тек ағзаның жеке ерекшелігі деп қарау керек. Алайда бұл қан құйғанда және жүктілік кезінде үйлесімділігіне әсер етуі мүмкін.
Резус-фактор генетикалық жолмен беріледі. Егер ата-ананың екеуінде резус-фактор оң болса, онда өте жоғары ықтималдықпен олардың баласында да солай болады. Ал егер ерлі-зайыпты рецессивті Rh- генінің тасымалдаушылары болса (Rh+/Rh-), бала 25 % екі рецессивті генді қабылдап, резус-теріс қан факторына ие болуы мүмкін. Яғни, ата-анада резус-фактор оң болғанымен олардың балалары 25% жағдайда теріс қан факторымен туылуы мүмкін.
Егер жұптың бірінің резус-факторы оң Rh+(Rh-) болса, ал екіншісінде теріс болса, онда баланың резус-факторы оң немесе теріс болуы мүмкін. Ал егер ерлі-зайыптының екеуінде де резус-фактор теріс Rh-(Rh-/Rh-) болса, онда бала 100% ықтималдықпен теріс қан факторымен туылады, себебі оның Rh+ доминантты генін мұрагерлікке алу мүмкіндігі жоқ.
Резус-факторды қалай анықтайды?
Резус-факторды анықтау үшін қан талдауы жасалады. Бұл тестті зертханаларда бірнеше минут ішінде жасауға болады. Алдымен адамның тамырынан қан үлгісі алынады. Содан кейін бұл үлгі арнайы реагенттермен араластырылады, оларда резус-факторға қарсы антиденелер (АНТИ-D) болады. Егер қан құрамында резус-фактор (Rh+) бар болса, онда қан жасушалары антиденелермен реакцияға түсіп, олармен жабысады. Егер жабыспаса, онда резус-фактор теріс болады.

Жүктілік кезіндегі резус-қақтығыс деген не?
Жүктілікті жоспарлаған барлық әйелге резус-факторды анықтау міндетті болып есептеледі. Егер болашақ ананың резус-факторы теріс болса, бұл резус-қақтығысына әкелуі мүмкін, ол жүктілік кезінде және босанудан кейін қиындықтарға әкелуі ықтимал.
Мұнда тек әйелдің теріс қан тобының болуы маңызды екенін түсіну қажет. Егер әкесінде резус-фактор теріс, ал анасында оң болса, қақтығыс болмайды. Егер екеуінде де теріс қан тобы болса, ешқандай мәселе болмайды. Сондықтан болашақ әкенің де резус-факторын анықтау керек. Бұл жүктілікке қатысты дұрыс тәсілді таңдауға көмектеседі.
Резус-қақтығыстың қаупі
Резус-қақтығыс кезінде нәрестеде гемолитикалық ауру дамуы мүмкін, бұл қауіпті жағдай, ол баланың денсаулығына ауыр асқынулардың алдын алу үшін бақылауды және кейде араласуды талап етеді. Бұл патология болашақ анада резус-фактор теріс, ал нәрестеде оң қан тобы болса дамуы мүмкін.
Гемолитикалық аурудың өршуінің механизмі мынада: жүктілік кезеңінде, босану мерзімінде немесе жүктіліктің асқынулары (мысалы, түсік, аборт немесе іштің жарақаты) кезінде ана мен нәресте қанының байланысы болады. Нәтижесінде резус-факторы оң эритроциттер нәрестеден анасының резус-факторы теріс қан ағымына түседі. Бұл жағдайда ананың қанына антиген D ақуызына, яғни резус-факторы — эритроциттердің бетінде орналасқан ақуызға қарсы антиденелер пайда болады.
Бұл антиденелер келесі жүктілікте ұрықтың жолдасы (плацента) арқылы өтіп, нәрестенің эритроциттерін бұза алады. Нәтижесінде нәрестеде анемия дамуы мүмкін, бұл тіндерде оттегінің жетіспеушілігіне әкеледі. Яғни, тіндер мен ағзаның зақымдануына себеп болады.
Қиын жағдайларда эритроциттердің санының төмендеуі және олардың жойылуы салдарынан нәрестенің ағзасында сұйықтық жинала бастайды. Бала дүниеге келгеннен кейін патологиялық сары ауру болуы мүмкін.

Резус-қақтығыстың алдын алу
Резус-факторы теріс әйел және жолдасының қаны оң резус-факторлы болса, бірінші жүктілік кезінде әйелге антирезус иммуноглобулинін алу керек. Бұл терапияны 28 аптада және босанғаннан кейін 72 сағат ішінде (баланың резус-факторы оң болғанда), сондай-ақ түсік, жасанды түсік немесе жатырдан тыс жүктілік жағдайында алу қажет. Бұл емшаралар болашақтағы резус-қақтығыстардың алдын-алу мақсатында жасалады.
Резус-қақтығыс — бұл өте күрделі жағдай. Дегенмен қазіргі заманғы медицина резус-қақтығыс қаупі болғанның өзінде дені сау баланы босануға мүмкіндік береді. Жүктілік кезеңінің тәжірибелі маманның бақылауында болуы өте маңызды, ол ана мен баланың денсаулығын қадағалап, қажетті шараларды уақытында қабылдайды. Резус-факторы теріс қан тобындағы әйелдерге акушер-гинекологтың кеңестерін мұқият орындау маңызды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2193869-rezus-faktor-degenimiz-ne-zhane-zhuktilik-kezinde-ony-bilu-nege-mangyzdy/