Қазақстанда алғаш рет ана сүтінің жеке банкі ашылды
Жарияланған күні:

Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстанда алғаш рет "Емшек сүтінің жеке банкі" жобасы іске қосылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік жоба Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырылп жатыр. Ол ең осал пациенттердің, яғни, табиғи тамақтануды тікелей анасынан ала алмайтын ерекше медициналық қажеттілігі бар шала туған және жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға бағытталған.
Емшек сүтінің жеке банкі - бұл қарқынды терапияны қажет ететін жаңа туған нәрестелерді қолдауға бағытталған маңызды бастама. Аурухана жағдайында, нәресте түрлі себеппен анасынан емшек сүтін ала алмаған кезде (мысалы, қиын босану кезіндегі медициналық көрсетілімдерге байланысты), мұндай банк таптырмас ресурсқа айналады.
"Емшек сүтін қауіпсіз сауу және сақтау процесін ұйымдастыру нәрестелерді құнды тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар лактацияны сақтауға, аналардағы стресті азайтуға және ауыр, қиын босанғаннан кейін де баламен байланысын нығайтуға көмектеседі", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, емшек сүтін сауу мейіргердің бақылауымен міндетті таңбалануы бар стерилді жеке ыдыстарда (сауу күні мен уақыты) жүзеге асырылады. Жеке және клиникалық емшек сорғыларын пайдалануға рұқсат етіледі. Барлық іс-шаралар санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі.
Банк – стерилді ыдыстарға жиналған және емшек сүтімен қоректендіру мүмкін болмаған кезде баланы тамақтандыру үшін төмен температурада сақталатын сауылған сүт қоры. Мұнда салқындатылған (4 ± 2 °C температурада сақталған) және мұздатылған (-18...-20 °C температурада) сауылған табиғи (шикі) сүтті сақтауға болады.
Болашақта Денсаулық сақтау министрлігі жоғары қауіпті факторлары бар жүкті әйелдер келетін және шала туған және салмағы аз балалар туатын елдің әрбір 3-деңгейдегі перинаталдық орталығында осындай банктер ашуды жоспарлап отыр.
Бұл жоба ДДҰ бастамасы бойынша жыл бойы өткізілетін Денсаулық күніне арналған іс-шаралар шеңберінде, "Саламатты өмірдің басталуы - берекелі болашақтың кепілі" ұранымен іске асырылды. Жоба сонымен қатар аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау жөніндегі халықаралық ақпараттық науқанның бөлігі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2236704-qazaqstanda-algash-ret-ana-sutining-zheke-banki-ashyldy/