RU

ШҚО-да он екі тілде қаріп танитын қария тұрады

Сұлтанмахмұт қажы Рахманқұл Бақты ауылында тұрады. Жасы 81-ге келген қадірменді қария он екі тілде қаріп таниды деп хабарлайды Baq.kz

Көргені мен түйгені мол ақсақал «Ислам тағылымы», «Сезімнің сергек кездері», «Ұлттық санамыздың өзгеріске түспеген негіздері», «Ер Шыңғожа» атты кітаптардың авторы.

Жастайынан құймақұлақ, алғыр, сұңғыла болып өскен оған пантюркист, панисламист деген жала жабылып, біршама жыл қуғын да көреді. Кейін Кеңес одағына, Қазақстанға келіп, пәледей болып жабысқан жалалардан құтылды. Өзінің айтуы бойынша, бұған отырып тұрса, Алласы аузынан түспей, «Я, Рабби!» дейтіні, араб, шағатай тілдеріндегі кітаптарды көп оқып жинайтыны себеп болса керек.

Кітап демекші, кітаптың саны бұл үйде 1100-ге дейін жеткен. Тең-тең қылып кітаптар жинап, солардан өзіне қажетті құнды деректерді жиыстырып, білім алған ақсақал кирилл әрпін өз бетінше оқып танысқан.

Қазір шежіре қарт 12 тілде жазу таниды. Олардың қатарында араб, шағатай, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр, орыс тағы басқа да тілдер бар. «Ұзақ жыл осы Бақты ұжымшарының малын бақтым. Бос уақытта айналдырғаным тек кітап болды» дейді өзі.

Тек кітап оқып қана қоймай, ақсақал қоймен бірге ой да баққан адам. Алдына салып ақтылы қой өргізген Сұлтанмахмұт аға әр саулықтан 100-140-тан төл алып, «Еңбек ардагері» атанып, алдыңғы қатардағы шопан болды.

«Бастауышты сол жерде Шағантоғайда оқып бітірдім. Сосын Шәуешек қаласындағы орта мектепті тауыстым Әкем Рахманқұл қазы болған адам еді. Ал анам Гүлжауһар сол жерде император атанған әйгілі татар Сыдық Османовтың қызы еді», -дейді ол.

Екі рет Меккеге барып, қажылық парызын өтеген Сұлтанмахмұт Рахманқұл ақсақал - бүгінде Бақты ауылының ақуатты қарттарының бірі. 7 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген ақсақалдың жан жолдасы Үрімхан анамыз бүгінде бақилық болған. Сол он баладан бірнеше немере мен шөбере сүйіп отырған өзі қазір кенжесі Ұлықбек пен келіні Айнұрдың қолында деп жазады «Дидар» басылымы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1058775-shqo-da-eki-tilde-qarip-tanityn-qariya/