RU

Бір көзі жоқ балапанның тіршілігі көпшілікті таң қалдырды (фото)

Алматы облысы Талғар ауданындағы Жалқамыс ауылында тұрғындар біркөзді балапанның куәсі болды. Жергілікті тұрғын 100-ден астам қаз балапанын сатып алып, шаруасын айналдырмақ болған деп жазады «Тілші» порталы.

Бір көзі жоқ балапанға ойын балалары өз алдына бөлек су құйып, жем береді. Дегенмен, бір көзінің жоқтығына қарамастан, балапан өзгелерге қарағанда өте ширақ қимылдайды. Ашық аспан астынан жабық қораға кіргізгенде де бірден алдыға қарай жүгіре жөнеледі. Оның қасында сау балапандар кейде өзге жаққа алаңдап кетеді екен.

«Біз оның көзіне мән бермедік. Ұлдарым байқап қалыпты. Содан бері аз да болса, назар аударып жүрміз. Бірақ, оған қарап, аяп кеттік деп жатқан балалар жоқ. Үнемі бір көзді балапанның қылықтарына тамсанып, әрбір қимылын әңгімелеп отырады», — дейді жалқамыстық тұрғын Нұрлан Ырысбайұлы «Тілшіге» берген сұхбатында.

Балапан үнемі бір қапталына қарайлап жүреді. Жем жегенде де, тек бір жағына бұрылыңқырай береді.

Осыған ұқсас жайт биыл мамыр айында да кезіккен. Ұлыбританияның Солтүстік Сомерсет графтығында дүниеге келгеннен екі көзі жоқ балапан мал фермасындағы жануарлардың бәрімен жақсы араласып кеткен. Ребекка Каммингс есімді тұрғынның өмірін жұмыртқадан шыққан балапан күрт өзгерткенге ұқсайды.

Өзгелердің «балапанның қарасын құрт» дегеніне қарамастан, Ребекка екі көзі көрмейтін балапанның өмірі үшін өздігінше күресуге тырысады. Әлеуметтік желілер арқылы қорғансыз құсқа қандай көмек көрсетуге болатыны жөнінде кеңес сұрайды.

Ребекка балапанға Мамбл деп ат қояды. Тіпті бір жылға толғанда туған күнін атап өтеді. Көзі жоқ балапан ит, мысық, қоян, құстар мен адамдардың ортасында өзін еркін сезінеді.

Мамблға тіпті Facebook желісінде жеке парақша ашылып, ондағы достарының саны алғашқы күндері 25 мыңнан асып жығылыпты. Ребекка әлеуметтік желіде мүмкіндігі шектеулі құс бағып отырғандарға шамасы келгенше көмек береді.

«Тілші» порталының хабарлауынша, осылайша Ребекканың мүгедектер әлемі туралы түсінігі өзгерген. Жүрегі кең Ребекка әлеуметтік желідегі бір жазбасында адамзат баласын тіршілік иесіне жақсы өмір сүру үшін мүмкіндік беруге шақырады.

Тағы да оқыңыздар:

Алматы облысында өгей әке кішкентай қыздарын зорламақ болған

Теміртауда белгісіз біреулер Лениннің ескерткішіне оқ атты

Алматыда төсек қатынасы үшін пәтерін жалға беретін жігіттер көбейген

Астанада парамен ұсталған жас шенеунік 12 жылға сотталуы мүмкін

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1206447-almatynynh-irgesinde-birkozdi-balapa/