Әлемдегі ең қорқынышты түрмеден қашып кеткен қауіпті қылмыскерлер кім?
Жарияланған күні:
1963 жылы 21 наурызда өте қауіпті қылмыскерлер қамалатын, әлемдегі ең сақ «Алькатрас» түрмесі жабылды. Бұл түрме «Рок» (құз) деп те аталатын. Калифорнияның осы аттас аралынан орын алған түрме Америка Құрама Штаттары ішінде ең сенімдісі болып келген. 1963 жылға дейін 29 жыл ішінде «Алькатрастан» ешкім қашып шыға алмаған. Бірақ, 1962 жылы 3 қылмыскер айласын асырып, түрме сыртына шығып, жағалауға бет алып қашқан. Қашқындар туралы ақпаратты massaget.kz порталы ұсынады.
Олардың не тірі, не өлі екені әлі күнге дейін белгісіз. Мұндағы әр қылмыскерге бір-бір күзетшіден берген, әрі олар бөлек-бөлек камерада отырған. Аралдан жағалауға дейін бірнеше шақырым жүзіп өту керек, су тіптен суық, ал оның ағысы өте қатты болатын. Сұсты ғимараттың сырты тікенек темірлермен қоршалған. Күзет бақылайтын мұнаралар да жоқ емес. Қылмыскерлер түрмеден қашу операциясын мұқият құрастырған болуы керек.
1962 жылы үш ер адам мұндай қатал режимге қарамастан, түрмеден қашуға әрекеттенеді. Олар: банк тонағаны үшін сотталған Фрэнк Моррис, көлік ұрлағаны үшін жазаланған ағайынды Джон және Кларенс Энглиндер. Бұл қашу операциясында Алан Вест деген қылмыскер де болған, алайда бостандыққа қашып шығу оған бұйырмаған екен: камерадан шыға алмай қалыпты. Бұлардың бәрі бұрындары отырған түрмелерінен қашып шыққандар екен. Бір емес, көп мәрте қашқан соң, жазасын өтеуге осы түрмеге әкелген.
Олар ескі желдеткіш жүйесінің олардың дәл үстінде орналасқанын білген. Төртеуі түрменің шатырына осы ескі желдеткіштің көмегімен өз камераларынан сыртқа шығатын туннель тесу керек деп шешкен.
Асханадан ұрланған қасық-шанышқылардан бұрғы жасап, желдеткіш жолын өздері сыятындай етіп күн сайын кезекпен тесіп отырған. Қабырғаның бүлінген тұсын үнемі тығып жасыратын болған. Қызу жұмыс жүріп жатқан кезде біреуінің қолы босай қалса, көрші камералардан күрте, құтқару желеткелерін, резеңке күртелерін алған.
Күзетшілер олардың қашып кеткендерін байқамас үшін шаштаразда қиылған шаштарын жинап, гипстен адамның бастарын жасап дайындаған екен.
1962 жылы 11 маусымда ұйықтау командасы берілгеннен кейін қылмыскерлер кереуеттеріне алдын ала дайындалған адамның бастарын жастыққа қойып, өздері тер төгіп тескен қабырға арқылы туннельмен қашып кетеді. Дегенмен Алан Вест қашып шыға алмаған, себебі өзі өтетін құпия жолды барынша қаза алмаған. Сол себепті, олар үшеуі қашып кете береді. Үшеуі түрменің үстіне шығып, су ағатын тұрбамен бұғазға өтіп, шамамен кешкі ондарға таман жағалауға жетіп алады.
Осы жерден Моррис пен Энглиндердің ізі жоғалады. Олар әлі күнге дейін із-түссіз жоғалғандар қатарында. 2 жылдан соң, жағалаудан су өткізбейтін пакет табылған. Оның ішінде Энглин ағайындыларының біріне тиесілі телефон кітапшасы, ақша мен отбасылық суреті болған. Сонымен қатар, қолдан жасалған құтқару желеткесі де бар. 1978 жылға дейін қашқындарды іздеумен АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы айналысады. Кейін ордер АҚШ-тың Маршал қызметіне табысталады. 2003 жылдан бастап Майкл Дик есімді қызметкер іздеумен айналысып жүр. Ол осыған дейін 250 дерек тапқан екен. Бірақ, оларды табу мүмкін болмай отыр. Энглиндердің анасына біраз уақыт белгісіз біреу гүл толы себет жіберіп отырған.
1973 жылы Джон мен Кларенс аналарының жерлеуіне әйелдің образында келіп қатысты деген де дерек бар. Фрэнк Хиней атты тарихшы Энглиндердің туыстары Оңтүстік Америкадан ашықхаттар алып отыратынын білген. Ал Моррис туралы еш дерек жоқ. Оларды тұтқындауға күші бар ордер қашқындар 100-ге келгенде ғана жарамсыз деп есептеледі. «Алькатрас» қашқындары әлі күнге дейін іздеуде жүр. Бір қызығы, осы оқиға желісімен 1979 жылы «Алькатрастан қашу» атты фильм түсірілген. Фрэнк Морристің рөлін Клинт Иствуд сомдаған. Ал түрме қазір мұражайға айналған.
Дереккөз: massaget.kz
Тағы оқыңыздар:
Павлодар әкімі несиеге алған пәтерде тұрып жатқанын айтты
Санкт-Петербургте 32 жастағы қазақстандық көз жұмды
Димаш Құдайбергенов Астанада жеке концертін беретін болды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1447366-alemdegi-enh-qorqynyshty-turmeden-qashy/