Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ең кішкентай домбыра, түйе көтеру, ең үлкен қазы: Гиннесс рекордтар кітабына енген қазақстандықтарды білесіз бе

Опубликовано:

Гиннесс белгісі
Гиннесс рекордтар кітабының белгісі. Көрнекі сурет: pawebpage.com

"Гиннесс. Әлемдік рекордтар" кітабы жыл сайын адамдардың рекордын, ерекше табиғат құбылыстары мен шоу-бизнес, мәдениет және БАҚ саласындағы жетістіктерді тіркейді. Алғаш рет 1955 жылы "Гиннесс" сыра қайнату зауытының тапсырысы бойынша жарыққа шықты. Қазақстандықтардың жетістіктері де бірнеше рет Гиннесс рекордтар кітабына енді. NUR.KZ порталы Гиннесс рекордтар кітабына енген қазақстандықтардың тізімін назарларыңызға ұсынады.

Ғарышкерлер орнатқан рекорд

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 1989 жылы 1 қарашада алғашқы болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына "МиГ-29к" реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. "Тбилиси" крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті.

Бұл әдіс бойынша ұшақ трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, санаулы секунд ішінде бірден көтеріліп кетуі керек. Сәл іркіліс болса, ұшақ судың астына кіріп кетеді. Ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақтың осы ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енді.

Талғат Мұсабаев бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннесс рекордтар кітабына енген. Талғат Мұсабаев ғарыштағы сапарларының бірінде ажал аузынан қалады. Ғарышкердің айтуынша, ашық ғарышқа шыққан кезде кемеге бекітетін тетік ажырап кеткен. Кемеден алыстай түсіп, енді оралмастай болған жағдайда таңғажайып күш оны бұл апаттан құтқарған.

Марат Жыланбаев – марафоншы

Гиннесс рекордтар кітабына 7 мәрте енген. Жеті күн бойы марафондық жарысқа түскен ол Еуропадағы ең биік тау шыңы Эльбруске (5 642 метр) шықты. Марат Жыланбаев шөл далаларды басып өткені үшін де Гиннесске енді.

Атап айтар болсақ, 1992 жылы Қарақұм шөлін (1200 шақырым) 20 күннің ішінде жүгіріп өтті. 1994 жылы әйгілі Сахара шөлін (1700 шақырым) 24 күннің ішінде басып өтті. Сол жылы Үлкен Виктория шөлін 22 күнде, 1994 жылы Мохаве (1218 шақырым) шөлін 17 күнде жүгіріп өткен.

Марат Жыланбаев
Марафоншы - Марат Жыланбаев. Көрнекі сурет: azh.kz

Болатбек Кәрімханұлы – шебер

Қытайдағы этникалық қазақ Болатбек Кәрімханұлы 2012 жылы әлемдегі ең кішкентай домбыраны жасап шықты. Домбыраның ұзындығы – 45, ені – 14 мм. Бұл еңбегі үшін Кәрімханұлы Гиннесс рекордтар кітабына енген.

Геннадий Головкин – боксшы

WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Головкин Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Қазақстандық боксшы орта салмақтағы нокаутқа түсіру проценті жоғары боксшы ретінде рекордтар кітабына лайық деп танылған. Головкин Гиннесстің рекордтар кітабына енген кезде 36 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен еді. Ал сол кездегі 33 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Головкинге бұл құрметті Флоридада өтіп жатқан WBC конвенциясында табыстады.

2003 жылдың 27 қыркүйегі күні Қазақстанның әр аймағындағы 4 миллион 845 мың 85 адам бір мезетте аэробикамен айналысты. Бұл өз кезегінде радио арқылы тікелей эфирден таратылған. Жаппай аэробика билеген қазақстандықтар Гиннесстің рекордтар кітабына енді.

2011 жылы Қазақстан географиялық қоғамының бір топ мүшесі Оңтүстік полюске дейінгі 2308 шақырымды машинамен жүріп өтті. Бұл Оңтүстік полюске жасалған құрғақ жолдағы ең жылдам сапар ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Экспедиция мүшесі Орденбек Мазбаевтың айтуынша, топ мүшелері қандай да бір жүлде алуды мақсат етпеген. Оларға Гиннесстің рекордтар кітабына енгенін бір жыл өткен соң ғана хабарлапты.

2008 жылы Қытайдағы этникалық қазақтар әлемдегі ең ұзын қазыны дайындағаны үшін Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Асанбекқызы салмағы бір тонна, ұзындығы 100 метр болатын алып қазы дайындады. Болат Бейнелұлы рекорд тіркелгені туралы сертификат Қытайға берілуін қолдаған жоқ. Сол себепті, рекорд қазақ халқының атына жазылды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне еліміздің бір топ жастары жаппай "Қара жорға" биін биледі. Бұл еліміздің Тәуелсіздік алған 16 желтоқсан күні арнайы дайындалған болатын. Кейін аталған флешмобты Гиннесстің рекордтар кітабы тіркеді.

Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 17 жылдығына орай Астанада еліміздегі ең үлкен бешбармақ жасалды. Аталған бешбармақты дайындауға жалпы есебі 40 аспаз қатысса, ұлттық тағамға 700 келідей ет жұмсалған.

Алмат Жұманов – стронгмен

"Qazaq titan" лақап атымен белгілі қазақстандық стронгмен Алмат Жұманов кезекті рекорд орнатып, Гиннесс кітабына атын жазды. Бұл туралы Vesti.kz сайтында мәліметтер ұсынылған.

"Титан" лақап атынан бөлек Қажымұқан атанып кеткен Алмат Жұманов арқасына 280 келі түйені көтеріп, 4 тонна 68 келі болатын үш көлікті 13 метр жерге дейін сүйреген. Бұлай жасау үшін Алмат Жұманов бір ай дайындалған көрінеді.

Түйе көтерген палуан
Түйе көтеріп, көлік сүйреген палуан. Көрнекі сурет: vesti.kz

Мектептегі домбыра сабағы

Назарбаев зияткерлік мектебіндегі домбыра сабағы – бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындаған әлемдегі тұңғыш оқиға. Ең ауқымды домбыра сабағының дирижері – қосымша білім беру педагогі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған.

baribar.kz ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалаған. Тәуелсіз стюардтар 50 қатысушыдан жиналған белгілі бір топты бақылады. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен кітаптың барлық критерийінің толық сақталуын қамтамасыз етті.

Домбыра сабағы
Гиннес рекордтар кітабына енгізілген домбыра сабағы. Көрнекі сурет: baribar.kz

1111 метрлік қазы

Қытай азаматы Жарқын Бармақұлы Гиннесс рекордтар кітабына "Қазақ халқының ұлттық тағамы" ретінде қазыны тіркеткен. Ол жалпы ұзындығы 1111 метр қазыны жасап шығаруға 44 жылқының етін пайдаланған. Тағамның салмағы 4572 келіні құраған. Диаметрі 6.5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қабаты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен.

Бұл қазының тек он метрі бәссаудада сатылған. "Гиннесс кітабына енген қазақстандық рекордтар" мақаласында берілген деректерге сүйенсек, оны "Сая" өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20 мың долларға жуық бағамен сатып алған екен.

Ет пен бауырсақ

2014 жылдың 7 қыркүйегінде Алматыда салмағы 856 келіге жететін бауырсақ пісірілді. 2015 жылы 1 мамырда әлемдегі ең үлкен лағман әзірленді. Оның салмағы 687 келі болды. Тағамға 250 келі ұн, 200 келі көкөніс, 120 келі ет және 50 литр май пайдаланылған.

2015 жылы 6 шілдеде Астана қаласының 17 жылдығына орай салмағы 736 келі болатын ет асылды. Тағамды пісіру үшін 700 келі ет, 17 қап пияз, 300 келі қамыр пайдаланылған. Ұлттық тағамды пісіру үшін Түркістаннан арнайы қазан алдыртқан. Бұл рекорд "Мемлекеттің басты ұлттық тағамының дайындалуы" деген атаумен рекордтар кітабына тіркелді.

Ет пісіру сәті
700 келі етті пісіру сәті. Көрнекі сурет: baribar.kz

Астанадағы "Хан шатыр" ойын-сауық және сауда кешені де Гиннесстің рекордтар кітабына енген. Биіктігі 150 метрлік ғимарат әлемдегі ең биік шатыр ретінде тіркелген.

Хан Шатыр
"Хан Шатыр". Фото: Pixabay

2022 жылы Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі таратқан хабар бойынша, блиц шахматтан әлем чемпионы атанған ең жас (17 жас 307 күн) спортшы Бибісара Асаубаева да осы кітапқа енген.

FIDE Халықаралық шахмат федерациясының 2021 жылы Польшада өткен чемпионатының блиц бойынша әлем чемпионы, рапид шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, Азия чемпионы болған.

Гиннесстің рекордтар кітабына 2023 жылы "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты да енген. Ол Гиннестің "әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғысы" рекордын орнатты.

Шымбұлақ
Шымбұлақ. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық спортшылар Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло және Илья Ильиннің ауыр атлетикадағы көрсеткіштері де Гиннесстің рекордтар кітабына енген болатын. Алайда, Халықаралық федерация оларды допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттеткен соң, зілтеміршілердің рекорды кітаптан алып тасталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1676852-ginnes-rekordtar-kitabyna-engen-qaza/