Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүгін сенің туған күнің": туған күн иесіне арналған мәнді құттықтау тілектер

Жарияланған күні:

Торт пен сыйлықтар
Торт пен сыйлықтар. Көрнекі фото: pixabay.com

Туған күн – ақ тілектерден шашу шашылатын күн. Туған күн иесіне түрлі тілектер айтылып жатады, соның ішінде сіздің тілегіңіз сәл ерекше болсын десеңіз, KAZ.NUR.KZ ұсынған туған күнге арналған тілектерді жолдауға болады.

Туған күн иесіне жаттанды құттықтауларды айтудан шаршағандар назарына еш жерде қайталанбайтын ерекше тілектер топтамасын ұсынамыз.

  • Бірінші – ұзақ жасты өмірлі бол, Екінші – тіл мен көзден аман бол, Үшінші – берекелі, беделді бол, Төртінші – арыстандай айбатты бол, Бесінші – ақылды, қайратты бол, Алтыншы – өнерлі бол.
  • Аққудың ақтығын, Өмірдің пәктігін, Арманның ажарын, Бақыттың базарын, Денсаулықтың зорын, Махаббаттың молын тілеймін!
  • Емен ағашы жуан, жапырағы қалың болғанына қарамастан, қатты жел тұрса, тамырымен қопарылып құлап қалады. Ал қайың ағашы жіңішке, нәзік болғанымен, қатты жел тұрғанда сәл майысады да, жел басылған соң бойын қайта тіктеп, жапырақтарын күннің нұрына малындырып жайқалып тұрады. Бүгінгі туылған күн иесі де осы қайын ағашы тәріздес – өмірде де, қызметте де басына қандай қиын іс түссе де жасымаған, бағы жанса тасымаған, тіршіліктің қандай ауыртпалықтарын, қиын кезеңдерін көрсе де мойымай, күресе білген азамат, мықты қызметкер, аяулы жар, ардақты әке және де айнымас адал дос.
  • Көлдей көңіл тілеймін таусылмайтын, Өзендей өмір болсын сарқылмайтын. Аспаның айлы түндей ашық болсын, Дұшпаның бір өзіңнен қашық болсын. Айта берсек тілек көп таусылмайтын, Жаза берсек қалам көп майыспайтын. Жүректегі тілекті өлеңменен Жеткіземін мен саған шын көңілмен!!
  • Саған айтар тілек, Таусылма еш жүдеп. Қиналсаң, төз, Жарыссаң, оз, Ойнасаң, ұт, Күрессең, жық. Ешкімді басынба, Басыңнан асырма, Табысқа тасыма, Намысқа жасыма. Ешкімді күндеме, Ешкімді тілдеме, Сөзіңнен танба, Қатарыңнан қалма. Біреуді даттама, Ешқашан кек сақтама, Біреуді сыртынан айдама, Өсекті тыңдама, Шынығып, шыңдал, Жақсыдан үлгі ал!
  • Туған күн – ғажайып армандар мен жарқын үміттерге толы өміріңнің жаңа бастамасы. Ондағы бар арман-тілектерің орындалсын! Туған күніңмен құттықтаймын! Сенің бойыңда көшбасшылық қасиетпен қатар қарапайымдылық пен мейірімділік ерекше үйлесмділік тапқан. Көздеген шыңдарыңды бағындырып, діттеген мақсаттарыңа жетуіңе тілектеспін!
  • Бұл күн күнтізбеде қызылмен белгіленбеген бізге ғана ортақ мейрам болса да, әлемде осы күнге жетер тамаша күн жоқ. Себебі дәл осы күн – біздің әлем сенімен толыққан күн. Біз сені туған күніңмен құттықтап, зор денсаулық, сарқылмас бақыт тілейміз! 
Әйел торттағы балауыздарды үрлеп тұр
Әйел. Көрнекі фото: pixabay.com
  • Сені туған күніңмен шын жүректен құттықтаймыз, ойлаған арманыңа жетуіңе тілектеспіз. Сені тек биіктерден көрейік. Қадамыңа – гүл, келбетіңе – нұр, қиялыңа – қанат бiтсiн, жасыңа жас, басыңа бас қосылсын! Шаңырағыңа құт-береке, бейбіт күннің арайлы шуағы мейлінше төгіле түссін, отбасыңа – амандық, денiңе – саулық, ұзақ ғұмыр тiлеймiз, арманың асқақ, шығар биігің асқаралы болсын! Әрдайым құшағың гүлге, қадамың нұрға тола берсін! Бақытты өмір сүруіңе шын жүректен тiлектеспiз!
  • Уақыт – ешкім тоқтата алмайтын алып кеме. Сол кеменің жүрісімен сен де өмір толқындарымен араласа, арпалыса, балалың шақ жағалауына қол бұлғап, адам өмірінің көктемі – жастық шаққа да келіп жетерсің. Өмір – шуағы мен дауылы, қайғысы мен сауығы, жеңілі мен ауыры қатар алмасқан алпауыт. Өмірмен күресіп жеңе білгендер де, жеңіліп, жетегінде кеткендер де бар. Сен солардың алғашқысына қосыл. Өмірде кездесетін сан қилы ауырлықтар мен қиындықтарды ақылмен, сабырмен жеңе біл. Аспан бұлтсыз болмайды, демек адам өмірінің де бұлтты күндері болар. Бірақ сенің өміріңнің шуақты күндері көп болсын! Аңсаған арманыңа жете бер!
  • Қазақ тілінде қысқа да нұсқа, әрі дәл айтылған үш тілек бар. Мен саған соны тілеймін. Олар: денсаулық, бақыт, ұзақ өмір. Себебі, денсаулық болса, жұмыс та болады, табыс та болады. Бақыт деген сөздің ауқымы кең: себебі, біреулер үшін бақыт деген – сүйген адамының қасында аман-сау жүргені, бақыт деген – біреулер үшін ата-анасының қуанғаны, ал біреулер үшін бақыт деген балаларының бақытты болғаны. Ал егер де денсаулық пен бақыт болса, неге ұзақ өмір сүрмеске?! Денсаулығың мықты болсын, бақыт құсы басыңа қонсын, өмір жасың ұзақ болсын!

Бұған қоса, туған күнге арналған 41 ерекше тілек әзірлеген едік, соның арасынан да көңілізге жаққанын туған-туыс, дос-жаранға жолдауға болады.

Сыйлық салынған қораптар
Сыйлық салынған қораптар. Көрнекі фото: pixabay.com

Сол сияқты zharar.com сайты ұсынған туған күнге арналған қысқа, есте тез сақталатын тілектермен де таныс болыңыздар:

  • "Бақыт деген досыңның – қабағында, жарынның – жанарында" дейді. Осындай өмірлік дос болып өтіңіздер.
  • Өміріңіз мәнді, шаңырағыңыз сәнді болғай. Дастарханыңыздан дәм-тұзыңыз үзілмей, барыңыз берекеге, берекеңіз мерекеге ұлассын.
  • Көңіліңіз көктемнің шуақты күніндей болып, жылы жүзіңізден күлкі кетпесін.
  • Сезіміңе берік болған барлық армандарың орындалсын.
  •  Келген күн жақсылығымен келіп, шуағына шомылдырсын.
  • Келіннің қолынан шай ішкізіп, немере қолынан су ішіп, шөбере қолынан май жалататын күнге жеткізсін.
  • "Ағаш тамырымен, адам достарымен қымбат" деген, ендеше, достарың көп болсын.
  • Көңіліңіз қартаймасын, құт-берекеңіз ешқашан ортаймасын.
  • Өміріңізде жеңісті күндеріңіз көп болсын.
  • Отбасыңызға келген қуаныш тек өзінің жақсылығы мен ырзығын арқалап алып келсін.
  • Күндеріңіз көркем, жылдарыңыз жемісті болсын.
  • Ата-анаңның аяулысы бол, Алланың сүйкімдісі бол.
  • Еңсеміз тік, қадамымыз нық болсын.
  • Жаныңыз қашанда сәбидің жанындай таза болсын.
  • Жарық та, жарқын аяулы күндеріңіз нұрға толсын.
  • Өмірде "әттеген-ай" деген аз болып, "шіркін-ай", "пай-пай" дегеніміз басым болсын.
  • Өмірің нұрлы болсын, көңілің жырға толсын.
  • Бірімізге-біріміз шаттық сыйлап, әрбір күнді қуанышқа толтырайық.
  • Әрқашанда жақсылық жандарыңыздың серігі болсын, қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін.
  • Қыдыр қонып, бақ дарысын.
  • "Кең болсаң, ештеңеден кем болмайсың" демекші, қашанда жүрегің ашық, пейілің кең болсын.
  • Келген мүшел жасыңнан аман-есен, сүрінбей өтуіңе тілектеспіз.
  • Алланың алақанындағы ғұмырыңыз ұзарсын.
  • Ай мен күнге теңейтін балаңыз аман болсын, бағы жансын.

Отбасы мүшелерін туған күн мерекесімен қалай құттықтауға болады?

Қымбатты ата! Туған күніңіз құтты болсын! Сіз өте мейірімді жансыз! Сіздегі даналық айналаңыздағы адамдарға әрдайым түзу жолды көрсетіп келеді. Денсаулығыңыз мықты болсын! Балаларыңыз бен немерелеріңіздің ортасында аман-есен ақылшымыз болып жүргейсіз!

Ардақты, ақ жаулықты әжем! Туған күніңіз құтты болсын! Сіз мына әлемдегі ең керемет әжесіз! Немерелеріңіздің маңдайынан құшырлана иіскеп, ақылыңызды айтып, өнегеңізді көрсетіп келесіз. "Айналайын" деген сөзіңіз қандай жағымды еді! Деніңізге саулық, күш-қуат тілеймін! Сізден үйренеріміз өте көп. Ортамызда жарқырап жүре беріңіз!

Аяулы анашым! Сіз әлемдегі ең сұлу, мейірімді, ақылды анасыз! Дәл қазіргі сәттегідей жарқырап жүріңіз! Сіз әлемдегі бар жақсыға лайықсыз! Көңіліңізге ешқашан кірбің түспесін! Балаларыңыз үшін сізден асқан патшайым жоқ! Туған күніңізбен!

Әкешім, асқар тауым! Мен сізге ұқсағым келеді. Себебі сізге арқа сүйей аламыз, қолыңыздан бәрі келеді. Кез келген жағдайдың шешімін оңай табасыз. Қандай істі қолға алсаңыз да, тыңғылықты етіп жасап шығасыз. Адамгершілігіңіз жайлы тоқтамай айтуға болады. Сіз мен үшін үлгі тұтар жансыз! Туған күніңіз құтты болсын! Ғұмырыңыз ұзақ болсын!

Ұлым менің! Сенің өмірге келген кезің сондай ерекше еді! Өйткені сол бір сәт мен үшін бақыт дегеннің не екенін ұқтырды. Бізге ата-ана бақытын сезіндіргенің үшін алғысымыз шексіз! Ғұмырың ұзақ болсын! Өмір жолыңда тек жақсы адамдар жолықсын! Ұсақталуға ешқашан жол берме, ірі бол, тұлға бол! Ізденуден жалықпа! Айналаңа пайдасын тигізетін іспен ғана шұғылдан! Бауырмал бол, халықтың баласы бол, құлыным!

Сүйкімді қызғалдағым! Нәп-нәзік қызым менің! Бүгінгі туған күнің құтты болсын! Әрбір қылығың ерекше әдемі, тым тәтті! Саған мына әлемнің ең керемет тілектерін жаудырғым келеді. Ең бастысы, өмір жасың ұзақ болсын! Бос сөзден аулақ бол, жүзіңнен нұр кетпесін! Әрбір таң бұлбұлдың үнімен атсын! Бақытты бол, еркем!

Қолында жүрекшесі бар қыз. Көрнекі сурет
Қолында жүрекшесі бар қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ибалы келінім! Шаңырағымызға келген сәттен бастап өзіңмен бірге берекеңді ала келдің. Әулетіміздің өсіп-өнуіне себепкер болып келесің. Бойыңдағы ізгі қасиеттер ұл-қызыңа дарысын! Ата-енеңе, ағайынға деген құрметің ақ шашты әже болған кезде алдыңнан жақсылық болып оралсын! Туған күнің құтты болсын!

Тәп-тәтті немерем! Бұл дүниенің бар қызығы өзің дер едім. Әрбір қылығың, былдырлап сөйлеген сәттерің сондай тәтті! "Балам - балым, немерем - жаным" деген сөздің қаншалықты маңызды екенін өзің ұқтырдың. Сенің жасың нешеге толса да, мен үшін ерке, кішкентай балапан болып қала бересің. Биікке самға! Қанатың ешқашан талмасын! Жолың ақ болсын! Туған күнің құтты болсын!

Менің ағам! Алдыңда демеу болар ағаңның бары қандай бақыт! Ақылын аямайтын, әркез жаныңнан табылатын өзіңдей ағамның болғанына қуанамын. Жаңа жасыңыз жақсылықтың жаршысы болғай! Бағындырар асуыңыз көп болсын!

Асыл жеңгем! Менің өмірімде жан-сырымды ақтара алатын бір жан болса, ол - сіз! Шаңырақтың шаттығын ойлап ертелі-кеш тынбайтын, бәріміздің қас-қабағымызға қарайтын сіздей жеңгеге алғыс қана айтамын. Жанарыңыздан төгіліп тұратын нұр, құлпырған жүзіңіз, әйел затына тән нәзіктігіңіз айналаңызға шуағын шашып тұрады. Жыл өткен сайын қуанышыңыз еселене түссін! Сізге ұзақ ғұмыр тіледім!

Алтын жездем! Сіздей жанның әпкемнің бағына бұйырғаны қандай бақыт! Бүгінгі күні ақылшы ағамдай боп кеттіңіз. Туған күніңіз құтты болсын! Балдыздарыңызды еркелетіп, қамқор болып жүре бергейсіз! Жүз жасаңыз! Шыңдардың ең биігін бағындырыңыз! Аман болыңыз!

Түймедақ алқабы
Түймедақ гүлдерінің арасында отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бойжеткеннің 18 жасына арналған тілек

Қарындасым!

Бүгін, міне, сен үшін

Аспан нұрдан әшекейін тағынды.

Күміс өзен күліп сылқ - сылқ ақты да,

Өзі құяр көк теңізін сағынды.

Бүгін, міне, сен үшін

Дала шат боп жасыл жібек жамылды.

Өйткені сен 18-ге толған күн!!!

Бір сен үшін мынау шәрбат өмірдің

"Он сегіз!" - деп қоңырауы қағылды!

Сені бүгін 18-ге толды деп,

Ата-анамыз қуанысты, шаттанды.

Саған тілеп бақыт толы ақ таңды.

Мен де ағаң боп - бауырың боп қуандым,

Көргендей боп нұр жүзіңнен

Наурыздағы кіршіксіз бір ақ қарды.

Сенің жаның сол ақ қардай кіршіксізін білемін,

Армандарға толы сенің жүрегің.

Сондықтан да сен шыққанда 18-дің қырына,

Сол армандар орындалса екен дедім -

Тіледім!

Қарындасым!

Құтты болсын туған күнің бүгінгі!

Достарың да көрер сенің шаттық толы түріңді.

Саған бәрі,

бәрі мынау адамдардың тілекші,

Әкелгендей 18 жас ең бақытты күніңді.

Сен асықтың, білем, ылғи бүгінге,

Жазылып-ақ тұратұғын ішкі алаңың түріңде.

Бүгін сен де 18 - дің құшаққа алдың шат гүлін,

Өмір – өзен,

Сол өмірде ешқашан да сүрінбе!

Аға болып, бір үйде ылғи өтсе-дағы күндерім,

Ағалықты қанша жасай алғанымды білмедім.

Маған жақсы сенің мынау тек көктемнен тұрмайтұғын өмірде

Көз жасынсыз жүргенің.

Туған күнің!

18-ге толыпсың.

Достарың да бүгін сені бұрынғыдан көп ұқсын!

Сенің мынау осы шақтан басталатын албырт, арман жолыңда

Тек жақсылық жолықсын!

Бүгін, міне, 18 деп бақыт таңы атыпты,

Сенен бұрын осы жастың бал дәмін

гүл өмірде талай әпке татыпты.

Сен кішкентай қыз едің,

Тоқтата алмас деген осы уақытты.

Саған бүгін 18 боп келсін барлық шаттығың!

Аға болып тілерім:

Өмірде бол бақытты!

Авторы: Ғабиден Қожахмет

20 жасқа арналған шумақтар

Жиырма жасқа қадамың,

Оңды болсын қарағым.

Жадырай түс, жайнай түс,

Орындалып арманың.

Көңілде мұң болмасын,

Жаңа жасың қуантып.

Жүргін әркез, қашанда,

Жақсылыққа құмартып.

От болатын, шоқ болатын – 25!

Адам өмірінің ең керемет шағы - 25 жасың құтты болсын! Жалындаған жастықтың, албырт сезімнің бойда қайнайтын кезеңі бұл. "Жиырма бесінде лаулап жанбаған адам отызында орданы қалай бұзады, қырықта қалай қамал алмақ!" - дейді халқымыз. Ең әдемі жасың жақсылықтың жаршысы болсын деп тілеймін! Бағындырар белесің көп болсын!

40 жасқа арналған тілек

Қырықтың қырына шығатын қамал алатын жасыңыз құтты болсын! Жігеріңіз жетелеген өмір сүрлеуінде даралығыңызбен сара жолыңызды салып келесіз. Әрбір ісіңіз оңынан болып, ел алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз. Отбасыңыз берекелі, әр атқан таңыңыз мерекелі болсын!

Асқаралы 60 жас

60 жас мерейтойың құтты болсын,

Дос-жаранмен әрқашан орта толсын.

70, 80, 90 мен 100-ге жетіп,

Басыңызға Қызырдың бағы қонсын.

***

Аңқылдап қуана бер, ақтарылып,

Басыңа жарқырасын бақ та күліп.

Әке болдың асқар тау – тұғырыңда,

Ата бол, алпыс жаста атқа мініп.

Немерең топтан озып, бәйге алғанда,

Шөберең аспандағы айды алғанда.

Тағы да дүркіретіп той жасармыз,

Өзіңіз абыз жанға айналғанда.

70 жасқа толған жандарға қандай тілек арнауға болады?

Той бүгін, шалқар шаттық төріндегі,

Күн бүгін, нұрын төккен көгіндегі.

Жан әке, Сіз ғой биік асқарымыз,

Сіз барда шайдай ашық аспанымыз.

***

Жұп жазбай анамызбен ғұмыр бойы

Бақ таймай, ұзақ болғай жастарыңыз.

Жетпіске толған шақта жан әкеміз,

Жан сырды ақтарайық көңілдегі.

***

Өмірде күндер кешіп жарасымды,

Жинадың зерделі ой мен бар асылды.

Әлі де ұзақ жасап ортамызда

Тойлайық бірге өзіңмен бір ғасырды.

80 жасқа толған қарияларды қалай құттықтау керек?

Қиясына өмірдің өрлеп көрді,

Ел-жұрты үшін ерінбей еңбектенді.

Ортамызда ақылшы ата-апамыз,

Сеңгіріне сексеннің сергек келді.

***

Еркелетіп немере, шөбересін,

Кәрілікті ешқашан елемесін.

Ұрпағының алдында аман-есен,

Тіршіліктің қызығын көре берсін.

Туған күн ашықхатына қандай тілектер жазуға болады?

  • Туған күніңіз жаңа жетістіктер мен жеңістерге есік ашсын! Күн сайын тамаша көңіл-күйде жүріңіз! Жақсылық, махаббат және сәттілік тілеймін!
  • Сіздің туған күніңізге әдеттегідей сәттілік, денсаулық, күш-қуат тілеймін! Ең бастысы армандаған дүниенің бәрі орындалса екен деймін.
  • Туған күніңмен құттықтаймын! Отбасында береке, әмиянда ақша, жүректе махаббат болсын! Себебі сен бақытты болуға лайық адамсың!
  • Адам бақытты болса, оған ешқандай кедергі жоқ. Мен сізге тек бақыт тілеймін! Туған күніңізбен!
  • Туған күніңмен, құрбым! Қорғаушы періште әрқашан өзіңмен бірге жүрсін! Өмірде қуанышты сәттерің көп болсын! Ал айналаңда сенімді және адал адамдар болсын деп тілеймін!
  • Осындай тамаша күні сіздің барлық бастамаңызға сәттілік тілеймін! Өмір жолыңыз жарқын болсын! Жаңа жасыңыз жақсылығын ала келсін!
  • Әдемі әйелге менің де әдемі тілегім бар. Жүрегіңнің түкпіріндегі барлық арманың орындалсын! Жаның да, тәнің де сау болсын! Күлімде! Жарқыра! Әрбір күн жағымды эмоция сыйласын! Өмір өзіңдей жанмен тым әдемі! Туған күніңмен!

Әріптестердің туған күніне арнап қандай тілектер айтуға болады?Бүкіл ұжым атынан өте еңбекқор жанды туған күнімен құттықтаймыз. Сіздің бойыңыздағы күш-қуат, оптимизм, терең білім мен іскерлік қабілет кім-кімді де таң қалдырмай қоймайды. Әріптестеріңізге үнемі көмек қолын соза білесіз. Осы болмысыңыз көпке үлгі.

Сізге мықты денсаулық, мақсатқа жету жолында сәттілік тілейміз!Біздің ұйымшыл ұжым сізді туған күніңізбен құттықтайды! Сіздің тәжірибеңізді, қабілетіңізді ерекше бағалаймыз. Бізге бойыңыздағы сенімділікті үйрену керек. Өзіңіздей маманмен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін қуаныштымыз.

Қымбатты, әріптесім! Туған күніңізбен құттықтаймын! Сізге тек жақсылық тілеймін! Мықтылығыңызға тәнтімін! Өміріңізде қуанышты оқиғалар көп болсын!

Туған күнге арналған қандай өлең жолдары бар?

Мұхтар Шахановтың "Тілек" өлеңі

Өмір мынау қатар тосқан

Жеңілі мен ауырын,

Шуағы мен дауылын.

Бүгін мына сенің туған күніңде

Қандай тілек айтсам екен, бауырым?

Саған байлық тілер ем мен,

Бірақ ол бір әңгүдік,

Есігіңнен кіргенімен паң күліп,

Жүргенімен шеру тартып, сән құрып,

Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік.

Бәлкім, ерлік тілер ем мен,

Тамыр алған төсіңнен,

Ерлік сезім бірақ сенің табылады өзіңнен,

Онсыз адам жүре ала ма

Соқпақтар мен жолсыз да,

Ал сұлулық тілер ем,

Сұлусың сен онсыз да.

Қайтсем екен?

Мен одан да барлық адам аңсаған,

Барлық адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,

Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсанған,

Кез келгеннің уысына түспейтін,

Кез келгеннің бақшасында піспейтін,

Зор махаббат тілейінші мен саған.

Туған күнге арнап қандай қысқа хабарламалар жолдауға болады?

  • Жиі күлімдеп жүр! Туған күніңмен!
  • Өмірің шаттыққа толсын! Ұзақ жаса!
  • Жарқын күндерің көп болсын! Бар жақсыға лайықсың!
  • Жыл бойы сәттілік серігің болсын!
  • Бүгін күн неге ерекше нұрын төгіп тұр десем, сенің туған күнің екен ғой!
  • Өміріңдегі ең маңызды күнмен құттықтаймын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1751447-tugan-knge-arnalgan-kttyktau-tilekter/