Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Туған күнге тілектер: жақыныңыздың жекеменшік мейрамына арналған 41 ерекше құттықтау

Опубликовано:

Гүл мен торт
Әдемі гүлдер мен торт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Туған күн адам өміріндегі ең маңызды күн. Кез келген адам жаңа жасынан жақсылық күтеді, кемелдікке ұмтылады. Ал жақын адамыңыздың туған күніне ерекше тілек арнағыңыз келсе, 41 құттықтау түрін ұсынамыз.

Отбасы мүшелерін туған күн мерекесімен қалай құттықтауға болады?

Қымбатты ата! Туған күніңіз құтты болсын! Сіз өте мейірімді жансыз! Сіздегі даналық айналаңыздағы адамдарға әрдайым түзу жолды көрсетіп келеді. Денсаулығыңыз мықты болсын! Балаларыңыз бен немерелеріңіздің ортасында аман-есен ақылшымыз болып жүргейсіз!

Ардақты, ақ жаулықты әжем! Туған күніңіз құтты болсын! Сіз мына әлемдегі ең керемет әжесіз! Немерелеріңіздің маңдайынан құшырлана иіскеп, ақылыңызды айтып, өнегеңізді көрсетіп келесіз. "Айналайын" деген сөзіңіз қандай жағымды еді! Деніңізге саулық, күш-қуат тілеймін! Сізден үйренеріміз өте көп. Ортамызда жарқырап жүре беріңіз!

Аяулы анашым! Сіз әлемдегі ең сұлу, мейірімді, ақылды анасыз! Дәл қазіргі сәттегідей жарқырап жүріңіз! Сіз әлемдегі бар жақсыға лайықсыз! Көңіліңізге ешқашан кірбің түспесін! Балаларыңыз үшін сізден асқан патшайым жоқ! Туған күніңізбен!

Әкешім, асқар тауым! Мен сізге ұқсағым келеді. Себебі сізге арқа сүйей аламыз, қолыңыздан бәрі келеді. Кез келген жағдайдың шешімін оңай табасыз. Қандай істі қолға алсаңыз да, тыңғылықты етіп жасап шығасыз. Адамгершілігіңіз жайлы тоқтамай айтуға болады. Сіз мен үшін үлгі тұтар жансыз! Туған күніңіз құтты болсын! Ғұмырыңыз ұзақ болсын!

Ұлым менің! Сенің өмірге келген кезің сондай ерекше еді! Өйткені сол бір сәт мен үшін бақыт дегеннің не екенін ұқтырды. Бізге ата-ана бақытын сезіндіргенің үшін алғысымыз шексіз! Ғұмырың ұзақ болсын! Өмір жолыңда тек жақсы адамдар жолықсын! Ұсақталуға ешқашан жол берме, ірі бол, тұлға бол! Ізденуден жалықпа! Айналаңа пайдасын тигізетін іспен ғана шұғылдан! Бауырмал бол, халықтың баласы бол, құлыным!

Сүйкімді қызғалдағым! Нәп-нәзік қызым менің! Бүгінгі туған күнің құтты болсын! Әрбір қылығың ерекше әдемі, тым тәтті! Саған мына әлемнің ең керемет тілектерін жаудырғым келеді. Ең бастысы, өмір жасың ұзақ болсын! Бос сөзден аулақ бол, жүзіңнен нұр кетпесін! Әрбір таң бұлбұлдың үнімен атсын! Бақытты бол, еркем!

Ұл мен қыз
Сұйкімді қыз бен ер бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ибалы келінім! Шаңырағымызға келген сәттен бастап өзіңмен бірге берекеңді ала келдің. Әулетіміздің өсіп-өнуіне себепкер болып келесің. Бойыңдағы ізгі қасиеттер ұл-қызыңа дарысын! Ата-енеңе, ағайынға деген құрметің ақ шашты әже болған кезде алдыңнан жақсылық болып оралсын! Туған күнің құтты болсын!

Тәп-тәтті немерем! Бұл дүниенің бар қызығы өзің дер едім. Әрбір қылығың, былдырлап сөйлеген сәттерің сондай тәтті! "Балам - балым, немерем - жаным" деген сөздің қаншалықты маңызды екенін өзің ұқтырдың. Сенің жасың нешеге толса да, мен үшін ерке, кішкентай балапан болып қала бересің. Биікке самға! Қанатың ешқашан талмасын! Жолың ақ болсын! Туған күнің құтты болсын!

Менің ағам! Алдыңда демеу болар ағаңның бары қандай бақыт! Ақылын аямайтын, әркез жаныңнан табылатын өзіңдей ағамның болғанына қуанамын. Жаңа жасыңыз жақсылықтың жаршысы болғай! Бағындырар асуыңыз көп болсын!

Асыл жеңгем! Менің өмірімде жан-сырымды ақтара алатын бір жан болса, ол - сіз! Шаңырақтың шаттығын ойлап ертелі-кеш тынбайтын, бәріміздің қас-қабағымызға қарайтын сіздей жеңгеге алғыс қана айтамын. Жанарыңыздан төгіліп тұратын нұр, құлпырған жүзіңіз, әйел затына тән нәзіктігіңіз айналаңызға шуағын шашып тұрады. Жыл өткен сайын қуанышыңыз еселене түссін! Сізге ұзақ ғұмыр тіледім!

Алтын жездем! Сіздей жанның әпкемнің бағына бұйырғаны қандай бақыт! Бүгінгі күні ақылшы ағамдай боп кеттіңіз. Туған күніңіз құтты болсын! Балдыздарыңызды еркелетіп, қамқор болып жүре бергейсіз! Жүз жасаңыз! Шыңдардың ең биігін бағындырыңыз! Аман болыңыз!

Сыйлық қораптары
Түрлі-түсті сыйлық қораптары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Аурика Луковкинаның "Энциклопедия поздравлений, тостов и анекдотов" кітабында туған күнге арналған ерекше тілектер жазылған.

Жан досым! Туған күніңмен! Жылдар өтсе де, осылай жап-жас болып қалуыңды тілеймін. Біз бала кезімізден ажырамас доспыз, бір-біріміздің жан-дүниемізді жақсы түсінеміз. Достығымыз қартайғанша жалғасып, жүзге толған сәтімізді бірге тойлаймыз деп сенемін.

Құрбым! Өмірде сендей адал досымның бар болғанына қуанамын. "Нағыз дос қиын сәттерде қасыңнан табылады" - деген сөз бар. Сенің ақжүректігің, даладай дархан пейілің соның көрінісі. Бәрімізге демеу болып, қуанышымызда да, мұңлы сәтімізде де жанымызда жүресің. Бүгін біз сенің ең керемет күніңді атап өту үшін жиналдық. Саған мына ғаламның бар асылын тілеймін! Қуанышты күніміз көп болғай!

Сүйіктім! Бүгін - мына әлемдегі ең сымбатты жігіттің туған күні. Өмір жолында сен сияқты азаматтың жолыққанына сансыз алғыс айтамын. Сабырлы болмысыңа тәнтімін! Әрбір қадамыңа сәттілік серік болғай! Сені қатты жақсы көремін! Бақытты күндеріміз көп болсын!

Қымбаттым! Жер шарын шарласам да, өзіңдей сұлуды кезіктірмейтінімді білемін. Бүгін - жер бетіндегі ең сұлу бикештің туған күні. Өміріме сән бергенің үшін, әрбір таңымның күлімдеп атуына себепкер болғаның үшін алғысым шексіз. Сені дәл осындай қалпыңмен жақсы көремін!

Гүл ұстап тұрған бойжеткен
Түймедақ гүлін ұстап тұрған бойжеткен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бойжеткеннің 18 жасына арналған тілек

Қарындасым!

Бүгін, міне, сен үшін

Аспан нұрдан әшекейін тағынды.

Күміс өзен күліп сылқ - сылқ ақты да,

Өзі құяр көк теңізін сағынды.

Бүгін, міне, сен үшін

Дала шат боп жасыл жібек жамылды.

Өйткені сен 18-ге толған күн!!!

Бір сен үшін мынау шәрбат өмірдің

"Он сегіз!" - деп қоңырауы қағылды!

Сені бүгін 18 - ге толды деп,

Ата - анамыз қуанысты, шаттанды.

Саған тілеп бақыт толы ақ таңды.

Мен де ағаң боп - бауырың боп қуандым,

Көргендей боп нұр жүзіңнен

Наурыздағы кіршіксіз бір ақ қарды.

Сенің жаның сол ақ қардай кіршіксізін білемін,

Армандарға толы сенің жүрегің.

Сондықтан да сен шыққанда 18 - дің қырына,

Сол армандар орындалса екен дедім -

Тіледім!

Қарындасым!

Құтты болсын туған күнің бүгінгі!

Достарың да көрер сенің шаттық толы түріңді.

Саған бәрі,

бәрі мынау адамдардың тілекші,

Әкелгендей 18 жас ең бақытты күніңді.

Сен асықтың, білем, ылғи бүгінге,

Жазылып - ақ тұратұғын ішкі алаңың түріңде.

Бүгін сен де 18 - дің құшаққа алдың шат гүлін,

Өмір - өзен,

Сол өмірде ешқашан да сүрінбе!

Аға болып, бір үйде ылғи өтсе - дағы күндерім,

Ағалықты қанша жасай алғанымды білмедім.

Маған жақсы сенің мынау тек көктемнен тұрмайтұғын өмірде

Көз жасынсыз жүргенің.

Туған күнің!

18-ге толыпсың.

Достарың да бүгін сені бұрынғыдан көп ұқсын!

Сенің мынау осы шақтан басталатын албырт, арман жолыңда

Тек жақсылық жолықсын!

Бүгін, міне, 18 деп бақыт таңы атыпты,

Сенен бұрын осы жастың бал дәмін

гүл өмірде талай әпке татыпты.

Сен кішкентай қыз едің,

Тоқтата алмас деген осы уақытты.

Саған бүгін 18 боп келсін барлық шаттығың!

Аға болып тілерім:

Өмірде бол бақытты!

Авторы: Ғабиден Қожахмет

Туған күн дастарқаны
Туған күн кешіне арналған дастарқан. Көрнекі сурет: pixabay.com

20 жасқа арналған шумақтар

Жиырма жасқа қадамың,

Оңды болсын қарағым.

Жадырай түс, жайнай түс,

Орындалып арманың.

Көңілде мұң болмасын,

Жаңа жасың қуантып.

Жүргін әркез, қашанда,

Жақсылыққа құмартып.

От болатын, шоқ болатын – 25!

Адам өмірінің ең керемет шағы - 25 жасың құтты болсын! Жалындаған жастықтың, албырт сезімнің бойда қайнайтын кезеңі бұл. "Жиырма бесінде лаулап жанбаған адам отызында орданы қалай бұзады, қырықта қалай қамал алмақ!" - дейді халқымыз. Ең әдемі жасың жақсылықтың жаршысы болсын деп тілеймін! Бағындырар белесің көп болсын!

30 жасқа арналған тілек

Бар әлемнің бақытын,

Бір өзіңе тілеймін.

Жаратқаным жар болып,

Аман-есен жүр деймін.

Ұзақ болсын ғұмырың,

Әрбір күнің сәтті боп.

Орда бұзар жасыңда,

Өтсін күнің тәтті боп...

40 жасқа арналған тілек

Қырықтың қырына шығатын қамал алатын жасыңыз құтты болсын! Жігеріңіз жетелеген өмір сүрлеуінде даралығыңызбен сара жолыңызды салып келесіз. Әрбір ісіңіз оңынан болып, ел алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз. Отбасыңыз берекелі, әр атқан таңыңыз мерекелі болсын!

Парақтағы жазбалар
Ескі парақтағы жазбалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

bilim-all.kz сайтында жарияланған әр түрлі жасқа арналған құттықтау өлең жолдарын ұсынамыз:

50 жас мерейтойға арналған тілектер

50 деген ердің жасын еңсеріп

Еңбекпенен келесіз сіз тер төгіп,

Армандардың аттанғанда шыңына

Қызыр өзі болсын сізге жолсерік.

Отбасының берекесін қамдаған,

Бар өмірін жақсылыққа арнаған,

Сіздей жанға Алла өзі дем беріп,

Қиын кезде қуат беріп қолдаған.

Құтты болсын қуанышты той күні,

Саған шуақ шашсын Күн мен Ай нұры,

Әрбір күннің мерекеге айналып,

Ұрпақтарың көрмей өссін қайғыны.

Асқаралы 60 жас

60 жас мерейтойың құтты болсын,

Дос-жаранмен әрқашан орта толсын.

70, 80, 90 мен 100-ге жетіп,

Басыңызға Қызырдың бағы қонсын.

***

Аңқылдап қуана бер, ақтарылып,

Басыңа жарқырасын бақ та күліп.

Әке болдың асқар тау – тұғырыңда,

Ата бол, алпыс жаста атқа мініп.

Немерең топтан озып, бәйге алғанда,

Шөберең аспандағы айды алғанда.

Тағы да дүркіретіп той жасармыз,

Өзіңіз абыз жанға айналғанда.

70 жасқа толған жандарға қандай тілек арнауға болады?

Той бүгін, шалқар шаттық төріндегі,

Күн бүгін, нұрын төккен көгіндегі.

Жан әке, Сіз ғой биік асқарымыз,

Сіз барда шайдай ашық аспанымыз.

***

Жұп жазбай анамызбен ғұмыр бойы

Бақ таймай, ұзақ болғай жастарыңыз.

Жетпіске толған шақта жан әкеміз,

Жан сырды ақтарайық көңілдегі.

***

Өмірде күндер кешіп жарасымды,

Жинадың зерделі ой мен бар асылды.

Әлі де ұзақ жасап ортамызда –

Тойлайық бірге өзіңмен бір ғасырды.

80 жасқа толған қарияларды қалай құттықтау керек?

Қиясына өмірдің өрлеп көрді,

Ел-жұрты үшін ерінбей еңбектенді.

Ортамызда ақылшы ата-апамыз,

Сеңгіріне сексеннің сергек келді.

***

Еркелетіп немере, шөбересін,

Кәрілікті ешқашан елемесін.

Ұрпағының алдында аман-есен,

Тіршіліктің қызығын көре берсін.

Туған күн ашықхатына қандай тілектер жазуға болады?

  • Туған күніңіз жаңа жетістіктер мен жеңістерге есік ашсын! Күн сайын тамаша көңіл-күйде жүріңіз! Жақсылық, махаббат және сәттілік тілеймін!
  • Сіздің туған күніңізге әдеттегідей сәттілік, денсаулық, күш-қуат тілеймін! Ең бастысы армандаған дүниенің бәрі орындалса екен деймін.
  • Туған күніңмен құттықтаймын! Отбасында береке, әмиянда ақша, жүректе махаббат болсын! Себебі сен бақытты болуға лайық адамсың!
  • Адам бақытты болса, оған ешқандай кедергі жоқ. Мен сізге тек бақыт тілеймін! Туған күніңізбен!
  • Туған күніңмен, құрбым! Қорғаушы періште әрқашан өзіңмен бірге жүрсін! Өмірде қуанышты сәттерің көп болсын! Ал айналаңда сенімді және адал адамдар болсын деп тілеймін!
  • Осындай тамаша күні сіздің барлық бастамаңызға сәттілік тілеймін! Өмір жолыңыз жарқын болсын! Жаңа жасыңыз жақсылығын ала келсін!
  • Әдемі әйелге менің де әдемі тілегім бар. Жүрегіңнің түкпіріндегі барлық арманың орындалсын! Жаның да, тәнің де сау болсын! Күлімде! Жарқыра! Әрбір күн жағымды эмоция сыйласын! Өмір өзіңдей жанмен тым әдемі! Туған күніңмен!

Әріптестердің туған күніне арнап қандай тілектер айтуға болады?

Бүкіл ұжым атынан өте еңбекқор жанды туған күнімен құттықтаймыз. Сіздің бойыңыздағы күш-қуат, оптимизм, терең білім мен іскерлік қабілет кім-кімді де таң қалдырмай қоймайды. Әріптестеріңізге үнемі көмек қолын соза білесіз. Осы болмысыңыз көпке үлгі. Сізге мықты денсаулық, мақсатқа жету жолында сәттілік тілейміз!

Біздің ұйымшыл ұжым сізді туған күніңізбен құттықтайды! Сіздің тәжірибеңізді, қабілетіңізді ерекше бағалаймыз. Бізге бойыңыздағы сенімділікті үйрену керек. Өзіңіздей маманмен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін қуаныштымыз.

Қымбатты, әріптесім! Туған күніңізбен құттықтаймын! Сізге тек жақсылық тілеймін! Мықтылығыңызға тәнтімін! Өміріңізде қуанышты оқиғалар көп болсын!

Ұжымдағы әріптестер
Әріптестердің емен-жарқын әңгімелесіп тұрған сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Туған күнге арналған қандай өлең жолдары бар?

Мұхтар Шахановтың "Тілек" өлеңі

Өмір мынау қатар тосқан

Жеңілі мен ауырын,

Шуағы мен дауылын.

Бүгін мына сенің туған күніңде

Қандай тілек айтсам екен, бауырым?

Саған байлық тілер ем мен,

Бірақ ол бір әңгүдік,

Есігіңнен кіргенімен паң күліп,

Жүргенімен шеру тартып, сән құрып,

Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік.

Бәлкім, ерлік тілер ем мен,

Тамыр алған төсіңнен,

Ерлік сезім бірақ сенің табылады өзіңнен,

Онсыз адам жүре ала ма

Соқпақтар мен жолсыз да,

Ал сұлулық тілер ем,

Сұлусың сен онсыз да.

Қайтсем екен?

Мен одан да барлық адам аңсаған,

Барлық адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,

Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсанған,

Кез келгеннің уысына түспейтін,

Кез келгеннің бақшасында піспейтін,

Зор махаббат тілейінші мен саған.

Туған күнге арнап қандай қысқа хабарламалар жолдауға болады?

  • Жиі күлімдеп жүр! Туған күніңмен!
  • Өмірің шаттыққа толсын! Ұзақ жаса!
  • Жарқын күндерің көп болсын! Бар жақсыға лайықсың!
  • Жыл бойы сәттілік серігің болсын!
  • Бүгін күн неге ерекше нұрын төгіп тұр десем, сенің туған күнің екен ғой!
  • Өміріңдегі ең маңызды күнмен құттықтаймын!

Өмірде әрбір сәттен ләззат ала білу маңызды. Себебі уақыт кемесі бір мезет болса да аялдамайды. Ал жылына бір рет келетін туған күнде адамдардың бір-біріне жаудыратын жылы лебізі көңіл-күйді көтеріп, ерекше қуат беретіні сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2019184-tugan-kunge-tilekter-adamnyn-zekemensik-mereitoiyna-arnalgan-41-erekse-quttyqtau/

pixel