Екі метрден асады: Әлемдегі ең ұзын бойлы өрт сөндірушіні білесіз бе (фото)
Жарияланған күні:
Әлемдегі ең ұзын бойлы өрт сөндіруші АҚШ елінде тұрады. Ол ерекше ұзын бойының арқасында Гиннестің рекордтар кітабына енген деп жазады guinnessworldrecords.com.
Бойы 211,27 сантиметрге жететін 28 жастағы Брэндон Берридж өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Винчестер (Теннеси, АҚШ) тұрғыны Гиннестің рекордтар кітабында әлемдегі ең биік өрт сөндіруші ретінде ресми тіркелген.
Брэндон қызмет барысында ұзын бойы оған көп жағдайда көмектесетінін алға тартты. Мысалы, түтін дабылын орнату кезінде, өрт шығуын тексеру барысында биік орналасқан заттарды қарау кезінде бойы оған артықшылықтар береді екен.
Алайда ұзын бойдың кемшіліктері де жоқ емес екен. Нақты айтсақ, ол арнайы тапсырыс бойынша киім тіктіруге мәжбүр. Көлікке ыңғайлы жайғасу да оңайға соқпайды екен. Ал аласа үйлерге кіру Брэндон үшін, тіпті ыңғайсыз болып шықты.
2015 жылы өрт сөндіруші туралы ерекше оқиғаны естіген азамат бұл салаға бет бұруды ұйғарады.
Бүгінде ол әріптестерімен бірге өртке оранғандарды құтқару жолында барын салып келеді. Брэндон жан жарын тауып, отбасын құрып үлгерген. Ол өзін бақытты сезінетіндігін айтуда.
Еске салсақ, бұған дейін біз Индонезияда тұратын тайпалардың бірі ерекше әдемі көз жанарына ие болудың арқасында әлем жұртшылығының назарына іліккенін жазған едік.
Одан бөлек, Гвинеяда тұратын "Африкалық Ким Кардашьянмен" көңіл жарастырған ергежейлі музыкант ел президенті атануға өз канидатурасын ұсынбақ екенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1882792-eki-metrden-asady-lemdegi-e-zyn-bojly-rt-sndirusini-bilesiz-be-foto/