RU

Қазақстандықтарды наурыз айында не күтіп тұр: Отандық астролог болжам жасады

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова көктемнің алғашқы айына болжам жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Оның сөзінше, көктемнің алғашқы айының бірінші жартысында саяси белсенділік көше митингтерінен заңсыз жолдарға ауысады. Айдың екі онкүндігі саяси авантюралар мен құпия істердің уақыты, дейді жұлдызнамашы.

Әбдірайымова адамдар бұл аралықта романтикаға ұмтылатынын, махаббат пен түсіністік іздейтінін жеткізді.

Алайда, астролог ішкі сезімге мұқият болуға кеңес берді. Кей кезде адам өзі қалаған образға ғашық болып, алданып қалуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұл кезеңде көбі оңаша қалғысы келеді және игі іс жасауға жаны құмартып тұрады.

20 наурыздан бастап сезім күшейеді. Бұл уақытта романтизм мен сүйікті адамыңның көңілін табу екінші орынға ысырылып, құмарлық пен құштарлық артады.

Әбдірайымованың айтуынша, 1-2 наурыз күндері адамдар жан тыныштығына ұмтылады, жақынымен сырласып, шер тарқатқысы келеді. Ішкі сырын ақтарып, мұңын шағады.

Ал 3-4 наурыз – адамдар әңгімешіл, сөзшең болады. Сонымен қатар, белсенді ақыл-ой жұмысына қолайлы кезең. Әсіресе Егіздер, Таразы, Суқұйғыш, Тоқты, Арыстан, Мергендер үшін. Ал Торпақ, Бикеш, Тауешкі, Шаян, Сарышаян мен Балықтарда күтпеген сезім пайда болуы мүмкін. Жаңа қызықты таныстық, тосын сый немесе табыс күтіп тұр.

5-6 наурыз – оптимизм, адамдар өз күші мен мүмкіндіктерін асыра бағалауға бейім болады. Көңіл-күйі мың құбылады. Бұл уақытта үйге қажетті заттарды, тұрмыстық ұсақ-түйектерді алуға кеңес бермейміз. Бұдан бөлек, дәрі ішкенде абай болу керек, әсіресе 6 наурызда.

8-9 наурыз – эмоционалды байсалдылық, салмақтылық уақыты. Адамдар ұстамды, байыпты бола түседі, өзін-өзі ұстай біледі.

10 мен 15 наурыз аралығында ерекше сезімтал, әсершіл келеді. Бұл уақытта адамдардың жүрегін елжірету, аяушылық сезімін ояту өте оңай. Олар сенгіш, жұмсақ мінезді, көнгіш болады. Алданып қалуы ғажап емес.

Бір жағынан, бұл кезең рухани дамуға, мәдени шаралар мен театрға баруға таптырмайтын уақыт. Оңашаланып, сүйікті іспен айналысқысы келетіндер көбейеді, дейді жұлдызнамашы.

16 наурызда Меркурий Балықтар белгісіне ауысып, айдың соңына дейін тұрақтайды. Бұл, бір жағынан, армандайтын, қиялға ерік беретін кезең. Екінші жағынан, сенімсіздік, алдауға бейім тұру.

Бұдан бөлек, астролог жолда және көлік жүргізгенде сақ болуды ескертті.

Ал 16-17 наурыз күндері адам көп жиналатын жерлерден аулақ жүрген абзал.

Әбдірайымованың айтуынша, бұл кезеңде энергетикалық әлеует артады, оны жасампаздыққа бағыттауға тырысу қажет.

18-19 наурыз – шабыт кезеңі. Ғашық жандар бір-бірін бағалай түседі. Сонымен қатар, осы күндері қаржы мәселесі сәтті шешіледі. Бұл кезеңде адамдармен тіл табысу өте оңай.

20 наурыздан айдың соңына дейін энергетикалық әлеует артады. Адамдар өз-өзін жақсы қырынан танытып, көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге тырысады. Еркіндік, өктемдік оянады. Кейбірінде бұл ашушаңдыққа ұласуы мүмкін.

Қазақстандық астролог бұл кезеңде жаңа іс бастайтындарға өз күшін дұрыс бағыттауға кеңес берді.

"Аз сөйлеуге тырысыңыз. Бос сөзге энергия құртпаңыз, әйтпесе күшіңіз сарқылып, ісіңізді жалғастыра алмай қалуыңыз мүмкін. Сөзден іске көшкен жөн", - деді астролог.

Маман адамдар бір ай бойы энергиясын бос әңгіме мен дау-жанжалға жұмсауы мүмкін екенін болжады.

Айтуынша, бұл уақытта берген уәде орындалмауы мүмкін, адамдар алдап, екіжүзділікке барады, әдеттегіден көп өтірік айтады.

Сонымен қатар, алаңғасарлықтан ұсақ жол-көлік оқиғалары жиілеуі ықтимал, дейді Әбдірайымова.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Көктемде қазақстандықтарды не күтіп тұрғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1901433-qazaqstandyqtardy-nauryz-aiynda-ne-kutip-tur-otandyq-astrolog-bolzam-zasady/