RU

Өзенге құлаған көліктегі адамдарды жабыла құтқарған жұрт көпшілікті тәнті етті

Құтқару сәті
Кадр: People's Daily, China

Қытайда өзенге құлап кеткен көліктің ішіндегі отбасыны жабыла құтқарған ер адамдар көпшіліктің мақтауына ие болды.

Қытайдың Хубэй провинциясында болған оқыс жағдайдың видеосын People's Daily, China YouTube парақшасы жария еткен.

Виеодан ақ түсті көлік өзенге құлап түскенін, артынша ондаған адам аударылған көлік ішіндегілерді шығарып алу үшін барын салып жатқанын байқауға болады.

Көліктегі адамдарға дер кезінде көмек көрсетілмегенде, олардың аман қалуы екіталай еді. Себебі, өзенге құлаған көлік аударылып қалып, одан өздігінен шығау мүлде мүмкін болмаған.

Абырой болғанда, қиындыққа тап болғандарға бей-жай қарамаған оқиға куәгерлері көлікті қозғап, ішіндегі адамдарды біртіндеп қауіпсіз жерге алып шыққан.

Кейін белгілі болғандай, көлік ішінде төрт адамнан құралған отбасы болған. Олар өзін құтқарған көпшілікке алғысын айтуда.

Ал видеоны тамашалаған желі қолданушылары бүтін бір отбасыны құтқарып қалған жандар барлық марапаттарға лайық екенін жарыса жазуда.

"Төрт адамнан құралған отбасыны құтқарып ерледіңдер, жарайсыңдар. Сендер шексіз қошеметке лайықсыңдар", - деп жазған пікір қалдырушылардың бірі.

Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында тәртіп сақшысының 6 жасар қызы қырағылығының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алғаны туралы жазған едік.

Ол жанып жатқан көлікті байқап, дер кезінде ата-анасына айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1910256-ozenge-qulagan-koliktegi-adamdardy-zabyla-qutqargan-zurt-kopsilikti-tanti-etti/