Англияда 70 жыл бойы жүргізуші куәлігінсіз көлік айдап келген қария ұсталды

Опубликовано:

Қарияның көлігі. Фото
Қарияның көлігі. Фото: metro.co.uk

Англияның Ноттингем қаласының полицейлері 70 жыл бойы жүргізуші куәлігінсіз, сақтандыру қағазынсыз жүрген ер адамды ұстады. Бастапқыда полицейлерге аты-жөнін айтудан бас тартқан 80 жастағы жүргізуші 12 жасынан бері көлікті заңсыз тізгіндеп келгені анықталды, деп жазады KAZ.NUR.KZ Metro басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, тәртіп сақшысы Ноттингем қаласындағы Tesco Extra дүкенінің жанынан көлік жүргізушісін тоқтатып, құжаттарын сұраған.

Алайда көк түсті мини-автокөлік жүргізушісінің ешқандай құжаты жоғы анықталған.

Зейнеткердің айтуынша, ол 1938 жылы дүниеге келген. Сондай-ақ, тексеру кезінде қарт кісі көлікті 12 жасынан бастап ешқандай құжатсыз айдап келе жатқанын, бұған дейін оны ешкім тоқтатпағанын мойындаған.

Басылымның дерегінше, мұндай ерекше жаңалықты жергілікті полицейлер Facebook желісінде бөліскен.

"Бұл жайтқа әлі сене алмай тұрмыз. Өйткені 1938 жылы дүниеге келген ер адам жүргізуші куәлігінсіз, сақтандыру қағазынсыз көлік айдап келгенін айтып отыр. Ең алғаш көлік руліне отырғанында небәрі 12 жаста болған екен. Иә, иә, 12 жаста ғана. Содан бері полицейлердің көзіне түспеген. Қуантарлығы, ол ешқашан жол-көлік оқиғасына түспей, ешкімге зиян келтірмеген екен", – делінген жазбада.

Айта кетерлігі, Ұлыбританияда көліктерін сақтандырмаған жүргізушілер саны миллионнан асып жығылады. Әшкере болған бұл жайтқа полиция өкілдері кешірім де сұраған.

Желідегі жазба астындағы пікірлер де әртүрлі. Бірі таңданысын жасыра алмаса, енді бірі тәртіп сақшыларының жұмысын сынға алған. Ноттингемширдің кейбір тұрғындары жүргізушіге 70 жыл бойы алмаған жүргізуші куәлігін сыйлау туралы ұсыныстарын да жеткізген.

Ал тағы бір желі қолданушысы: "Осы жазбаларыңыз арқылы офицерлердің пайдасыз екенін бүкіл әлемге мойындадыңыздар. Сіздерге оны ұстау үшін осыншама уақыт қажет болды. Бәлкім, қатты дайындық қажет болғаны ғой", – деп пікір білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1954462-angliyada-70-zyl-boiy-zurgizusi-kualiginsiz-kolik-aidap-kelgen-qariya-ustaldy/