"Әкесіне тартқан": Бойы екі метрден асатын 17 жастағы қостанайлық ару жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
Қостанай облысы Әулиекөл ауданында тұратын Аружан Ишанбекова - Қазақстандағы ең бойшаң арулардың бірі. 17 жастағы студенттің бойы екі метрден асады. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Аружан анасымен бірге осы ерекшелігі туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Аружан колледжде "Дене шынықтыру" мамандығында 2 курста оқиды. Айтуынша, бойы соңғы рет өлшегенінде 2 м 2 см болған.
Сондай-ақ ол Әулиекөлде волонтерлікпен айналысады. Айтуынша, ерікті ретінде талай іс-шараға қатысқан.
"Біз үйде жеті ағайындымыз, мен - отбасында бесінші баламын. Бойым әкеме тартқан. Ол кісінің бойы - 1 м 95 см. Екі ағам да бойшаң, бірақ олар менен аласа", - дейді Аружан.
Аружанның сөзінше, бойшаңдығы кейде өзіне ыңғайсыздық тудыратын көрінеді.
"Кейде ыңғайсыз жағдайлар болады. Көшеде көрген адамдар маған бірден назар аударады, суретке түсейік деп жиі айтып жатады. Сосын киім жағы өте қиын, тапсырыспен тіктіремін", - дейді ол.
Аружан мектепте оқып жүрген кезінде бокс секциясына барған. Волейбол, шахматты да жақсы ойнайтынын айтады.
Аружан дүниеге келгенде салмағы мен бойы жағынан өз ағалары және әпкесінен асып туған. Бұл туралы Аружанның анасы айтып берді.
"Аружан алдыңғы балаларымнан ерекше болып дүниеге келді. Туған кезде бойы - 54 см, салмағы - 5,8 кг болды. Аружан әкесіне ұқсаған. Әкесі жағынан бойшаң туыстарымыз бар. Біздің әулетте ең бойшаңы - Аружан. Ағаларының бойы оныкіне жетпейді, олардың бойы - 1, 89 - 1,90 м", - дейді Жаңагүл.
Жеті баланы дүниеге әкелген Аружанның анасы қызымен мақтанатынын жеткізді.
"Қызыммен мақтанамын, осындай сұхбат бергенімізге қуаныштымыз. Аружан болашақта модель болғысы келеді. Біз де оның арманы орындалса екен дейміз. Бірақ оны жанында демеп жүретін жағдай жоқ. Мен үйде бала тәрбиесімен айналысамын, ал әкесінің денсаулығы оған мүмкіндік бермейді", - дейді Жаңагүл.
Жаңагүл - күміс алқа иегері. Айта кетейік, былтыр Қостанай облысында болған өрт кезінде Аружанның отбасы да Әулиекөлден басқа қауіпсіз ауылға эвакуацияланыпты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2011926-akesine-tartqan-boiy-eki-metrden-asatyn-17-zastagy-qostanailyq-aru-zaily-ne-bilemiz-foto/