Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкесіне тартқан": Бойы екі метрден асатын 17 жастағы қостанайлық ару жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Аружан Ишанбекова
Аружан Ишанбекова құрбысымен. Фото: Жеке мұрағатынан

Қостанай облысы Әулиекөл ауданында тұратын Аружан Ишанбекова - Қазақстандағы ең бойшаң арулардың бірі. 17 жастағы студенттің бойы екі метрден асады. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Аружан анасымен бірге осы ерекшелігі туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Аружан колледжде "Дене шынықтыру" мамандығында 2 курста оқиды. Айтуынша, бойы соңғы рет өлшегенінде 2 м 2 см болған.

Аружан Ишанбекова
Аружан Ишанбекова. Фото: Жеке мұрағатынан

Сондай-ақ ол Әулиекөлде волонтерлікпен айналысады. Айтуынша, ерікті ретінде талай іс-шараға қатысқан.

Аружан Ишанбекова волонтерлік қозғалыс мүшесімен
Аружан Ишанбекова волонтерлік іс-шара кезінде. Фото: Жеке мұрағатынан

"Біз үйде жеті ағайындымыз, мен - отбасында бесінші баламын. Бойым әкеме тартқан. Ол кісінің бойы - 1 м 95 см. Екі ағам да бойшаң, бірақ олар менен аласа", - дейді Аружан.

Аружан Ишанбекова
Аружан Ишанбекова үлкен ағасымен екі жыл бұрын түскен фото: Отбасының жеке мұрағатынан

Аружанның сөзінше, бойшаңдығы кейде өзіне ыңғайсыздық тудыратын көрінеді.

"Кейде ыңғайсыз жағдайлар болады. Көшеде көрген адамдар маған бірден назар аударады, суретке түсейік деп жиі айтып жатады. Сосын киім жағы өте қиын, тапсырыспен тіктіремін", - дейді ол.

Аружан Ишанбекова
Аружан Ишанбекова сыныптасымен. Фото: Жеке мұрағатынан

Аружан мектепте оқып жүрген кезінде бокс секциясына барған. Волейбол, шахматты да жақсы ойнайтынын айтады.

Аружан дүниеге келгенде салмағы мен бойы жағынан өз ағалары және әпкесінен асып туған. Бұл туралы Аружанның анасы айтып берді.

Аружан Ишанбекова және анасы
Аружан Ишанбекова анасымен. Фото: Отбасының жеке мұрағатынан

"Аружан алдыңғы балаларымнан ерекше болып дүниеге келді. Туған кезде бойы - 54 см, салмағы - 5,8 кг болды. Аружан әкесіне ұқсаған. Әкесі жағынан бойшаң туыстарымыз бар. Біздің әулетте ең бойшаңы - Аружан. Ағаларының бойы оныкіне жетпейді, олардың бойы - 1, 89 - 1,90 м", - дейді Жаңагүл.

Аружан Ишанбекова
Аружан Ишанбекова екі ағасы және әпкесімен. Фото: Отбасының жеке мұрағатынан

Жеті баланы дүниеге әкелген Аружанның анасы қызымен мақтанатынын жеткізді.

"Қызыммен мақтанамын, осындай сұхбат бергенімізге қуаныштымыз. Аружан болашақта модель болғысы келеді. Біз де оның арманы орындалса екен дейміз. Бірақ оны жанында демеп жүретін жағдай жоқ. Мен үйде бала тәрбиесімен айналысамын, ал әкесінің денсаулығы оған мүмкіндік бермейді", - дейді Жаңагүл.

Жаңагүл - күміс алқа иегері. Айта кетейік, былтыр Қостанай облысында болған өрт кезінде Аружанның отбасы да Әулиекөлден басқа қауіпсіз ауылға эвакуацияланыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2011926-akesine-tartqan-boiy-eki-metrden-asatyn-17-zastagy-qostanailyq-aru-zaily-ne-bilemiz-foto/