Әлемдегі ең ұзын сақалдың иесі туралы не білеміз
Жарияланған күні:

Сарван есімді Канада тұрғыны — ерекше ұзын сақалымен рекорд жаңартқан азамат. Әлемдегі ең ұзын сақалдың иесі туралы қызықты ақпаратты KAZ.NUR.KZ guinnessworldrecords.com сайтына сілтеме жасап назарға ұсынады.
Сарван алғашқы рекордын 2008 жылы тіркеген, ол кезде сақалының ұзындығы 2,33 метр болатын. Ал 2010 жылы тағы өлшегенде сақалының ұзындығы 2,495 метрді құрап, екінші рет рекорд жаңартты. Өткен жылдың қазан айында Сарван тағы да Гиннестің рекордтар кітабы өкілдерінің назарына ілігіп, әлемдегі ең ұзын сақалдың иесі атанды. Бүгінде ер адамның сақалының ұзындығы 2,54 метрді құрайды.

Сарван сикхизм ағымын ұстанады екен, сондықтан ол 17 жасынан бері сақалын қырмаған.

Мұндай ұзын сақал күнделікті күтімді қажет ететіні сөзсіз. Сол себепті әдетте Сарван таңертең сақалының әр талы ылғалданғанша сулайды. Сосын ақырындап сусабынмен жуады. Ол сусабынды қолданған кезде сақалын жоғарыдан төменге қарай барынша сабындайды. Кейін сақалын мұқият шайып алған соң үстіне кондиционер, арнайы гель мен майларды жағады.

Біреулер үшін ондай ұзын сақалды жақсы күйде ұстау ауыр жұмыс болып көрінгенмен, рекорд иесі ұзын сақалын ерекше жақсы көреді және оны құдайдың сыйы деп біледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2014320-alemdegi-en-uzyn-saqaldyn-iesi-turaly-ne-bilemiz-foto-video/