Семей тұрғыны ауласында 100 шақты көгершінді қалай асырап отырғанын көрсетті (фото)
Жарияланған күні:
Семейлік Қайрат Шеризатұлы ауласында көгершіннің түр-түрін бағып отыр. Құсшы жігіт бала күнінен көгершін баптаумен айналысады. Екі ұя құсты ерінбей ұстап отырған семейлік KAZ.NUR.KZ тілшісіне Қытай, Түркиядан алдырған кептерін көрсетіп, ерекше ермегі туралы айтып берді.
Семейлік Қайрат Шеризатұлының ауласы толған көгершін. Қала тұрғыны 100-ге тарта құсты екі ұяға бөліп ұстап отыр. Бірі спорттық құстар болса, екінші ұяда сабалақ аяқты кептерлер.
Құсшы оларды Алматы, Тараз, Шудан әкелгенін айтады. Тіпті Түркия, Қытайдан алдыртқан құстары да бар екен.
"Жалпы, өзім 10 жасымнан бастап осы іспен айналыса бастадым. Ол кезде әкемнің інілері құс бақты. Соларға қарап, қызығып, біз де бағып кеттік. Содан бері қол үзгем жоқ. Айына 30-40 мың теңгенің жемі кетеді", - дейді ол.
Құсшының айтуынша, көгершіндерінен әлі көп пайда көре қоймаған, алайда былтыр балапандарын 300 мың теңгеге сатқан.
"Биыл сатқан жоқпын, күн салқын болған соң, балапандар жайырақ шықты. Біраз көбейтіп алайын деп отырмын", - дейді Қайрат Шеризатұлы.
Қайраттың сөзінше, көгершіндерінің ұшқан ең алыс бағыты әзірге Өскемен қаласы (217 км - ред.).
"Спорттық құстар ойын көрсетпейді, олар ұзаққа ұшады. 500-1000 шақырымға жібергенде ұясын тауып келеді. Менікі әзірге Өскеменнен үйді тауып ұшып келді", - дейді ол.
Автор: Елжан Нұрболат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2026146-semei-turgyny-aulasynda-100-saqty-kogersindi-qalai-asyrap-otyrganyn-korsetti-foto/