Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Астана жақтан көмек сұраймыз": Ақтөбе облысындағы ауылда 13 үй құм құрсауында қалды

Опубликовано:

Мәдениет үйі
Жылтыр ауылдық мәдениет үйі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында бір ауылдың екі көшесі көшпелі құм астында қалды, тұрғындар мәдениет үйі мен мектепке кіру үшін құммен сырғанап өтеді. Жергілікті халық пен ауыл әкімі жанайқайын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылының тұрғындары бес жылдан бері үрей үстінде отыр. Көшпелі құм ауылға дейін келген. Отырған үйімізді құм басып қала ма деген қауіппен ауылдан көшіп жатқандар аз емес.

"Қайнар, Ардагер көшелері құм астында тұр. Ауыл шетіндегі мектебіміз бен мәдениет үйінің шеті жартылай құмда қалды. Енді екі-үш жылда көмек болмаса халық бұл жерден көшеді. Сарайдың бәрі құмда тұр. Енді тек үй қалды. Шара қабылдамаса екі жылдың ішінде үйімізді де көмеді", - дейді Жылтыр ауылының тұрғыны Уаис Ахметов.

Жылтыр ауылы
Жылтыр ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауыл тұрғындары көшкен құмды өз күштерімен тоқтата алмай отыр. Еккен ағаштарының дені шықпай қалған. Сусыма шағыл бой берер емес.

Жылтыр ауылы
Жылтыр ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Көшпелі құм қиын боп тұр. Сарай ашылмайды. Жаз үйге отыра алмайсың. Жасап қойған моншамызға бара алмай отырмыз. Ештеңе істей алмайсың. Құрт, ірімшікті далаға жая алмайсың. Сарайда тұра берген соң булығып қалады. Құм күндіз-түні борап тұрады", - дейді ауыл тұрғыны Найман Қиясова.

Жылтыр ауылы
Жылтыр ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жыл он екі ай құммен алысқан жылтырлықтар ауылға мемлекеттік деңгейде көмек көрсетілуін сұрайды.

"Ардагер көшесінде тұрамыз. Құм тереземіздің алдына келді. Монша, қазан-ошақ, сарайымыз құмда қалды. Енді үй кетейін деп тұр. Ауылда газ бар, су бар. Бірақ құм қиын боп кетті. Былтыр су жүргізуге келген адамдарға қойымызды беріп, өзіміз құмды тазарттырып алып едік. Тағы басып тұр. Астана жақтан көмек сұраймыз", - дейді ауыл тұрғыны Лена Бекжан.

Жылтыр ауылы
Жылтыр ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ал ауыл әкімі Жылтырға мәжіліс депутаттарын да ертіп әкеп көрсеткен. Бірақ әзірге көмек қолын созған ешкім жоқ екенін айтады.

"Біз облысқа, республикаға хат жаздық. Ауылдың шығыс жақ бетінде көшпелі құм бар. 13 үй құм астында тұр. Орман шаруашылығы арқылы кезінде ауылдың кіре берісіне талдар егілді. Шығыс жақ бетке де сондай көмек керек. Оған өзіміз еккен тал шықпай жатыр. Ұзындығы 200 шақырым, ені 100 метр жер болатын шағылдан қауіп бар. Мектеп пен мәдениет үйінің қапталдарын құм басты. Көп жылдан келе жатқан мәселе. Қалаға келген мәжіліс депутаттарын осында ертіп әкелдім. Көмек болмай жатыр", - дейді Жылтыр ауылының әкімі Қаржаубай Қалжан.

Ауыл әкімінің айтуынша, жақын маңдағы Жаңақоныс, Сарыбұлақ, Айшуақ аулдарын да құм басқан.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026194-astana-zaqtan-komek-suraimyz-aqtobe-oblysyndagy-auylda-13-ui-qum-qursauynda-qaldy-foto/