Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрбан айт-2023: мұсылмандардың ең маңызды мейрамына қатысты тарихи деректер

Жарияланған күні:

Мешіт суреті
Мешіт алаңы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрбан айт елдің бірлігін арттыратын ұлық мереке. Мұсылман қауымы ғасырлар бойы ерекше атап өтетін бұл мейрамның тарихы тереңде. Мақаламызда қасиетті Құрбан айт мерекесінің тарихына қатысты қызықты мәліметтермен бөлісеміз.

Құрбан айт мерекесінің тарихы қай кезден басталады?

Құрбандық берудің тарихы сонау Адам ата мен Хауа ана кезеңінен басталады деген деректер бар. "Құрбандық пәтуалары" кітабында Абыл мен Қабылдың құрбандығы жайлы мынадай мысал келтірілген:

"Адам ата мен Хауа ананың балалары екі егіз болатын. Екі егіздің біреуі ұл, ал екіншісі қыз болатын. Ұлдар ер жетіп, қыздар бой жеткенде Жаратқан Ие адамзаттың ұрпағын тарату үшін егіздердің сыңарларын бір-біріне қосуды бұйырды. Яғни Абылдың сыңары Қабылмен, Қабылдың сыңары Абылмен тұрмыс құруы керек. Алайда Қабыл өзімен бірге туған егізіне үйленгенді қалайтын. Өйткені ол Абылдың егізіне қарағанда әлдеқайда көрікті, сұлу болатын. Бірақ әкесі Адам өз шешімін өзгертпеді. Қабыл болса інісінің егізіне үйленуден үзілді-кесілді бас тартты. Адам ата бұл мәселенің дұрыс шешімін қалай табуға болатындығы туралы қатты ойланды. Жаратушы Алла Тағаладан тығырықтан шығар жол сұрап жалбарынды. Сонда Алла Тағала екі ұлға құрбандық шалуды бұйырды. Аллаға жақындау мақсатында Қабыл өзі еккен егінінен, ал Абыл өзі бағып жүрген қойынан құрбандық беруі керек. Жаратқан Ие кімнің құрбандығын қабыл алса, соның дегені болмақ. Ағайынды екеу құрбандықтарын бергенде Алла Тағала Абылдың құрбандығын қабыл алып, Қабылдың құрбандығын қабыл алмады. Осылайша дауға нүкте қойылды. Бұл адамзат тарихындағы Алла Тағала үшін берілген құрбандықтың ең әуелгісі болатын".

Ибраһим мен Исмаил пайғамбарлардың қиссасы

Құрбандық шалу дәстүрі – Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) сүннет болып қалған амал. Ислам тарихында Ибраһим және Исмаил пайғамбарлардың оқиғасы туралы қандай деректер бар? Бұл жөнінде "Құрбан шалудың тарихы қандай?" деп аталатын мақалада мынадай мәлімет берілген:

Бір түні Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) түсінде ұлы Исмаилды қолымен бауыздап жатқанын көреді. Ақиқатында Пайғамбардың түсі – Алладан келген аян. Түсінің мәнін түсінбеген Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қатты қобалжиды. Көрген түсі ұйықтаған сайын қайталана берді. Ол үшін өте қиын сынақ болды. Ұлы Исмаилға (оған Алланың сәлемі болсын) бұл туралы айтқанда ол: "Уа, әкетай! Алланың әмірін орындай бер. Менің көзіме қарамауың үшін жүзімді басқа жаққа бұрғайсың. Мен Алланың тағдырына разымын. Оның әмірін екі етпеймін", - деп жұбатты.

Осылайша Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сынақты қабылдап, Мина деп аталатын жерге барады. Ұлы Исмаилды (оған Алланың сәлемі болсын) бір тастың шетіне жантайтып, аяқ-қолын малдың аяғын байлағандай мықтап байлайды. Мұны баласы қиналып, аяқ-қолдары қозғалып кетпесін деп істеген еді.

Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) барлық күш-жігерін жинап, қанша қиын болса да, баласын құрбан етуге бел буады. Өткір пышақты қолына алып, ұлының тамағына тақап, бар күшімен тартып жібереді. Бірақ пышақ өтпейді. Баласының тамағына дәнеңе де болмады.

Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): "Уа, Раббым! Өзің кеше көр! Пендеңе рақымыңды төге көр! Нәпсіме ерік бере көрме! - деп күбірлейді. Пышақтың өтпегені үшін ол өз-өзін жазғырған еді. Жүрегім елжіреп, дұрыс кеспеген болармын деп ойлайды. Содан соң екінші рет тартып көрді. Алайда пышақ тағы да өтпей қалды. Қайырымды әке пышақты қолына алып, үшінші рет тартып көрді. Бірақ еш өзгеріс болмады, пышақ өтпей қалды.

Осы сәтте көктегі мыңдаған періште Алла Тағаладан қарт пайғамбар мен оның ұлына рақым етуін тілеп, жалбарынып жатыр еді. Алла Тағала шексіз мейірім-шапағатымен олардың тілектерін қабыл алып, Ибраһим мен Исмаилға (оларға Алланың сәлемі болсын) Жәбірейіл періштені жәннаттың бір көк қошқарымен бірге түсірді.

Қой малы
Төрт түліктің бірі - қой. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жәбірейіл олардың жанына келіп: "Уа, Ибраһим! Раббың саған: "Уа, Ибраһим! Сен түсіңді дұрыс жорыдың. Ізгі жандарға осылай сый жасаймыз. Бұл өте қиын сынақ. Біз саған ұлы бір құрбандық түсірдік", - деп сәлем жолдады. Ұлың екеуіңе рақым етіп, құрбандыққа шалуларың үшін мына жәннаттың қошқарын түсірді", - деді.

Жәбірейіл періштенің сүйінші хабарын естіген әке мен бала қатты қуанды. Аллаға мадақ айтып, шүкірлік етті. Сол кезден бастап Құрбан айт мұсылмандардың ұлық мерекесіне айналды. Бұл оқиға жайлы Құран Кәрімнің "Саффат" сүресінің 100-109 аяттарында былай делінген:

"Сонда (Ибраһим) "Уа, Раббым! Маған салихалылардан болатын (ұл) бер!" - (деді). Біз оны қайырымды ұлмен қуанттық. Ұлы (Исмаил) өзімен бірге жүретін жасқа жеткенде: "Балақайым! Сені түсімде бауыздап жатқанымды көремін. Қара! Сен не дейсің?" - деді. Ол: "Уа, әкетайым! Өзіңе әмір етілгенді орында. Алла қаласа, мені сабырлы деп табарсың", - деді. Олар екеуі мойынсұнғанда, ол оны маңдайымен жатқызды. Біз оны: "Уа, Ибраһим!" - деп шақырдық. "Сен түсіңді шындыққа шығардың. Біз ізгі іс істеушілерді осылай сынаймыз". Шынында бұл ашық сынақ еді. Біз оны (Исмаилды) ұлы құрбандықпен ауыстырдық. Кейінгілерге ол (Ибраһим) үшін жақсы ат қалдырдық. Ибраһимге сәлем! Шынында ізгі іс істеушілерді осылай сыйлаймыз".

Қазақ даласында Құрбан айт мерекесі қай кезден бастап тойланады?

islam.kz сайтында жарияланған "Құрбан айт туралы 10 қызықты дерек" атты мақалада қазақ даласында Құрбан айтты тойлау дәстүрі туралы ХІХ ғасырдағы орыс ғалымдарының жазбаларында жазылғандығы айтылады. Тарихи құжаттарда 1926 жылға дейін Ораза айт және Құрбан айт мерекелерінің үш күн тойланғаны туралы деректер бар. Бұған дәлел ретінде 1921 жылдың 5 наурызында Орынбор қаласында өткен Қазақстан автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының "Мұсылмандар мерекесі" туралы қабылдаған шешімін негіз етуге болады. Оған С.Меңдешев төрағалық жасап, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлихан Бөкейхан Төралқа мәжілісіне қатысқан.

2005 жылы 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы Заңына толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдап, Құрбан айт мерекесінің бірінші күні демалыс болып бекітілді.

Құрбан айт мерекесі
Құрбан айт мерекесіндегі қайырымдылық шарасы. Көрнекі сурет: muftyat.kz

Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болған құрбан шалу дəстүрі кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды. Құрбан айт мол сауапқа кенелтетін, ағайынның арасын жақындастыратын, жағдайы төмен отбасыларды қуантатын ерекше мейрам.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2026566-qurban-ait-2023-musylmandardyn-en-manyzdy-meiramyna-qatysty-tarixi-derekter/