Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жер сілкінісі туралы ақпарат беретін мобильді қосымшалар қандай

Опубликовано:

Ұялы телефон ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет
Ұялы телефон ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Апат айтып келмейді. Әсіресе табиғи апаттарды болжауда кейде сейсмологтар да қауқарсыз. Десе де халықты сәл де болса құлақтандыру үшін бүгінде жер сілкінісі сынды зілзалаларды болжауға арналған түрлі мобильді қосымша да жоқ емес. Бұл ретте жер сілкінісі жайлы ақпарат беретін ең танымал мобильді қосымшаларды назарға ұсынамыз.

Ақпараттық технологиялар жайлы ауқымды зерттеулер ұсынатын Bluescreen.kz сайты әлем бойынша сенімді әрі нақты ақпарат тарататын мобильді қосымшалардың тізімін ұсынады. Басылымның пікірінше, аталған қосымшаларды ұялы телефонға жүктеу әрі баптау оңай және тез. Ендеше төмендегі тізіммен таныс болыңыздар:

Earthquake – мобильді қосымша бүкіл әлем бойынша жер сілкіністерін бақылай алады және оларды картада тізім мен белгілер түрінде көрсетеді.

LastQuake – әлемде сол сәтте болып жатқан жер сілкіністері туралы ақпаратты жинақтайды. Қосымшада арнайы карта болады. Сол карта арқылы жерасты дүмпулері мен олардың толқыны болатын жерлерді көрсете алады. Қосымша арқылы, тіпті жер сілкінісінің ошағында қалған пайдаланушылар деректерді толтырып, оны басқа адамдармен бөлісе алады.

My EarthQuake Alerts – бұл қосымша бүкіл әлемде болып жатқан жер сілкіністерінің картасын ұсынады. Онда АҚШ пен Еуропаның геологиялық қызметтерінің EMSC деректері қолданылады. Сондай-ақ қосымшада Рихтер шкаласы бойынша жерасты дүмпулерінің күшін, оқиға уақытын, жер сілкінісі ошағынан сіз тұрған жерге дейінгі қашықтықты, GPS координаттары мен тереңдікті көруге болады.

EarthQuake Alert қосымшасы да әлемде болып жатқан жер сілкіністері туралы негізгі ақпаратты ұсынады. Аталған қосымшада да жерасты дүмпулері картасымен толықтай таныса аласыз. Онда ресми деректердің барлығын USPS, EMS және GeoNet қызметтерінен алынады.

Myshake. Канададағы Беркли университеті дайындаған жер сілкінісін анықтауға арналған қосымша. Оның негізі ретінде АҚШ Геологиялық қызметі құрған ShakeAlert жүйесі қолданылады.

Ұялы телефон ұстап тұрған бойжеткен. Көрнекі сурет
Ұялы телефон ұстап тұрған бойжеткен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Одан бөлек er10.kz басылымы да жер сілкінісі туралы ақпаратты ұсынатын танымал қосымшалардың тізімін ұсынады. Бұл ретте басылым IOS және Google Play қолданушылары арасында ең танымал қосымшаларды назарға ұсынған.

Жоғарыда атап өткен Earthquake - iOS қолданушылары арасында жер сілкінісі туралы ақпарат ұсынатын ең танымал қосымша ретінде танылған. Осыған байланысты қосымшаның қалай жұмыс істейтіні жайлы толығырақ ақпаратпен бөліссек:

Қосымшаны қалай пайдалануға болады?

  • Жер сілкінісі орын алған сәттен кейін, телефоныңызға жер сілкінісі туралы push-хабарламасы келеді. Ескерту хабарламаларын орналасқан жеріңізге немесе белгілі бір магнитудаға байланысты алуға болады;
  • Картада жер сілкінісінің маңында болған негізгі ақпаратты алуға болады;
  • Деректерді аймақ немесе магнитуда бойынша саралауға болады;
  • Осы қосымша арқылы адамдар көптеген дәлелденген ақпарат көздеріне қол жеткізе алады;
  • Сондай-ақ, 2013 жылдан бастап барлық жер сілкіністері туралы ақпарат, олардың тарихы жайлы мәліметтер де қолжетімді болады;
  • Картамен жақын адамдарыңызбен әлеуметтік медиа немесе Email арқылы бөлісуге болады;

Сол сияқты IOS-та жер сілкінісі туралы "Сәлем Siri! Қазақстандағы соңғы жер сілкіністері туралы айтып беріңіз" деген команда арқылы тез мәлімет алуға мүмкіндік бар. Аталған мобильді қосымша демалысқа шыққан уақытта да белсенді түрде жұмыс істеп тұрады: сіз жанартаулардың белсенділігін, цунами және басқа сейсмикалық әрекеттерді бақылай аласыз. Одан бөлек мобильді қосымшаны Apple Watch-та пайдалана аласыз.

Көлік ішіндегі ұялы телефон. Көрнекі сурет
Көлік ішіндегі ұялы телефон. Көрнекі сурет: pixabay.com

Көпшілік арасында кеңінен танымал тағы бір ұялы қосымша - My Earthquake Alerts қосымшасы. Мамандар оны құрылымы жағынан берік әрі қолданылуы тұрғысынан жеңіл екенін айтады. Қосымшаны Android арқылы жүктеуге болады.

Мобильді қосымша қалай жұмыс істейді?

  • Сіз жер сілкінісі туралы push хабарландырулары арқылы аласыз және оларды өзіңіз қалағандай баптай аласыз;
  • Жер сілкінісі картасы сол уақытта болып жатқан, бүкіл әлем бойынша жер сілкіністерінің ошақтарын көрсетеді;
  • Жер сілкінісі ошақтарын сіз карта, болып жатқан жер сілкіністерінің тізімі арқылы да көре аласыз;
  • Көптеген дәлелді дереккөз;
  • 1970 жылдан бастап барлық жер сілкіністерінің тарихы қолжетімді;
  • Жер сілкінісінің орналасқан жерін, тереңдігін, сондай-ақ оның сізден қаншалықты алыс екенін нақты көрсетіп бере алады.

Одан бөлек, Android пайдаланушылары үшін тағы бір қосымша мүмкіндік қарастырылған – ол жер сілкінісі туралы қосымша ескерту. Десе де, хабарламалардың екі түрі де магнитудасы 4,5 баллдан басталатын жер сілкінісі кезінде жолданады.

Қосымшаны қалай баптауға болады?

  1. Баптаулар бөліміне кіріңіз;
  2. "Қауіпсіздік және төтенше жағдайлар" түймесін басыңыз;
  3. Онда "Төтенше жағдай туралы ескерту" батырмасын табыңыз;
  4. "Жер сілкінісі туралы ескертулер" батырмасын қосыңыз.

Хабарламаларды уақытылы алу үшін Wi-Fi немесе мобильді деректер қосулы екеніне көз жеткізіңіз. Өйтпеген жағдайда, сізге хабарламалар келмейтін болады.

Картаны ашып отырған бойжеткен. Көрнекі сурет
Картаны ашып отырған бойжеткен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жер сілкінісі туралы ақпарат ұсынатын ұялы қосымшалар қатарында отандық "Darmen" қосымшасы да бар.

Мобильді қосымша қалай жұмыс істейді?

Мобильді қосымша ҚР ТЖМ мен "Сейсмикалық станциялар желісінен" ең өзекті және жаңа хабарламаларды ел тұрғындарына уақтылы жолдауды көздейді . Десе де қосымша арқылы картадағы жер сілкінісі туралы ақпаратты көру мүмкін емес. Қосымшаның басты ерекшелігі - жер сілкінісі, боран немесе көктайғақ және т.б. ауа райына байланысты расталған ақпаратты бірінші болып жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, мобильді қосымшадан төмендегі деректерді білуге болады:

  • Оқу орындарында сабақтың болмауы туралы өзекті ақпарат;
  • Сізге қажет рейстер мен пойыздардың мәртебесін қарау;
  • Салықтар бойынша берешегіңіз туралы өзекті ақпарат;
  • Салық комитеті жүйелерінің жұмыс кестесі;
  • Сізге қай аймақтан қандай хабарлама қажет болса және не туралы білгіңіз келсе, сол хабарламаны таңдай аласыз;

Сонымен қатар қосымша кәсіпкерлерге өз бизнестерін тіркеуге, оны ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда жер сілкінісі туралы ақпаратты алдын ала алу жүйесі де ілгері дамитыны сөзсіз. Сол себепті ғалымдар алдағы уақытта апатты дәл болжап қана қоймай, оны алдын ала ескертетін түрлі жаңа технологияларды қолданысқа енгізеді деген сенімдеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060205-zer-silkinisi-turaly-aqparat-beretin-mobildi-qosymsalar-qandai/

pixel