Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көктем келді, алақай!": көктем туралы өлеңдер мен балаларға арналған тақпақтар топтамасы

Опубликовано:

Бақытты бүлдіршіндер. Көрнекі сурет
Бақытты бүлдіршіндер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жер-аяғы кеңіп, көктем шығысымен балаларға арналған білім мекемелерінде түрлі ертеңгіліктер ұйымдастырыла бастайды. Жердің бусанып, тіршілік атаулының тіріле бастайтын жыл мезгіліне арналған тақпақтар топтамасын білесіз бе? Бүгінгі материалда көктем туралы балаларға арналған тақпақтар топтамасы ұсынатын боламыз.

Жылдың ең әсем мезгіліне арналған өлеңдер жетерлік. Солардың арасында алдымен белгілі қазақ ақындарының көктем жайлы өлеңдерін таныстыруды жөн көрдік.

***

Сезілгенмен ақпанның салқыны әлі,

Нұрлы шуақ,

Көктем боп бар құмары,

Қар астынан қылтиған

Жауқазын гүл,

Күн нұрына сәбидей талпынады.

Өжет те қайсар гүлім!

"Көктем келе жатыр" деп

Жар сал бүгін!

Ақ қар еріп барады жылап ағып,

Ағаштар да көзіне тамшы алды кіл...

Дауыстарды не түрлі толтыруда,

Туған жердің тау-тасын, жал құмын да...

Көктем аунап келеді,

Көктем аунап,

Бұлақтардың сыңғырлы толқынында.

Нәзік сәуле дірілдеп кірпігінде,

Жанарына үйірді күлкі Күн де.

Көктем бүрлеп келеді,

Көктем бүрлеп,

Жарып шыққан қайыңның бүртігінде.

Қараңызшы!

Тұп-тұнық таң атуда,

Кең далама

Шұғыласын таратуда.

Көктем көшіп келеді

Көктем көшіп,

Қайта оралған құстардың қанатында.

Сырбай Мәуленов

***

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу, Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду. Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.

Абай Құнанбаев

***

Далада серуендеп жүрген бүлдіршіндер. Көрнекі сурет
Далада серуендеп жүрген бүлдіршіндер. Көрнекі сурет: pixabay.com

***

Күн жылына бастады, көктем келді, Ұнатамын бетімен өпкен желді. Шартылдайды найзағай көк аспанда, Салып жатыр қып – қызыл отпен белгі.

Күн жылына бастады жаңбыр жауды, Бұлттар баса бастады Алатауды, Күн ашылса әжемнің ақ бұзауды, Қырға апарып бағуға көңілі ауды.

Күн жылына бастады дала гүлдеп, Ақыл айтты "Қозыңды баға біл" - деп. Қуанады Қожан да: "Атаға еріп Қой айдасып келуге жарадым" - деп.

Күн жылына бастады құстың бәрі, Ұшып келді "кетті деп қыстың қары". Жауып өткен жаңбырдан шығар бәлкім Бақтың іші түн бойы тырсылдады.

Тұманбай Молдағалиев

***

Көктем - ол қуаныштың ізгі лебі, Қызғалдақ қыздарға арнап үзіледі. Аспанда жақсылықтың атын жазып, Тырналар қатар-қатар тізіледі.

Төлеген Айбергенов

***

Көктемде бүр жарып келе жатқан ағаш пен оның бұтасындағы құс. Көрнекі сурет
Көктемде бүр жарып келе жатқан ағаш пен оның бұтасындағы құс. Көрнекі сурет: pixabay.com

Одан бөлек, мектептер мен балабақша жасындағы балаларға арналған көктем жайлы тақпақтар топтамасымен таныс болыңыздар. Айта кетерлігі, аталған тақпақтардың барлығы балаларға жаттауға оңай әрі жеңіл тілде жазылған:

***

Көктем келді құлпырып, Арықтардан су ақты. Мал төлдеді мыңғырып, Бәйшешектер гүл ашты.

Жан – жануар оянып, Бақта бұлбұл сайрайды. Жасылға талдар боянып, Егінші кетпен сайлады.

***

Бүршік жарып ағаштар Құстар ұя салады. Сылдыраған бұлақтар Ағып бара жатады.

***

Балауса көкпеңбек,

Көктем бұл шырайлы.

Күн шуақ көктен кеп,

Төккені ұнайды.

***

Көлде аққу, көкте қаз, 

Орманда бұлбұл сайраған.

Көптен күткен көктем кеп,

Құлпырып дала жайнаған.

***

Бақшаларға гүл егіп, Жемістерді тереміз. Дала жасыл түске еніп, Көктем мезгілі келіпті.

***

Кун шуағын шашады, Жауын да жауып алады. Көктем келіп жеткенде, Ағаштар бүршік жарады.

***

Далада ойнап жүрген бүлдіршіндер. Көрнекі сурет
Далада ойнап жүрген бүлдіршіндер. Көрнекі сурет: pixabay.com

***

Көктем болды алақай, Қуанар барлық балақай. Көктемде жаңбыр болады, Бақшаға гүлдер толады.

***

Жасыл көктем келеді Самал беттен өбеді. Көкте бұлттар көбейсе Мөлдір тамшы төгеді.

***

Сол сияқты қазақ поэзиясының кейінгі өкілдері де аталған тақырыпта жиі қалам тербейді. Назарларыңызға осындай жыр топтамасын ұсынуды жөн көрдік.

***

Әз көктем, аяулымсың армандаған,

Мен сені іздеп жүрдім бар ғаламнан.

Жабықсам сенсің мені құтқаратын,

Көк жүзін көлеңке бұлт торлағаннан.

Қырмызы қызғылт бақты нұр басқанда,

Тыраулап алыс жаққа тырна ұшқанда.

Гүл алып сені тостым келер ме деп,

Бақтарда қыз бен жігіт сырласқанда.

Көкем-ау, көрінбедің көптен бері,

Ақ жаңбыр қайтып келсе көктен кері.

Сұрадым мекеніңді айтпай қойды,

Желбіреп Сарыарқаның жеткен желі.

Сен қайда жүрдің, көктем, біле алмадым,

Екеуміз толқыны едік бір арнаның.

Желбіреп желмен бірге жетер ме деп,

Жабықтым жүрегімнен жыр арнадым.

Шәмшия Жұбатова

***

Алматының көктемі жылда ерек бір,

Жастық шағы оралып гүл, терек тұр.

Гүл, терекке құмартқан құрбы жанмен,

Менің іңкәр жүрегім бірге өрекпір.

Қиял қуып келгенім кеше еді,

Мұңға тұнық батырды неше мені.

Көңілімнің архивін көтереді,

Кезбе күннің куәсі көшелері.

Іңкәрліктің қызғалдақ гүлін ұстап,

Бейім жүрдім пейілге ұғыныспақ.

Жиі ұмтылдым от көрсем көбелектей,

Тіршіліктің отқа ұқсас ғұмыры ұқсас.

Көз жетпейтін белесті — киген сағым,

Мәңгі өшпейді ес-түссіз сүйген шағым.

Оралмайды ол кезең, қанша жерден,

Отқа оранған көбелек күймен сағын.

Алматының көктемі жылда өстер,

Ойы сөйлер көбейер үндеместер.

Үндеместі жетелеп тың белеске,

Кейін қалған естелік күнде елестер.

Сәндібек Жұбаниязов

Қазақ әдебиетінде жыл мезгілдеріне арналған өлең-тақпақтардың орны қашан да бөлек. Мұндай тақпақтар балаларға тез жатталып қана қоймай, жыл мезгілі туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ендеше, балаңызға көктем жайлы тақпақ жаттатуды ұйғарсаңыз, жоғарыдағы өлең шумақтарына зер салуды ұмытпаңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2062428-koktem-keldi-alaqai-koktem-turaly-olender-men-balalarga-arnalgan-taqpaqtar-toptamasy/

pixel